Пт. Июл 18th, 2025

Соңғы жылдары жер-жерде жеке мектептердің де тым көбейіп кеткені, әрі оларға деген қоғам тарапынан теріс көзқарастың қалыптасып қалғаны жасырын емес.

Осы орайда, inbusiness.kz сайтының тілшісі мемлекет және қоғам қайраткері, білім саласының менеджері, экс-сенатор, Қызылорда қаласындағы жеке мектептің құрылтайшысы Мұрат Бақтиярұлын әңгімеге тартқан еді.

Кейіпкеріміз ә дегеннен-ақ Қазақстандағы мектептердің жай-күйіне тоқталып, әлемдік тәжірибеден де мәліметтер келтірді. Оның сөзінше, шетелде мектепті мемлекет емес, жеке кәсіпкер салады.

Мемлекет мектеп салып үлгере алмайды

Тақырыпшадағы сөздің де авторы – Мұрат Бақтиярұлы. Білім саласының жанашыры елімізде оқушылардың саны айтарлықтай артып келе жатқанын айтады. Сол себепті, жеке мектептердің көбеюі – қалыпты құбылыс. Әйтпесе, мемлекет толық мектеп салып үлгере алмайды.

– Еліміздегі 2025 жылғы санақ бойынша орта мектептерде 4 миллиондай оқушы оқиды. Өсім жалпы жаман емес, жақсы. 2016 жылдары пилоттық жоба бойынша мектептерді жан басына қаржыландыру туралы идея туындаған. Сол уақытта Парламентте жүрген кезімде Министрлікке кіріп, жан басына қаржыландыруды, жекеменшік мектептердің ашылуына көңіл бөлуді айтқан болатынмын. Көп шет мемлекетке бардым, сонда Еуропа елдерінде байқағаным, барлығы – жекеменшік мектептер. Еуропада мектепті мемлекет емес, кәсіпкерлер салады. Бірақ жасап берген стратегиялық жоспармен жұмыс жүргізеді. Өйткені, мемлекет мектеп салып үлгере алмайды. Мәселен, бір Астана қаласының өзіне жыл сайын 28-30 мың оқушы қосылып отырады. Ал, ол үшін кемінде жылына 12-13 мектеп салынуы тиіс. Алматы қаласында да солай халық көп қоныстанады. Мұндай мәселені, яғни оқушының көп болуын жеке мектеп салу арқылы тек мықты кәсіпкерлер арқылы ғана азайта алады не тоқтата алады, – дейді экс-сенатор.

Жеке мектептердің 2 артықшылығы бар

Мұрат Бақтиярұлы «мектеп үлкен бизнес емес, бұл – шағын бизнес» деген пікірде. Ол сөз арасында жеке мектептердің екі артықшылығын атап өтті.

– Жеке мектептердің екі артықшылығы бар. Біріншісі, әке-шешесі жұмыс істейтін оқушы түске дейін сабаққа барса, түстен кейін оларды үйірмелерге алып бару үшін де адам керек. Жеке мектептерде оған ата-ана бас ауыртпайды. Бала өз бейімділігіне қарай үйірмені таңдауға құқылы. Таңғы сағат 08:00-ден кешкі 18:00-ге дейін сабағын оқиды, қосымша сабаққа барады және үйірмеге де қатысады. Екінші артықшылығы, жеке мектептерде қағазбастылық көп емес. Мұғалімдердің тікелей бағыты да, назары да балаларға сабақ беру мен тәрбиесіне арналады. Көп облыстардың, тіпті шетелдің жеке мектептерінде болып жүрмін ғой, ол жақтарда да – солай. Қазір мемлекетте жеке мектептерге деген теріс көзқарас болып жатыр. Ол «ақша қуып» жүргендерге қатысты. Жалпы, мектеп үлкен бизнес емес, бұл – шағын бизнес. Ол үлкен пайда бермейді. Ал үлкен пайда әкелу үшін мектепті «супер» қылуың керек. Алматы мен Астанада 2-3 мектеп бар, олар шетелден мұғалімдер әкеліп оқытады, ағылшын сыныбын ашып қояды, оқушыларды жылына 1-2 рет шетелге алып барады. Ол үшін ата-аналардан айына 400-500 мың теңге оқу ақысын алуы керек. Оны барлығы бірдей көтере ала ма? Сондықтан да, жеке мектептер арқылы қаржылық жағдайымды жақсартамын деу – қателік. Мектепке, білімге қатысы жоқ адамдардың мектеп ашып жатқанына таңғаламын. Мысалы, мен өмір бойы осы салада келе жатқан адаммын, – деді Мұрат Бақтиярұлы.

Мектептерді жан басына қаржыландыру – әділетті процесс

Білім саласының жанашыры жеке мектептерді жалға алып ашуға немесе ескі ғимараттарды қайта қалыпқа келтіріп ашуға үзілді-кесілді қарсы. Ол «бәрі талапқа сай келуі тиіс» деп есептейді. Сөз арасында өзі құрылтайшы болып отырған жеке мектебі туралы айтып өтті.

