Пт. Ноя 22nd, 2024

Спорт шолушысы Азамат Әшімов «Доха-2024» микстіндегі әртістік жүзуден әлем чемпиондары Эдуард Ким мен Наргиз Болатова, ҚР Су спорты түрлері федерациясының бас хатшысы Сергей Дроздов және Рио-2016 Олимпиада чемпионы, жүзуден Қазақстан құрамасының жаттықтырушы-кеңесшісі Дмитрий Баландинмен Қазақстанда жүзу спорты және оған қажетті спорттық инфрақұрылымды дамыту, Қазақстанның Ұлттық Олимпиада комитетінің рөлі және Катарда өткен әлем чемпионатындағы спортшыларымыздың жеңісі жайлы әңгімелесті.

КАТАРДАҒЫ ТАРИХИ ЖЕҢІС

— «Доха-2024» әртістік жүзуден әлем чемпионатының жеңімпаздары, алтын медаль иегерлері Эдуард Ким мен Наргиз Болатова. Сіздерді тарихи жеңістеріңізбен құттықтаймын! Алтын медаль сіздер үшін  күтпеген жеңіс болды ма? Қандай әсерде болдыңыздар?

Эдуард Ким: Бұл енді керемет сәт болды, нәтижені білген кездегі сезімімді айтып жеткізе алмаймын. Қуанғанымыз сондай, бақыттан көзімізге жас келді. Жаттықтырушыларымыз да, барлық командамыз, туыстарымыз, жақындарымыз да қатты қуанды, бұл өте керемет сезім болды.

Наргиз Болатова: Мен түсініксіз сезімде болдым. Басында тіпті сене алмадым, жасадық, қолымыздан келді! Біз қандай да бір жүлделі орынға ие болу жоспарын қойған жоқпыз, басты мақсат – суда жақсы, сапалы өнер көрсету, дуэтіміздің күрделілігін көрсету болды. Отанымыз үшін алтын жеңіп алғанымызды білгенде қатты толқыдым, еліме деген мақтаныш сезімі бойымды кернеді, еліміздің туы көтеріліп, әнұранымыз орындалғандағы сәттегі сезім  тіпті керемет екен!

— Сіздер Қытай  елінің және мексикалық дуэтті артта қалдырдыңыздар. Қарсыластарыңыздың өнеріне қандай баға берер едіңіздер?

Эдуард Ким: Қытайдан келген Микс-дуэт өте мықты жұп, олар спортпен ұзақ уақыт бойы айналысады, әлемде микс-дуэт ретінде өз орнын алған спортшылар. Біз үшін олар өте мықты қарсылас болды. Әрине, біз де бар күшімізді салдық, оларды жеңеміз деген үмітімізді үзбедік. Олардың театрландырылған қойылымы ерекше болды. Меніңше олар қойылымды 100% орындай алмады, өйткені олар жеке-жеке әрекет еткендей көрінді, бірі кешігіп қалды, ал екіншісі керісінше асығып, алға түсіп кетті.

— Әлем чемпионатында дәл осы спорт түрінен 26 ел қатысты. Есте қалардай қызық сәттер болды ма?

Наргиз Болатова: Жарыс өткен бассейн мен дайындық өткен байссейндегі судың айырмашылығы айтарлықтай болды. Біреуінде су өте суық болса, біз жаттыққан бассейндегі су ыстық болды, нәтижесінде үш минуттық жүзу бес сағаттық жаттығуға тең түскендей сезілді, қатты шаршадық,  шектеусіз жаттығуға, нюанстарды, қателіктерді талдап, машықтануға тиіс едік, бірақ онда жаттығу мүмкін болмады.

Эдуард Ким: Иә, біз ол жерден қуырылған шұжық сияқты шықтық, су өте ыстық болды.

— Сіздер өзара жарысасыздар ма, синхронист ретінде  су астында ауасыз қанша минут шыдай аласыздар?

Наргиз Болатова: Қозғалыссыз екі минуттан артық шыдауға болады, болмаса 10-15 секунд. Егер бағдарламада байлам 30 секундқа созылса, бұл бізге жеткілікті.

