«НеМолчи.kz» қорының басшысы Дина Таңсәрі (Динара Смаилова) Черногорияда ұсталғанын мәлімдеді
Жергілікті RTCG басылымы полицияға сілтеме жасап, қазақстандық Подгорица қаласындағы Жоғарғы соттың тергеу судьясының бұйрығына сәйкес, Қазақстанның экстрадиция туралы алдын ала сұрауы негізінде ұсталғанын жазды. Полиция өкілдері 15 сәуірде оны Подгорицадағы Жоғарғы сотқа жеткізу жоспарланып отырғанын айтты.
Айта кетейік, Дина Таңсәрі 14 сәуірде астана уақытымен шамамен 18:30-да видеоүндеу жолдады. Ол полиция бөлімшесінде отырғанын айтып, 15 сәуірде экстрадиция мәселесі бойынша сот өтетінін хабарлады.
«Бұл сот не шешетінін білмеймін, бірақ таңға дейін Черногория полициясында болатынымды айтты. Қамаудың себебін түсініп тұрған жоқпын. Мені жай ғана сотқа алып келуге болар еді… Мұның немен аяқталатынын білмеймін, бірақ мені экстрадицияламайды деп үміттенемін», – деді Таңсәрі Telegram-арнасында жарияланған видеода.
Айта кетейік, оның ұсталғаны туралы ақпарат шыққалы 16 сағаттан астам уақыт өтті, әзірге Қазақстан тарапынан ресми пікір берілген жоқ.
Еске сала кетейік, 2024 жылдың желтоқсанында Алматы, Шығыс Қазақстан және Алматы облыстарының Полиция департаменттері «НеМолчи.kz» қорының жетекшісі Динара Смаиловаға (Дина Таңсәрі) қатысты алты қылмыстық істі тергеп жатқанын мәлімдеген болатын. Оларға көрінеу жалған ақпарат тарату, жеке өмірге қолсұқпау құқықтарын бұзу, сонымен қатар алаяқтыққа байланысты екі іс бойынша тергеу жүргізіліп жатыр.
Бұған дейін Дина Таңсәріге іздеу жарияланып, «НеМолчи.kz» қорының есепшоттары бұғатталған еді.
ДЕРЕККӨЗ: TENGRINEWS