Пн. Дек 22nd, 2025

Қазақстанда тұрғын үй сатып мәмілелерінің саны құлдырады, ал, тұрғын үй құрылысының қарқыны күрт баяулады.

Құрылыс компаниялары келесі жылы тұрғын үй құрылысы қымбаттайтынын және кейбір құрылыстар тоқтауы мүмкін екенін ескертті. Бұған дейін саладағы бизнес нысандары ұқсас өзгерістерге жаңа Салық кодексі серпін беретінін ескерткен еді. Бұл жолы тағы бір түрткі-триггер табылып отыр.

Астана қаласы кәсіпкерлер палатасының «Құрылыс және жер қатынастары» салалық кеңесінің төрағасы Вячеслав Лазаревтің мәлімдеуінше, Көлік министрлігінің үлкен жүк көліктеріне қатысты шектеу енгізуі құрылыс қарқынына кері әсер етіп, оның көлемін төмендетеді. Сондай-ақ құрылыстың өзіндік құны 5–7%-ға ұлғаяды.

«Атамекен» палатасы қолданыстағы шаралар 10 текше метрлік бетон араластырғыш жүк көліктерін пайдалануға және тасымалдауға іс жүзінде тыйым салатынын түсіндірді. Бұған қоса, бір өске түсетін рұқсат етілген жүктеме бойынша шектеулер енгізіледі. Бизнестің байламынша, бұл қазірдің өзінде көлік тасымалында, сондай-ақ бүкіл құрылыс саласында проблема тудырып жатыр.

«Құрылыс енді баяу жүретін болады. 10 текше метрлік жүк көлігімен бір рет қана қатынағанда бетонның үлкен көлемін бірден жеткізуге болады. Оған тосқауыл қойылғанда, үш текше метрлік шағын көліктермен дәл сол көлемді үш рейспен тасуға тура келеді. Оның өзінде көлік табылса және ол жолай сынып қалмаса! Бұл жағдайда құрылыстың біту мерзімі ұзайды. Бұл не деген сөз? Халық зарыға күткен баспана, мектептер мен ауруханалар және басқасы бұрынғы жылдарға қарағанда аз салынады. Бұған қоса, құрылыстың өзіндік құны жалпы смета бойынша кем дегенде 5–7%-ға қымбаттайды», – деді Лазарев елордалық кәсіпкерлер палатасында мәселені талқылау кезінде.

«Жығылғанға жұдырық» дегендей, шенеуніктер депутаттармен бірігіп, 2022 жылғы 29 желтоқсанда №174-VII ҚРЗ заңы арқылы қолданыстағы «Автомобиль көлігі туралы» ескі заңды 38-2-баппен толықтырған. Бұл жаңа бап тек 2026 жылдың 1 қаңтарында күшіне енеді.

Ақпарат құралдарының жазуынша, жаңа бапқа сәйкес, ел арасында «самосвал» аталатын, заңда «жүктерді өзі аударғыш» делінген, салмағы 25 тоннадан асатын автомобилдердің үлкен жолдарға шығуына тыйым салынады. Машинаның бұл түрін пайдалануға мүлдем тыйым салынбайды, бірақ оларды тек кенорнында, карьерде, дала жолдарында ғана айдауға рұқсат етіледі. Асфальт жолға, соның ішінде трассаға және қала көшелеріне шығуына жол берілмейді.  

«Рұқсат етілген ең жоғары массасы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген автокөлік құралының жол берілетін жалпы массасынан асатын жүктерді өзі аударғыш автомобильмен Қазақстан Республикасының жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарымен және елді мекендерінің көшелерімен тасымалдауға жол берілмейді», – делінген «Автомобиль көлігі туралы» жаңартылған заңның аталған 38-2-бабында.

Кәсіпкерлер «Жаңа жыл» мерекесі күні күшіне енетін бұл нормадан да қатты қауіптеніп отыр. Өйткені салмағы 25 тоннадан ауыр тартатын, үш өсті бұл көліктер де құрылыста кеңінен пайдаланылады.

Жиында бизнес өкілдері шенділер тарапынан қысымның тарихта теңдессіз деңгейге дейін өсіп кеткеніне шағымданды.

Тасымалдаушылардың және құрылыс компанияларының мәлімдеуінше, биылғы күзде жүк көліктеріне автоматты режимде салынатын айыппұлдар жиілеп кеткен. Нақтылағанда, мәселе «үшінші жолақпен қозғалуын» тіркеу және «3.4. Жүк көліктерінің жүруіне тыйым салынады» белгісі астында қозғалу үшін айыппұлдар туралы болып отыр.

Кәсіпкерлер көшелер мен жолдарда қаптата орнатылып жатқан фото және бейнекамералар жол қозғалысындағы нақты жағдайларды ескермейтініне қапаланады. Мысалы, жолда апат болса, немесе асфальт опырылып түссе, оны айналып өтуге тура келеді.

