Вс. Ноя 24th, 2024

Былтыр «Үлкен саясатқа оралуыма түрткі болған басты себеп — қаңтар оқиғасы» деген Болат Әбілов 20 қыркүйекте журналист Вадим Борейкоға берген сұхбатында біртүрлі пікір айтты. Қаңтар оқиғасы кезінде оппозиция қатарында бас көтеріп, халықты митингке үндеп, зардап шеккендердің қақысы үшін соңына дейін күресемін деп мәлімдеген саясаткер қанды оқиға халықтың санасында көмескіленгенін айтып, бұл тақырып келесі жылы мүлдем жабылады деген ойды бөлісті.

Әрісі Желтоқсан, берісі Жаңаөзенді ұмытпаған халық Қаңтарды ұмыта ма?

«Бұл қаңтар тақырыбы әзірге күн тәртібінен түспейтіні анық. Себебі қазақтар қан төгілген сәтті ұзақ уақыт есінде сақтайды. Мен, тіпті, Жаңаөзен туралы айтпағанда, Желтоқсан оқиғасының өзі көптің есінде әлі де күні кеше өткендей. «Ал Сіз Қаңтар оқиғасы туралы не ойлайсыз?», — деді Борейко Болат Әбіловке.

 «Вадим Николаевич, біз көбінде саясатта жүрген адамдармен сөйлесеміз. Егер сіз сыртқа шығып, қарапайым адамдармен сөйлесетін болсаңыз, маған сенсеңіз, көптеген адамдар бұл оқиғаны ақтайды. Адамдардың 90%-ы бәрін өз көзімен көрді. Әрине, басқаша ойлайтындар да бар, бірақ 80%-ы жанып жатқан Алматыны, тоналған дүкендер мен банкоматтарды көрді. Олар «Билік қайда?,  «Күш қолданыңыз! Бұл тәртіпсіздікті тоқтатыңдар!» деген ойда болды», — деді Әбілов.

«Қаңтар» тақырыбы биылдан қалмай жабылады»

Әбілов Қаңтар оқиғасы туралы дау-дамай биыл аяқталатынын, сотталатындар сотталып, іс жылдың соңына дейін жабылады дегенді де айтты. Күн тәртібіне басқа да саяси маңызды мәселелер шығады деп күтеді. Оның ішінде, Парламент, Президент сайлауларына дайындықты атады.
Журналист Әбіловтен Қаңтар оқиғасынан кейін Назарбаев пен Тоқаев күрделі шахмат партиясын ойнап жатқандай әсер қалдыратынын суреттей келе, толассыз шабуыл мен қорғаныстан тұратын бұл итжығыс қалай аяқталатынын болжауды сұрады.

«Партия барлық келісімдер сақталып, Назарбаевтар отбасының қауіпсіздігін қамтамасыз етумен аяқталады. Олар кейбір активтерді қайтаруы мүмкін. Сонымен бітеді. Жарты жылдан кейін тыныштық орнайды. Жаңа бағдарламалар, жаңа басымдықтар, келесі парламенттік сайлауға, мүмкін президенттік сайлауға да дайындық басталады, Конституцияға қандай да бір өзгерістер енгізілуі мүмкін. Зейнеткер Назарбаев тезірек өзін ұмыттыру үшін көпшілік алдына шықпайды. Жаңа президент күшейіп, вертикаль орнатады. Сондықтан бәрі бұрынғыдай болады, тек қазіргі заманауи формада», — деді Әбілов.


«Elge Qaitaru» қоғамдық қорының құрылтайшыларының бірі «Активтерді қайтару көзбояушылық па?» деген сауалға жауап берді.
«Бізде бұл тақырып жабық. Себебі саяси жағдай жабық. Ұрланған ақшаны қайтаратындардың өзін де біз тіпті білмейміз. Кім және не қайтарғанын білмейміз. Біз тіпті сол қаражаттың көлемін де білмейміз. Бізді алдап жатқан сияқты сезім болады», — деген пікірде.

«Бутя» депутаттықтан дәмелі ме?

Қаңтар оқиғасынан кейін саясатқа араласуға бел шешіп кіріскен Болат Әбілов қазір саябырсып қалғандай. Қанды оқиғадан зардап шеккен жандардың соты әлі аяқталған жоқ. Үкімі шығып, кесімі айтылмады. «Бутя» неге олардың тағдыры биылдан кейін ұмыт қалады деп отыр? Есесіне, алда болатын Парламент сайлауы, оған дайындық туралы әңгіменің шетін шығарды.
Қаңтарға қатысты мәселе көтеріп, билікпен ымыраға бармаған Марат Жыланбаев, Думан Мұхаммедкәрім және Әйгерім Тілеужановалар қамауда отыр. Ал «оппозиционер» Әбілов жылы жерде оңды-солды онлайн сұхбат беріп, сол баяғы «лухари» өмір-салтынан бір мысқал да жаңылмағанын байқауға болады.

Экономистер «Бутяны» неге Мадуроға теңеді

@FINANCEkaz телеграм арнасы ұсынған Мадура индексі — бұл экономикадағы популизм үшін берілетін «атақ». Бұл индекс Қазақстанды Венесуэлаға айналдыруға жол бермеуді көздейді. Сонымен, Болат Әбілов не үшін бұл «атаққа» ие болды? Ол Halyk Bank-ті мемлекетке қайтаруды ұсынды. @FINANCEkaz мұның экономика үшін неліктен жағымсыз процесс екенін жазады.

«Біріншіден, бұл Қазақстанның инвестициялық тартымдылығының құлдырауына әкеледі, екіншіден, «Стати істері» көбейеді, өйткені біз Солтүстік Корея емеспіз және әлемнен оқшауланбағанбыз. Үшіншіден, бұл қаржы жүйесіндегі проблемаларға алып келеді. Чилидегі жоғалған банктер дағдарысы қаржы ұйымдарын мемлекетке қайтарудан басталған. Жеке меншік және нарықтық экономика — Қазақстанның негізі», — деп жазды телеграм арна сарапшысы.

Сұхбат барысында ол Тимур Құлыбаевқа қатысты бірнеше рет пікір білдірді.

«Қасым-Жомарт Тоқаев Тимур Асқарұлына сенім білдіреді, өйткені оның Қаңтар оқиғасына қатысты ары таза. Мемлекеттік төңкеріс әрекетіне оның қатысы жоқ, саясатқа араласпайды, заң бұзбайды. Жалпы, ол «галстук таққан» зиялы адам сияқты әсер қалдырады», — деді ол.

Болат Әбілов — белгілі қазақстандық кәсіпкер, саяси қайраткер. Сара Назарбаеваның немере інісі. 2000 жылдардың басында «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қоғамдық бірлестігінің Саяси кеңесінің мүшесі, сол кезде «оппозиция» болып саналған «Ақ жол»партиясының тең төрағасы болды. 2013 жылдың қыркүйегінде Әбілов саясаттан кететінін және шығармашылықпен айналысу туралы шешім қабылдағанын мәлімдеді.


Ақпарат көзі: UlysMedia