Заңнамалық ұсыныстар әзірленді.
Денсаулық сақтау министрлігі балаларға арналған фастфуд жарнамасын шектеу бойынша нормалар ұсынды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Министрлік балаларға арналған фастфуд, тәтті сусындар және құрамында қант, тұз бен қаныққан майлар мөлшері жоғары басқа да өнімдердің жарнамасын шектеу бойынша заңнамалық ұсыныстар әзірледі.
Бұған дейін Мемлекет басшысы Үкіметке фастфудтың агрессивті жарнамасы мәселесін қарастыруды тапсырған болатын. Президент мұндай жарнаманың зиянды әдеттердің қалыптасуына ықпал ететінін, денсаулық сақтау жүйесіне түсетін жүктемені арттыратынын және елдің еңбек әлеуетіне кері әсер ететінін атап өтті.
Заңнамалық бастамалардың негізгі мақсаты – балалардың тағамдық талғамына маркетингтік ықпалды азайту және ерте шақтан бастап дұрыс тамақтану әдеттерін қалыптастыруға ықпал ету. Азық-түлік өнімдерінің жарнамасы балалар мен жасөспірімдерге айтарлықтай әсер етеді. Олар жарқын қаптамаға, әлеуметтік желілер, блогерлер арқылы жарнамалауға және басқа да маркетингтік құралдарға көбірек бейім келеді.
«Министрлік құрамында тұз, қант, қаныққан және трансмайлар мөлшері жоғары тамақ өнімдерінің жарнамасын теле- және радиоарналарда, әлеуметтік желілерде, сыртқы жарнама құралдарында шектеу бойынша заңнамаға өзгерістер енгізу жөнінде ұсыныстар әзірледі. Аталған ұсыныстарды іске асыру мақсатында осы шектеулердің реттеушілік әсерін талдауды әзірлеу жұмыстары басталды», – деді ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің директоры Гүлнар Сәрсембаева.
Зерттеу деректеріне сәйкес 6-9 жас аралығындағы балалардың 23%-ында артық дене салмағы бар, ал 6%-ы семіздікке шалдыққан. Сонымен қатар жасөспірімдердің 17,5%-ы энергетикалық сусындарды апта сайын тұтынады.
Қазақстанда 21 жасқа толмаған адамдарға энергетикалық сусындарды сатуға тыйым салынған. 2025 жылғы қыркүйектен бастап білім беру ұйымдарында жаңа тамақтану стандарты қолданысқа енгізілді. Ол рациондағы қант пен тұз мөлшерін азайтуды, сондай-ақ көкөністер, жемістер және сүт өнімдерінің үлесін арттыруды көздейді.
Дереккөз: inbusiness.kz