Сонымен қатар оралымсыз алып жүк көліктеріне бір көшеден екіншісіне бұрылу кезінде бірнеше жолақты жалғыз жайлауы немесе қарсы қозғалысты бөліп тұрған сызықтан шығып кетуі мүмкін. Осы кезде бейнекамералар оны фотоға түсіріп алады.

Жол жүрісі қағидаларында (бұрынғыша – «жол қозғалысы ережелерінде») мұндай жағдайларда жеңілдік жасалған. Сондықтан ол жерде тірі полицей тұрса, қағидаларды еске түсіріп, ешкімді тоқтатпайды және айыппұлмен жазаламайды. Ал, бейнекамераларды басқаратын сыңаржақ жасанды интеллект ол қағидаңа пысқырмайды.  

Сондықтан талқылау қорытындысында арнайы жұмыс тобын құру туралы шешім қабылданды. Оның құрамына жүк тасымалдаушылардың, Астана кәсіпкерлер палатасының, Әкімшілік полиция басқармасының, Цифрландыру және мемлекеттік қызметтер басқармасының, сондай-ақ бейнебақылау жүйесі операторларының өкілдері кіретін болды.

Жұмыс тобына проблемалық түйткілдерді егжей-тегжейлі зерттеп, жүк көліктері қозғалысының нақты жағдайларын талдау жүктелді. Соның нәтижесінде ұсыныстар дайындалып, одан әрі қарауы және шешім қабылдауы үшін Астана қаласының полиция департаментіне жолданады. Бұдан не нәтиже шығатыны әзірге белгісіз.

Кейінгі жылдары заңдармен қабылданған көп тыйымның құрылыс саласына кесірін тигізгенін статистика мамандары жоққа шығармайды. Кедергілер мысалы, құрылыс қарқынын қазірден баяулата бастапты.

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2023 жылғы қаңтар-қарашамен салыстырғанда, 2024 жылғы қаңтар-қарашада тұрғын үй құрылысы жұмыстарының көлемі 17,3%-ға артқан болатын. Алдыңғы жылдардағы серпін одан да көп болыпты.

ҰСБ жаңа дерегінше, 2025 жылғы қаңтар-қарашада тұрғын үй құрылысы жұмыстарының көлемі небары 6,5%-ға артқан. Салдарынан өсім қарқыны 2,6 есеге күрт құлдырапты.

Айта кету керек, өткен жылы көп өңір құрылыс жұмыстары мен қызметтерінің көлемі жөнінен рекорд орнатып еді. Қызылорда облысында саладағы өсім 2024 жылы – 162%-ға, Қарағанды облысында – 140,7%-ға, Жетісу облысында – 139,1%-ға, Түркістан облысында – 131%-ға, ШҚО-да – 126,6%-ға, СҚО-да – 126,2%-ға, Шымкентте – 125,5%-ға, Астанада – 125,3%-ға, Ұлытау облысында – 123%-ға, Абай облысында – 122,8%-ға, Алматы облысында – 120,6%-ға, Жамбыл облысында – 118%-ға жеткен еді. Осылайша, өңірлердің басым көпшілігі жалпыреспубликалық көрсеткіштен (17,3%) жоғары межеге қол жеткізді.

Алайда енді шетсіз-шексіз шектеулер және тыйымдар кесірінен мұндай жетістік арманға, асу бермес асқарға айналғалы тұр. Мысалы, 2024 жылғы қаңтар-қарашамен салыстырғанда 2025 жылғы қаңтар-қарашада Атырау облысындағы орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі небары 73,8%-ды құрап, кері кетті. 20 өңірдің 12-сінде немесе басым көпшілігінде биыл өсім көлемі 120 пайызға да жетпейді. Былтырғы 162% деген рекордтық көрсеткіш биыл бірде бір өңірде тіркелген жоқ.

Статистика мамандары Қазақстанда баспана халық үшін әлден қолжетімсіз болып қалғанын жасырмады. Соның кесірінен тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелерінің саны бірден 3,1%-ға құлдыраған. Бұл салада рецессия басталыпты.

«2025 жылғы қарашада тұрғын үйді сатып алу-сату бойынша небары 39 973 мәміле тіркелген. Соның ішінде жеке үйлер бойынша 8 751 және көппәтерлі үйлердегі пәтерлер бойынша – 31 222 мәміле жасалды. 2025 жылғы қазанмен салыстырғанда (41 259) тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелерінің саны 3,1% азайып кетті. Мәмілелер саны бойынша Астана (8 861 – 22,2%) және Алматы (7 443 – 18,6%) қалалары, Қарағанды облысы (2 731 – 6,8%) көш бастады. Мәмілелер саны Ұлытау облысында ең аз – бар-жоғы 339 мәміле (0,8%)», – делінген Ұлттық статбюро дерегінде.