Эдуард Ким: Бірде су астында екі минут қозғалыссыз отырдым, бәстескен болатынмын.

Спорттың осы түріне қалай келгендеріңіз туралы сөйлессек. Бұл дуэт қалай құрылды? Неліктен синхронды жүзуді таңдадыңыздар?

Эдуард Ким: Мен бұл спортқа салыстырмалы түрде жақында келдім, 2018 жылдың қысында. Әдеттегі спорттық жүзуді тастап осы спорт түрін таңдадым.

Наргиз Болатова: Ал мен спортпен 6 жасымнан бері айналысамын, қазір 20 жастамын, яғни 14 жыл бойы жаттығып келемін, алғашында мұнда мені анам әкелді. Бастапқы бір жарым жыл жүзумен айналыстым, бірақ маған ұнамады, өйткені ол спорт түрімен тек ұлдар айналысатын. Дәл сол кезде синхронды жүзуге спортшыларды таңдап жатқан еді, ата-анам маған қатысып көрсең қалай болады деді. Мен келістім, бірден ұнады, бірақ жаттықтырушылар басында мені қабылдағысы келмеді, өйткені толықтау болатынмын. Міне, содан бері 14 жыл бойы  осы спорт түрімен айналысып келемін.

Қазір сіздер «Рахат» бассейнінде жаттығасыздар. Бұл жерде бассейннен бөлек спорт залы бар, жүзушілер мен синхронды жүзу өкілдерінің жаттығуларының негізгі бөлігі жеңіл атлетика залында өтеді. Синхронды жүзуді дамыту,  жаттығу үшін қандай жағдай жасалған?

Эдуард Ким: Маған Спорт министрлігінің, Ұлттық Олимпиада комитетінің көзқарасы ұнайды, өйткені спортшылар үшін тұрғын үй, жаттығу базасы, құрал-жабдықтың барлық түрлері және бізге берілетін форма – бәрі жоғары деңгейде. Форма өте ыңғайлы,  жаттығу базасы да керемет.

Наргиз Болатова: Жалпы, алаңсыз жаттығу үшін бәрі бар. Жаңа элементтерді үйрену үшін судың тереңдігі, температурасы жеткілікті.

Эдуард Ким: Маған бәрі ұнайды. Олар құрал-жабдықтардың барлық түрлерін ұсынады, бұл жолы бізге арнайы құлаққаптар берілді – жарыс кезінде біз оларды қолданамыз. Өте ыңғайлы және пайдалы нәрсе. Спортшы алға ұмтылып, жақсы нәтиже көрсетуі үшін барлық жағдай жасалған. Кейде көңіл-күйдің болмауы, күштің сарқылуы, жаттығудан кейін шаршау деген болады ғой, сондай кезде біз қолдауды сезінеміз, күш алып алға ұмтыламыз. Біріншіден, бұл біздің жаттықтырушымыз Жанна Геннадьевна, ол қиын кезеңде берілмеу керек екенін әрдайым еске салып отырады.

— Медициналық көмек туралы не айтар едіңіздер? Бұл күрделі спорт түрі ғой.

Наргиз Болатова: Ол үшін бізде дәрігерлер, массаж жасаушылар бар. Егер қандай да бір жарақат алсақ, азғамызға күш түссе массаж жасайды, дәрігерлер бізге диеталық қоспалар, спорттық қоспалар береді, әрине, допингке жатпайтын қоспаларды ғана қабылдаймыз.

Білуімше, жақында Талдықорғанға барасыздар, онда оқу-жаттығу жиындары өтеді. Ондағы жағдайды қалай бағалар едіңіз? Қандай кешен, қандай бассейн бар?

Наргиз Болатова: — Талдықорған қаласында жақында орталық бассейн ашылды, онда барлық жағдай жасалған…

Эдуард Ким:  Бассейн өте жақсы, судың температурасы, монша, киім ауыстыратын бөлмелер – бәрі керемет. Жалпы, біз онда жаттығуға жеткілікті уақыт бөлеміз, бұл біз үшін өте маңызды.

