Ср. Май 8th, 2024

Жыл сайын жұмыс орнында екі жүзден астам қазақстандық қаза табады. Олигархтар қолында болған зауыт-кәсіпорындардың, тұтас салалардың негізгі құралдарының әбден тозуы жұмыскерлерге қатер төндіріп отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі. 

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бір шындықты ашып салды. Өндірістік кәсіпорындардағы және қоғам арасындағы әлеуметтік шиеленістің ірі себептерінің бірі – еңбек жағдайларының жұмыскерлердің өмірі мен денсаулығы үшін қауіпті болып кеткені.

Ғылыми зерттеулер көрсеткендей, республикада зиянды және қауіпті өндірістерде жұмысшылар арасындағы кәсіптік аурулар 10 жылға жасарып шыға келген. Мысалы, еліміз егемендік алған 90-шы жылдары жұмысшылар кәсіптік ауруға тек 20 жыл жұмыс істеген соң ғана шалдықса, жаңа Қазақстанда жұмысшылардың кәсіби аурулардан қаусап қалуына небары 10 жыл жетеді екен.

Салдарынан жап-жас жігіттер өкпе ауруына, мезотелиомаға, пневмокониозға, силикозға және басқа ауруларға душар болып, өкпелері қарайып, демігіп өлетін көрінеді.

Қазақстанда еңбекті қорғау, қауіпсіздік техникасы сақталмайды, жаппай бұзылады. Себебі Үкімет еңбек инспекциясының құзырын қатты шектеп тастады.  

Қолданыстағы заң бойынша еңбек инспекторлары шағым бойынша тексеріс жүргізгісі келсе, компанияға алдын ала хабарлама жіберуге, яғни тексеріс болатынын ескертуге міндетті. Инспекторлардың айтуынша, іс жүзінде жұмыс берушілер қолданыстағы осы тәртіпті теріс пайдаланады: хабарламаны алғаннан кейін жұмыс беруші көзбояушылық жасап, проблемаларды үстірт «жояды». Жұмысшыларына жаңа арнайы киім беріп, тексеріс аяқталған соң жинап алып жатады. Арызданғандарды, тәуелсіз кәсіподақ басшысын тексеріс күні басқа қалаға тапсырмамен іссапарға жібереді, тіпті шағымданушыны жұмысшылар тұратын контейнерге қамап тастау оқиғасы да тіркелген.

Еңбекминінің бағалауынша, жұмыс берушілер тарапынан мұндай көзбояу тірліктер жылдар бойы қордаланған жүйелі проблемаларды шешпейді, өндірістегі жазатайым оқиғалар саны артады, кәсіптік аурулар сияқты аса күрделі проблемалар ушыға береді.

Оның бәрі мүгедектікке және азаматтардың қаза табуына соқтырады. Үкіметтік емес ұйымдардың мәліметінше, 20 миллионға да жетпейтін тұрғыны бар Қазақстанда мүгедектік ала алмай жүргендерді қоса алғанда, кемтар жандардың саны миллионнан асып кетті.

Халықаралық еңбек ұйымының (ХЕҰ) дерегінше, жұмыс орнындағы жарақат деңгейі рейтингіне сәйкес Қазақстан «антилидерлердің» үштігіне кіреді. Мұны Қазақстанның өз статистикасы да растайды.

2020–2022 жылдар аралығында 49 ірі қала құраушы кәсіпорынға жүргізілген тексерулер қорытындысы көрсеткендей, олигархтар, шетелдік инвесторлар және билікке жақын тұлғалар иелігіндегі кәсіпорындардың бәрі бірдей қызметкерлеріне зиянды еңбек жағдайлары үшін өтемақы төлей бермейді, қорғау құралдарымен және арнайы тамақпен қамтамасыз етпейді.

Жұмыс берушілер жұмыскерлерді оқыту, міндетті нұсқау-инструктаж беру, сақтандыру және медициналық тексеру шараларын қабылдамайтыны әшкереленді.

Сорақысы сол, алпауыт кәсіпорындар 100% тозған 1 мыңнан астам технологиялық жабдықты ары қарай пайдаланып жатқаны анықталған. Тағы 1,5 мың жабдығы мен қондырғысы қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмейді. Салдарынан, кем дегенде 2,5 мыңнан астам жұмысшыға мертігу, не өлу қаупі төніп тұрған көрінеді.

Бірақ алпауыттар айылын жиятын, жөнсіздігін тыятын емес. 2022 жылы еңбек инспекторлары жалпы саны 5 391 тексеру өткізді. Нәтижесінде, 8 841 бұзушылық анықталды. Оның ішінде еңбек қатынастары мәселелері бойынша – 5 893, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері – 2 771, жұмыспен қамту бойынша – 176.

Еңбек заңнамасының сақталуын мемлекеттік бақылау қорытындылары бойынша 319 қылмыстық іс қозғалды. Алайда олардың көбі сотқа жетпейді.