Бұл ретте Маңғыстау (-17,7%), Ақмола (-15,2%) және Атырау (-12,7%) облыстарында рекордтық құлдыраулар орын алды. Бұл өңірлерде қарапайым жұрт баспана алуды доғара бастағандай. Өзге өңірлердегі жағдай да мәз емес.

«Бір айдың ішінде көппәтерлі үйлердегі тұрғын үй мәмілелер саны 4,1% (1 320 мәмілеге) азайған. 2025 жылғы қарашада пәтерлер бойынша барлығы 31 222 мәміле ғана жасалды. Көппәтерлі үйлердегі тұрғын үй саудасының негізгі үлесі Астана (27,9%), Алматы (21,9%) қалаларына және Қарағанды облысына (7,3%) тиесілі. Негізінен 2 бөлмелі пәтерлер сатылымы басым болды, 2025 жылдың қарашасында олар бойынша 11 888 мәміле ресімделген», – деп мәлім етті статорган. Ендеше тұрмысы төмендеген ел көпбөлмелі пәтер алуға қабілетсіз бола бастағандай.

Жеке тұрғын үйлер саудасында стагнация: бұрынғы қарқынды өсім жоқ, мәмілелер саны 0,4% (34 мәмілеге) ғана өсті. Қарашада барлығы 8 751 мәміле тіркелген. Жеке тұрғын үйлерді сатып алу бойынша ең көп төмендеу Маңғыстау (-12,8%) облысында, Шымкентте (-12,1%) және Ұлытау (-11,3%) облысында тіркелді.

ҰСБ мәліметінше, құрылыс қарқынының баяулауы және өзіндік құнының өсуі аясында баспана күрт қымбаттауда. 2025 жылғы қазан айында жаңа баспананың 1 шаршы метрінің бағасы 555,2 мың теңгеге шарықтады. Баға 2024 жылдың қазанынан бері 13,1%-ға артып шыға келген.

Салыстырсақ, Ұлттық статистика бюросының дерегінше, Қазақстанда 2024 жылдың ІІІ-тоқсанына қарағанда, 2025 жылғы ІІІ-тоқсанда нақты жалақы индексі (Индекс реальной зарплаты) өсу орнына төмендеген және 98 пайызды құрады. Биылғы І-тоқсандағы өсімі – 1,2 пайыз ғана болса, ІІ-тоқсанда – 0 пайыз болды. Жыл соңында құлай бастады.

Құлдырау көптеген салада тіркелуде:

·      Өнеркәсіп салаларында – 98,8%-ға;

·      Тау-кен өндіру өнеркәсібі және карьерлерді қазуда – 96,2%-ға;

·      құрылыста – 91,3%-ға;

·      Қонақүй, үйді жалға беруде және тамақтану бойынша қызмет көрсетуде – 94,6%-ға;

·      Қаржы және сақтандыру қызметінде – 94,7%-ға;

·      Кәсіби, ғылыми және техникалық қызметте – 95,7%-ға;

·      Әкімшілік және қосалқы қызмет көрсету саласындағы қызметте – 89,1%-ға;

·      Мемлекеттік басқару және қорғаныс; міндетті әлеуметтік қамсыздандыру саласында – 99,4%-ға;

·      Білім беру ісінде – 95,3%-ға;

·      Денсаулық сақтау және халыққа әлеуметтік қызмет көрсетуде – 93,5%-ға;

·      Көрсетілетін қызметтердің өзге де түрлерін ұсыну саласында – 97,4%-ға дейін төмендеп, кері кетті.

Жалақысы азайған соң қазақстандықтар көңілі қалып, түңіліп, жұмысын тастап кетуде. 2025 жылдың IІI тоқсанының соңында кәсіпорындардан және ұйымдардан 63 871 адам өз еркімен кетіп қалған. Жұмысынан жерігендер саны өткен тоқсандағыдан 1 572 бірлікке өсті.

ҰСБ жұмысшылары жаппай кетіп жатқан салаларды атады: салалық құрылымда бос орындардың ең көбі 28,9%-ы – өнеркәсіпте. Демек, Қазақстан нағыз жұмысшылардан айрылуда. Бұдан кейін мемлекеттік қызметшілер сапы сиреп жатыр. Вакансиялардың 15,5%-ы – мемлекеттік басқарудың, қорғаныс саласының, міндетті әлеуметтік қамсыздандырудың еншісінде. Тағы 10,6%-ы – көтерме және бөлшек саудада, автомобильдерді және мотоциклдерді жөндеуде (СТО-лар да бар). «Жұмысшы мамандықтары жылының» бір қорытындысы осындай болса керек.


Дереккөз: inbusiness.kz