— 2024 жылға қандай жоспарларыңыз бар?

Наргиз Болатова: Бейжіңде, Канадада, Францияда және Будапештте Венгрияда өтетін Әлем кубогының келесі кезеңдеріне қатысу.

Эдуард Ким: Жоспарымызда тәжірибе жинау және көптен бері өзгерткіміз келген бағдарламаны өзгерту,  күрделі бағдарламаға қол жеткізу үшін Италия мен Мәскеуге жиындарға баруымыз керек.

Сәттілік тілеймін, жеңістерге жете беріңіздер!

ЖЕҢІСКЕ ЖЕТУ ҮШІН БАРЛЫҚ ЖАҒДАЙ ЖАСАЛҒАН

Қазақстанда жүзу спортын дамыту, оған қажетті спорттық инфрақұрылым жайлы  Су спорты түрлері  федерациясының бас хатшысы Сергей Дроздовтың пікірі қандай?

Сергей Михайлович,  «Рахат» жүзу бассейні  жүзушілер арасында өте танымал орын, мұнда синхронистер, ватерполистер және жүзушілер жиналады,  бұл — әмбебап спорт кешені ғой?

— Дұрыс айтасыз. Орталық жүзу бассейнінің ашылғанына 52 жыл болды. Мұнда бала кезімнен жаттығуға келемін. Алдымен жүзумен айналыстым, содан кейін су полосына ауысып, сол спорт түрін таңдадым. Орталық жүзу бассейнінің базасында Ұлттық жастар құрамалары, Алматы құрамалары және ең танымал чемпиондар жаттығады десем артық болмас. Олимпиада чемпионы Дмитрий Баландин осы бассейнде  жаттықты десек те болады, қазір Эдуард Ким мен Наргиз Болатова осында жаттығып, дайындалып, керемет нәтижелер көрсетуде. Мұнда 50 метрлік олимпиадалық дайындыққа қажетті бассейн және 25 метрлік бассейн бар, онда негізінен су полосы, жүзу, синхронды жүзу бойынша спортшылар жаттығады. Онымен қоса, спорт кешенінде жаттығу залы, аэробика залы, йога залы да бар.

— Сергей Михайлович,  жалпы ел бойынша  спорттық инфрақұрылымының жағдайы қандай? Тағы қандай өңірлерде жүзу спорты дамуда?

—  Елде жүзу ең танымал спорт түрі, сондықтан барлық 20 өңірде жүзу спорты дамуда. Су полосы жақсы қамтылған. Мен су полосымен айналыса бастағанда, тек үш өңірде – Алматы, Тараз және Қарағандыда болған еді, осы үш өңірдің спортшыларлынан құрама команда құрылды, қазір 12 өңірде комнада бар.

— Бірнеше айдан кейін Парижде Олимпиада басталады, болашаққа көз салып, болжам жасай аламыз ба?

– Қазір шешіп айту қиын, бірақ бізде кем дегенде екі лицензия болады. Әділбек Мусинге сенім артып отымыз. Қыздардан екі лицензия күтеміз. Жақсы нәтиже көрсететін жастар өте көп. Жақында Филиппинде су спортынан Азия чемпионаты өтеді, ерлер мен әйелдер арасында су полосы, көркем жүзуден  спортшыларымыздан өте жақсы нәтиже күтеміз.

— Сергей Михайлович сізге көп рахмет. Алдағы Париж Олимпиадасында жүзушілерімізге сәттілік тілеймін.

АЛДАҒЫ ОЛИМПИАДАДАН КҮТЕРІМІЗ ЖӘНЕ ҰОК-НІҢ РӨЛІ

Қазақстанда жүзу спортын дамыту,  алдағы Париждегі Олимпиада ойындарына спортшыларымыздың дайындығы жайлы  Рио-2016 Олимпиада чемпионы, ал қазір жүзуден Қазақстан құрамасының жаттықтырушы-кеңесшісі Дмитрий Баландиннің рікірі.

