Бүгін Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Қ.Бишімбаевтың ісі бойынша алқабиге кандидаттарды іріктеу үшін жабық сот отырысы өтіп жатыр.
Жабық сот отырысына жүзден аса үміткер шақырылды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
«Алқабилерді іріктеу жалғасуда. Сот ғимаратына тізімнен жүзден астам кандидат келді», — деді Астана сотының баспасөз хатшысы Алина Райымбаева.
Сол үміткерлердің арасынан алқабилер қатарына алынбағандар сот залынан шыға бастады. Бірі жақын туған-туысының денсаулық жағдайына байланысты, екіншісі үш қызы болғаны үшін таңдалмаған.
«Мені үш ересек қызым болғандықтан және күйеуім жоқтығынан алқаби ретінде таңдамады. Сотқа келуге шақырту келгенде қандай іске қатысты болары айтылмады. Тек сот залында Бишімбаев ісі бойынша екенін білдім», — деді Алма есімді үміткерлердің бірі.
Астана қалалық сотының баспасөз хатшысы алқабилерді іріктеу қағидаты туралы айтты.
«Алқабилерді іріктеу процедурасы сот процесіне ұқсас. Сот залында төрағалық етуші судья, мемлекеттік айыптаушы мен тараптардың адвокаттары қатысады», — деді Алина Райымбаева.
Атап айтқанда, алқабилердің кандидаттары сот отырыстарына қатысудан бас тартуға негіз бар-жоғын анықтайды: мысалы, аурулар немесе қамқорлықтағы жас балалар.
«Үміткер жалғыз асыраушы болуы мүмкін. Басқа да себептер болуы мүмкін», — деді Райымбаева.
Жабық сот отырысына, сонымен қатар Салтанат Нүкенованың ағасы Қайрат Нүкенов қатысады.
Отырыста 12 адамнан тұратын (10 негізгі, 2 қосалқы) алқабилер алқасы қалыптастырылады. Іріктеу аяқталғаннан кейін судья сот отырысының күнін белгілейді.
Дереккөз: Inbusiness.kz