– 2016-2017 жылы республикада жан басына қаржыландыру пилоттық жобасы бастау алды. Мысалы, мен ата-анамын, балам қай мектепке барады, ақша соның артынан еріп отырады. Ы.Алтынсарин атындағы мемлекеттің мектебіне бара ма, әлде Ш.Уәлиханов атындағы жеке мектепке бара ма, қаржы соған құйылады. Бұл – жан басына қаржыландыру негізінен әділетті нәрсе. Мемлекет жағдай жасағаннан кейін 2018 жылдан бастап, әсіресе соңғы 2-3 жылдың көлемінде республика бойынша жекеменшік мектеп салу көбейді. Бұған бір жағынан қуануға, бір жағынан ренжуге болады. Қуанатын жағы – талапқа сай келетін мектептердің көбейгені. Талап деген – эпидемиологиялық заң талабына сай болуы. Ол бір оқушыға қанша шаршы метр болу керек, мектептің салынатын жер көлемі сәйкес келуі керек. Сонымен қатар, спорт залы, асхана, тағы басқа да қажетті салынуы тиіс дүниелер болуы керек. Өкініштісі сол, кейбір кәсіпкер азаматтар пысықайлық танытып, ескі қойма, жабылған тойхананы мектеп қылып ашып қойған. Болмаса, біреудің басқа мақсатта салып қойған кеңселерін жалға алып ашып отыр. Мұны «ақша қуалау» деп атайды. Оның мектеп талабына сәйкес келетін ойын алаңы түгіл терезесі яки спорт залы жоқ. Бұл – енді өте өкінішті жағдай. Жекеменшік мектеп болғанмен, ата-аналардан қаржы алмай тегін оқытатын мектептер де бар. Мәселен, мен мектеп ашқан кезде таңдауды ата-аналардың өзіне қалдырдым. Бізде 2000-ға жуық бала оқиды. Ақша төлеп оқығысы келетіндер айына 40 мың төлеп оқиды. Оның тең жартысы, яғни 20 мыңы тамаққа кетеді. Тағы кемі 3 қосымша сабаққа қатысады. Соның барлығы осы ақшаның ішіне кіреді. Бала сабағын мектепте жүріп толық оқып, алған білімін бойына сіңіріп, үйіне демалуға бір-ақ қайтады. Бұл жағдайы келген ата-аналарға. Ал, жағдайы келмеген ата-аналар үшін тегін оқу қарастырылған. Түске дейін оқиды. Бірақ оларды да тиісті тамақ пен үйірмелермен қамтамасыз етеміз, – деп сөзін жалғады білім саласының менеджері бізбен әңгімесінде.

Жақсы педагог мектепте толық штатта болуы керек

Мұрат Бақтиярұлы мемлекеттік не жеке мектеп болсын, ең бірінші мұғалімнің білімі маңызды екенін еске салды. Оның сөзінше, жақсы ұстаз әр жерде жүрмей, толық штат алып, бала тәрбиесімен, білімімен түбегейлі айналысуы шарт.

– Кейбір мектептер ата-аналардан оқу ақшасын алады, «білім береміз» деп сендіреді, бірақ шын мәнінде басқаша. Ондай мектептер бар. Қазір талап күшейтіліп жатыр. Мен оны толық қолдаймын. Менің ойымша, жеке мектепті ашқаннан кейін оны арендаға алып ашуға болмайды. Оны талаптан шығарып тастау керек. Министрліктің тиісті ережелері, бұйрығы болуы керек. Мектеп бүкіл талапқа сай салынуы тиіс. Ең бастысы – мұғалімдердің біліктілігі. Мысалы, шебер мұғалімдер, жоғары категориялы мұғалімдер жеке мектепте міндетті түрде болуы керек. Кейбір мектептер мұғалімдерді 0,25 не 0,75-пен тіркеп қояды. Жақсы мұғалім сол мектеппен толыққанды жұмыс істеуі керек. Ол мейлі жеке мектеп бола ма, мемлекеттік пе, барлық жерде, қарапайым тілмен айтқанда жақсы педагог толық штатта болуы керек. Кей мектептерді білемін, жаңағыдай шебер педагогты мектебіне тіркеп қояды, ол сабағын береді де кетеді, балада шаруасы жоқ. Ал штатта болса, түбегейлі баланың тәрбиесімен, білімімен айналысады. Сондықтан да, осы талаптармен жауапты министрлік, жергілікті әкімдіктер айналысып жатыр, соған қуанамын, – деп сөзін қорытындылады ол.

Бұған дейін экс-сенатор мемлекет 8 миллиардқа салатын «Жайлы мектепті» кәсіпкер 3 миллиардқа салуы мүмкін екенін айтқан еді.


Дереккөз: Inbusiness.kz