Пн. Окт 7th, 2024

Облыс әкімдігі әлі мардымды жауап бермеген.

Бокстан Токио олимпиадасының қола жүлдегері, әлем чемпионы Сәкен Бибосынов Түркістан қаласында өзіне берілген 2 бөлмелі пәтерді әлі күнге өз атына рәсімдей алмай жүр, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.

Токио Олимпиадасынан кейін елге оралған боксшыға сол кездегі облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев салтанатты түрде 2 бөлмелі пәтер берген. Алайда, Олимпиада жүлдегеріне заңмен бекітілген баспана жеке атына емес, тек жалдау құқығымен беріліпті.

Бұл туралы блогер Олжас Мамыр Facebook парақшасында жазды.

«Мұның бәрі өтірік болып шықты. Ол үйді Сәкеннің атына әлі аудармаған. Берілген баспана арендалық үй. Turkistan Sport үйді қашан табыстайсыздар? Әлде барлық жерде осылай дүркіретіп беріп, көзбояушылыққа өттіңіздер ме? Қанат аға, өтініш тез реттеп берсеңіз. Әйтпесе басқада дүниелердің арты ашылады. Ақша жинауға байланысты. Үйді берсеңіздер, менде тынышпын. Бермесеңіздер, Ақордаға шығуға мәжбүрміз», — деп жазды блогер.

Блогер Түркістан облысының қазіргі әкімі Дархан Сатыбалдыға өтініш жасады.

«Құрметті, Дархан аға! Сізден үлкен өтініш. Облыстың спортына назар аударсаңыз. Спортшыларды демеу орнына артты шикі тірліктер жасалып жатыр. Бұл деңгейде кетсек, облыстан чемпиондар қашып кетеді. Париж алтын алады деген үміт Сәкенде көп. Ертең бетіне қарай алмай тұрмайық», — деп жазды ол.

Оның сөзінше, боксшы Түркістанға қоныс аударғысы келген.

«Алда Түркістанға қоныс аударамын. Осында жаттығамын. Жаңадан құрылып жатқан «Тұран» бокс клубында жаттығу жасап, әрі жастарға шеберлік сабағын өткізуді жоспарлап отырмын» деген Сәкен Бибосынов әлі қоныс аудара алмай жүр, — деп жазды Олжас Мамыр.

Ал боксшы Сәкен Бибосынов ендігі жерде БАҚ өкілдері мен Спорт қорынан үміт күтетінін алға тартты.


Дереккөз: Inbusiness.kz