Чт. Май 9th, 2024

Бүгінгі таңда Ханчжоуға 200-ден астам қазақстандық спортшы келді. 

21 қыркүйекте Ханчжоуда (ҚХР) Азия ойындарының кезекті жарыс күні өтті. Қазақстан спортшылары түрлі спорт түрлерінің біліктілік раундтарына қатысты, ал Атлетикалық қалашықта Қазақстанның туы көтерілді.

Бүгінгі таңда Ханчжоуға 200-ден астам қазақстандық спортшы келді. Қазақстан құрамасы спортшылар қалашығында орналасқан және барлық нысандар мен жаттығу базаларына қолжетімді.

Қазақстан құрамасына барлығы 525 спортшы кірді, олар  спорттың 30 түрінен медальдар үшін бақ сынайды, оның 27-сі — олимпиадалық.

Қазақстанның туы Ханчжоуда орналасқан басты қалашықта ресми түрде 21 қыркүйекте көтерілді. Бұл Қазақстан спорт делегациясының Азия ойындарына ресми келуін білдіреді.

«Бүгін Ханчжоудағы Азия ойындарында салтанатты жағдайда еліміздің туы көтерілді. Кейбір спорт түрлерінде іріктеу кезеңі басталып та кетті. Алда бізді медальдар үшін қызу күрес күтіп тұр.

Қазіргі уақытта Ханчжоуда біздің 200-ден астам спортшымыз орналастырылды. Барлық спортшы үшін қажетті жағдай жасалынған. Туындаған мәселелер олимпиадалық штабта жұмыс тәртібімен шешімін тауып жатыр», — деді Ұлттық Олимпиадалық комитеті спорт департаментінің директоры Елсияр Қанағатов.

Бүгінгі күннің басты жаңалығы екі рет финалға шығу болды. Ескек есу командасының өкілдері барлық іріктеу кезеңдерін сәтті аяқтады. 24 қыркүйекте өтетін финалға Светлана Германович пен Мария Чернец әйелдер «екілігі» кірді.

Әйелдер «төрттігінің» экипажы да медаль үшін күреседі. А финалына Мария Чернец, Светлана Германович, Мелани Жакупова, Анджела Полянина шықты. Шешуші мәре 25 қыркүйекте өтеді.

Ерлер арасындағы «екілікте» Анастас Шашков пен Александр Афанасьев жұбаныш раундының қорытындысы бойынша басты финалға өте алмады. Олар 24 қыркүйекте В финалында өнер көрсетеді.

Жағажай волейболында топтық раундтар жалғасуда. Алина Раченкова мен Анастасия Уколова 0:2 есебімен Жапония командасына жол берді. Лаура Кабулбекова мен Надежда Иванченкодан құралған тандем қытайлық спортшылардан дәл осындай есеппен ұтылды. Ерлер арасында — Дмитрий Яковлев пен Сергей Богату Оңтүстік Кореядан келген волейболшыларды 2:0 есебімен жеңді.

Сондай-ақ волейболдан топтық раундтың матчы өтті. Отандық ерлер құрамасы қытайлықтарға жол берді (0: 3).

Ақпарат үшін:

Азия ойындары-2022 Ханчжоуда 23 қыркүйектен 8 қазан аралығында өтеді. Жазғы Азия ойындарының ресми ашылу салтанаты 23 қыркүйекте өтеді. Біздің ұлттық құрамада 30 спорт түрінен өнер көрсететін 525 спортшы бар. Париждегі 2024 жылғы Олимпиада ойындарына қатысуға лицензиялар тоғыз түрде ойналады. Жалпы, Азиадада 61 спорт түрі бойынша 481 медаль жиынтығы ойналатын болады. Ханчжоудағы Азия ойындары туралы барлық соңғы жаңалықтар www.olympic.kz сайтында қашанда қолжетімді және ҚР Ұлттық Олимпиадалық комитетінің ресми аккаунттарында орналастырылған.


Ақпарат көзі: Inbusiness.kz