Сб. Ноя 23rd, 2024

Биылғы аптап ыстық Бүкіләлемдік метереологиялық Ұйым (WMO) дерегінше «Адамзат тарихында болмаған алапат табиғи катаклизм» ретінде тіркелді. 

Маусым, шілде айларында Грекия жерінде әрбір 10 минут сайын жаңа орман өрті тұтанып отырған. Үндістан астанасында ауа температурасы +52,5 градусқа дейін көтеріліп, төрт жүзге жуық адам ыстыққа шыдамай өлген.

Афинада күн +52 градусқа дейін ысып, мектептер жабылды. Жағажайдан 5 шетелдік туристің өлі денесі табылған. Олардың бірі 67 жастағы Майкл Мосли есімді ағылшын журналисті.

Еуропада да маусым-шілде айлары күн ерекше ыстық болғаны сонша, Черногория мен Сербияда жергілікті билік халықты үйлерінен шықпауға шақырды. Елде ауа-райы қауіпінің «қызыл деңгейі» жарияланды. Албания, Хорватия, Босния мен Герцеговинияда 30 жыл болмаған апат – электр энергиясы істен шықты. Еуропаның ірі қалалары бірнеше күн түнекке оранды. Берлин мен Париж қалаларында +35 градусқа дейін аптап ыстық болып, Англияда ауа-райы қауіпінің «сары деңгейі» жарияланды.

Америка Құрама Штаттарында да күн +45 градусқа дейін ысып, Вашингтон, Балтимор, Филадельфияда ондаған мың адамның басынан күн өтіп, жедел жәрдемге жүгінген. Детройтта 12 мың үй жарықсыз қалып, Огайо, Индиана және Иллинойс штаттарында көше шамдары мен бағдаршамдар істен шыққан. Айлахо штатында 2 адам ыстықтан көз жұмды.

Нью-Мексикода орман өртеніп, 8 мың адам қауіпсіз аймаққа көшірілген. Өрт салдарынан 2 мың шаршы метр тұрғын үй аумағы күлге оранып, нәтижесінде 4 адам өртеніп кеткен.

Үндістанда 40 күн бойы ауа температурасы +52,3 градустан түспей, 40 мың адамның басынан күн өтіп кеткен, төрт жүзге жуық адамның ішіне ыстық түсіп, мерт болды.

Сауд Арабиясында болған +52 градустық ыстықта қажылыққа барған мың үш жүзден аса адам көз жұмды, олардың ішінде сегізі Ресей азаматы.

Ғалымдардың есебіне үңілсек, планетамызда 2023-жылдан бастап тәулігіне +1 градусқа күн жылып отқан. Ең суық аймақтар Арктика мен Антарктиканың өзінде биылғы көктемде ерекше күн жылуы байқалған. «Copernicus» деп аталатын Халықаралық Қоршаған ортаны бақылау қызметі ғалымдарының айтуынша, шілде айының соңғы 2 аптасында барлық құрлық пен теңіз бетінде ауа температурасы +17 градусқа дейін көтеріліп, 22-шілде соңғы 100 жылдағы ең ыстық күн ретінде құжатталған.

Құрамында АҚШ, Ұлыбритания және Жапония секілді ғылымы алға озған елдердің ғалымдары бар «Copernicus» қызметі «ғаламдық жылынудың басты себебі – адам қолымен жасалып отырған индустриялдық нәубет» деп отыр. Кейінгі 30 жыл көлемінде әлемдік кен өндірушілер табиғатқа қисапсыз улы газ таратып отырған көрінеді. Дәл осы түсті және қара металл өндірісі ауаға тарайтын 28% улы газды бөліп шығарады екен.

Ал, Қазақстанның ауа-райын айтар болсақ, отандық метеорология қызметі елімізде күннің біртіндеп ысуы сонау 1970-жылдардан бастау алғанын айтуда. Қыста қардың аз жауып, жазғы шілдеде нөсер құйса, күн ерекше ысып, кей өңірлерде тасқын жүрсе, оның бәрі де еліміздің орналасқан географиялық аймағымен тығыз байланысты дейді. Тау-тасты, орман-тоғайлы, шөл далалы жерде орналасқан Қазақстан үшін әлемдік табиғи катаклизмдер кері әсер етуі де мүмкін екен.

Отандық ғалымдар «Жаһандық табиғат өзгеріске ұшырап жатқанда, біз одан қашпауымыз керек. Біз қайта өзгерген ауа-райына икемделуіміз керек» деп есептейді.


Дереккөз: inbusiness.kz