— Қазақстандық жүзушілер қазір жақсы нәтиже көрсетуде, прогресс бар, өсу үрдісі жақсы. Қазіргі уақытта Олимпиадаға төрт спортшы үміткер болып отыр, олар Әділбек Мусин, Ксения Игнатова, Диана Тажанова және Софья Сподаренко, алда олимпиадалық лицензияларды алуға дайындаламыз.

Спортшылар мен жүзушілердің дайындығына тікелей атсалысатын Ұлттық Олимпиада комитетінің қызметі туралы айту керек шығар. Бұл жағдайда ҰОК рөлі қандай?

— Ұлттық Олимпиада комитеті Олимпиада ойындары кезінде спортшылардың барлық қажеттіліктерін қамтамасыз етіп, олардың тек спорт туралы ойлауы үшін жақсы жағдай жасауда үлкен жұмыс атқаруда. Әрине, спортшыларды, жеке өзімді қалыптастыру үшін Ұлттық Олимпиада комитеті, Тимур Асқарұлы Құлыбаевтың қолдауымен өз уақытында көп жұмыс жасады, біз сол биіктерге жеттік. Яғни, ҰОК әрдайым спортшыларды қолдайды, Федерация немесе Министрлік шеше алмайтын мәселелерді шешеді. Және бұл өте маңызды.

— Ұлттық Олимпиада комитетінің болашақ басшылығына қатысты. Қазір кулуарларда да, бұқаралық ақпарат құралдарында да Олимпиада комитетінің президенті кім болады деген сұрақ талқылануда? Геннадий Головкин болуы мүмкін деген сыбыс бар. Бұл кандидатураға пікіріңіз қандай?

— Бәрінен бұрын Геннадий Геннадьевич — атақты спортшы, бәрімізге үлгі болар азамат, оның жеңістерін көріп өстік, оны керемет спортшы ретінде білеміз.  Қалай дегенмен, өзгеріс жақсы ғой. Тимур Аскарұлы біраз жұмыс атқарды. Бұл қызметке Геннадий Геннадьевич келсе, жаңа есім, жаңа тұлға, жаңа адамдар келеді. Менің ойымша, бұл керемет үміткер және ол спортты іштей білетін адам,  спортты дамыту үшін барын салады деген ойдамын.

Рио Олимпиадасының чемпионысыз, атақты спортшы ретінде   спортқа жаңадан келген жүзушілерге чемпион болу үшін, спорттық тұғырдың ең жоғарғы сатысына шығу үшін қандай кеңес айтар едіңіз?

— Жас спортшыларға бір ғана кеңес берер едім, ең алдымен арманың асқақ болуы керек.  Оған қол жеткізу, әрине, қиын болады. Бірақ оған жеткендегі қуаныш еселене түседі. Біз жоғары деңгейге ұмтылуымыз керек, жаттықтырушыға сенім арта білуіміз керек.

Қазір жүзуден Қазақстан құрамасының жаттықтырушы-кеңесшісісіз, бас жаттықтырушы ретінде сізді қашан көреміз?

— Қазақстан құрамасына іс жүзінде өте жақсы жас команда жиналды. Бізде жаңа жас бас жаттықтырушы Илья Гусаков бар, ол көптеген ұйымдастырушылық мәселелерді шешуде. Бірлесіп жұмыс істеудеміз, сондықтан қазір ештеңе өзгертудің қажеті жоқ, өйткені команда жас, біз қазір жұмыс жолға қойылған. Бізде жақсы жас спортшылар бар. Менің ойымша, 26-шы жылғы Азия ойындарында медальға үміттіміз. Мен бұған сенімдімін, сондықтан  әлі бас жаттықтырушы лауазымына үміткер емеспін.

Көп рахмет. Сізге үлкен жеңістер тілеймін әрине, жүзуден Қазақстан құрамасына жеңіс және Парижге қосымша Олимпиадалық лицензияларды жеңіп алуларыңызға тілектеспін.