Пт. Ноя 22nd, 2024

Жәнібек (Эдди Жан) 2004 жылы Арқалықтағы балалар үйінен Бельгияға кеткен.

Бұл туралы ҚР СІМ жанындағы «Отандастар қорының» вице-президенті Олжас Беркінбаев желідегі парақшасында мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Жәнібекті 20 жыл бұрын бельгиялық отбасы Арқалық қаласындағы балалар үйінен асырап алған.

«Мына видеода ағылшынша сөйлеп, Сіздерден көмек сұрап отырған жігіттің есімі – Жәнібек, бірақ қазіргі құжатында ЭддиЖан деп жазылған.  Ұлты – қазақ, 2002 жылдың 17 қаңтар күні Арқалық қаласында дүниеге келген. 2004 жылы сол қаладағы балалар үйінен қазіргі бельгиялық отбасы, яғни жалғыз басты анасы асырап алуға алып кеткен. Туған анамның үшінші баласы болуым мүмкін дейді ол», — деп жазады Олжас Беркінбаев. 

Оның айтуынша, Жәнібек фламанд тілінде өскен, сондықтан қазақша не орысша білмейді. Есесіне, ағылшын, испан, француз, неміс тілдерінде сөйлейді. Қазір Испанияның Мальорка аралында тұрады. Асырап алған отбасы оған еуропаша білім беріп өсірген. Осы күндері Астанада, өзінің туған әке-шешесін іздеп келіпті. 

«Кеше осы жігіт туралы пост жазып, артынан біздің заңнамаға сәйкес, баланың өзі айтуы керек деген соң оны алуға мәжбүр болғам. Бүгін өзінің рұқсатымен видеосын жариялап отырмын. Туған әке-шешемнен түк керек емес, тек анамның жүзін көріп, бір рет құшақтап, жүрегімді тыншытсам болды деген Жәнібек мына видеоны бүгін неше рет түсіргенін білсеңіз ғой…» — деді О. Беркінбаев. 

Ол жас жігіттің әлі толқып жүрмін, анасы туралы ойласа, эмоциясын басқара алмай қаламын деп қорқатынын айтады. 

«20 желтоқсан Астанадан Испанияға ұшып кететін Жәнібек, баршаңыздан көмек күтіп отыр. Қазақстан тым алыс, енді қашан келерім белгісіз, мұнда түрім қазақ, тілім өзгеше бәрі біртүрлі қарайды дейді. Мальоркада ол атбегілікпен айналысады. Жылқыны жақсы көреді екен… Барынша таратып, қандасымызға қол ұшын созып жіберейік, ағайын!» — деді О. Беркінбаев.


Дереккөз: inbusiness.kz