Салдарынан жыл сайын жүздеген соқталдай азамат жұмыс орнында опат болады. Бұл қаралы көрсеткіш төмендейтін емес, 2018 жылы 220 адам қаза тапса, 2022 жылы 203 адам көз жұмды. 2018 жылы өндірісте 1 568, 2022 жылы – 2 449 қызметкер зардап шекті.

Бұрынғы билік индустриялдық, инновациялық дамудың екі бесжылдығын жүзеге асырды. Бесжылдық деп атамағанымен индустрияландыру саясатын жаңа Қазақстан да ілгерілетуге тырысуда. Демек, елде инновациялар жаппай енгізіліп, еңбек орындары цифрландырылып, автоматтандырылып, Қазақстанда зиянды жұмыс орындарының саны кеміген болар? Жоқ, керісінше, ол артып барады.

«2020 жылмен салыстырғанда, бүгінде зиянды және қауіпті еңбек жағдайларындағы жұмысшылардың саны 5%-ға артып, 386,3 мыңнан асты. Зиянды, қауіпті еңбек жағдайларында жұмыс істейтін жұмыскерлердің ең көп саны өңдеу өнеркәсібінде – 26,9%, тау-кен өндіру өнеркәсібінде – 24,5%, көлік және қоймалау салаларында – 14,1%. Өңірлік бөліністе қарасақ, зиянды әрі қауіпті еңбек жағдайларында жұмыс істеп жатқан жұмыскерлердің жоғары үлесіне Қарағанды (15,4%), Павлодар (10,5%) және Маңғыстау облыстары (10%) ие», – деп хабарлады Еңбек министрлігі.

Ведомство Қазақстандағы еңбеккерлердің ауыр өмірінен көрініс беретін тағы бір үлейлі көрсеткіштер келтірді. Негізі, бүкіл әлемде өндірістік жарақаттану көрсеткіштері – қауіпсіз еңбектің негізгі индикаторы саналады. Ол жұмыс орнындағы кәсіптік тәуекел деңгейін паш етеді және кәсіпорындардағы еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғаудың нақты жай-күйін көрсетеді.

Бұл тұрғыдан алғанда, ресми статистика бойынша 2022 жыл қорытындысында, өліммен аяқталғандарын қоса алғанда, еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғалар кезінде зардап шеккендердің саны 2020 жылмен салыстырғанда бірден 20%-ға артты. Сөйтіп, бір ғана жылда 2 449 адам зардап шекті.

«Жазатайым оқиғалардан зардап шеккендердің жиілік коэффициенті» де ахуалдың тым ушыққанынан хабар береді: республикада әрбір 1000 жұмыскерге шаққанда 0,44 зардап шегушіден келеді, 2020 жылғы ұқсас көрсеткіш – 0,39 зардап шегушіні құраған еді.

Мұның бәрі – орташа көрсеткіш. Біраз кәсіпорында ол бірнеше есеге көп. Салалар бөлінісінде өндірістік жарақаттанудың неғұрлым жоғары деңгейі тау-кен өндіру (жазатайым оқиғалардан зардап шеккендердің жиілік коэффициенті – 1,9) және өңдеу өнеркәсібі (1,2) сияқты қызмет түрлерінде байқалады.

Еңбеккер үшін қауіпті өңірлер тізімін Қарағанды облысы (жазатайым оқиғалардан зардап шеккендердің жиілік коэффициенті – 1,2; жазатайым оқиғалардан қаза тапқандардың жиілік коэффициенті – 0,09), Ұлытау облысы (тиісінше 4,3 және 0,03) және Шығыс Қазақстан облысы (тиісінше 1 және 0,04) бастап тұр.

Егер Үкімет шұғыл шаралар қабылдамаса, Қазақстанның онсыз да аз халқы, соның ішінде аяқ-қолы балғадай азаматтары босқа қырыла беруі мүмкін.

Биыл басшылығы ауысқан Еңбек министрлігі бүгінде «Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі қауіпсіз еңбек тұжырымдамасы» жобасын пысықтап жатыр. Ол келесі 2024 жылы іске қосылуға тиіс. Алайда мұнысы тек тұжырымдама. Орындалуы міндетті заң емес.

Заң жүзінде еңбек инспекторларының құзырын күшейтпей, олардың бұрынғыдай жаппай тексеріс жүргізуіне рұқсат етпей, іс оңалмауы мүмкін. Сарапшылар депутаттардың қарауында жатқан «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне қауіпсіз еңбек жағдайларын жетілдіру және қызметкерлердің еңбек құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» салалық жаңа заң жобасын шикі деп жүр.

Оның үстіне қауіпсіз, жылы креслоға жайғасқан депутат мырзалар былтыр әзірленген бұл заң жобасын қабылдауға да, пысықтауға да асығар емес. Парламентегі талқылауын тым созып жіберді.


Дереккөз: inbusiness.kz