Чт. Дек 5th, 2024

Ол үшін біріздендірілген сөздік қоры жасалады.  

Мәжіліс «Мәдениет туралы» заңға толықтырулар енгізу туралы заң жобасын қабылдады. Депутат Асхат Аймағамбетов Chat GPT мен «Алисаның» қазақ тілінде жақсы жұмыс істеуі үшін тілдік ақпараттық жүйе керек екенін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

«Мемлекеттік тілдің қолданысын біріздендіру. Заң жобасында мемлекеттік тілдің цифрлық ұлттық сөздік қорын жасау мен Ұлттық тіл корпусы туралы арнайы нормалар енгізілген. Бұл нормалар мемлекеттік тілді жасанды интеллекттің күшімен дамытуды көздейді. Chat GPT бар, «Алиса» бар, осының бәрі қазақ тілінде жақсы жұмыс істеуі үшін де біріздендірілген сөздік қоры, яғни, тілдік ақпараттық жүйе керек. Қысқасы адамзат цифрлық әлемде өмір сүріп жатқандықтан қазақ тілінің де цифрлық сөздік қоры керек», — деді Асхат Аймағамбетов.

Сөзінше, цифрлық сөздік қорды жасау және  оны қолжетімді қылу жасанды интелектіні қазақша сапалы сөйлетуге ықпал етеді.

«Жасанды интеллектіні сөйлету, тек бар сөздерді құя салумен шектелмейді, ол күрделі процесс. Адам әр сөзді қолданылған орнына, дыбысталған ырғағына қарай, қандай мағынада айтылып тұрғынын түйсігімен түсіне алады. Ал жасанды интелектіде ондай түйсік болмағандықтан, әр сөз алгоритм арқылы қолданылады. Мысалы, бір сөзді 500 контексте беруіміз керек. Әрбір сөзді әр контексте бермесең, робот оны қалай пайдаланатынын білмейді. Сондықтан бұл үлкен  жұмыс және бұл жай ғана сөздік емес. Яғни тіл үздіксіз дамып отырады десек, цифрлық сөздік қорымыз да сонымен бірге ілесіп жетілдіріліп отыру керек», — деп атап өтті Мәжіліс депутаты.

Құрылатын сөздік қоры ашық, қолжетімді ақпараттық жүйе болады.

«Кең аудитория үшін қазақ тілінің нормасы мен ережелеріне тұрақты қолжетімділікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл халықтың кез келген уақытта, күнделікті өмірде тілді дұрыс қолдануына жағдай жасайды. Сонымен қатар барлық азаматтар – мұғалімдер, оқушылар, студенттер және мемлекеттік органдар интернет арқылы осы «ақпараттық ресурсты» тегін пайдалана алады», — деді депутат.


Дереккөз: inbusiness.kz