Ср. Апр 16th, 2025

15 сәуір күні Қазақ спорт және туризм академиясында Гимназиада–2025 жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Халықаралық жарыста Қазақстан атынан 22 спортшы бақ сынады, олардың 12-сі – Halyk қорының қолдауымен жүзеге асырылатын Auyl Sport жобасының қатысушылары. Марапаттау салтанатына ұйымдастырушылар, жаттықтырушылар, журналистер және, әрине, жарыста жеңіске жеткен жас спортшылар жиналды. Ауылдан келген балалар үшін бұл жай ғана спорттық жетістік емес, өмірлік бетбұрыс, өз-өзіне сенуге мүмкіндік, шын мәнінде көп нәрсеге қабілетті екенін сезіну сәті болды.

Ulysmedia.kz тілшісі шара кезінде ерекше бір шабыт пен мағынаға толы сәттің лебі сезіліп тұрғанын, мұндай әсер қатысушылардың есінде ұзақ сақталатынын байқады.

Залда – кеуделерінде жарқыраған медальдары бар ондаған бала. Бірі ұялып күлімдесе, бірі мақтанышпен диплом ұстап тұр, енді бірі қолын қайда қоярын білмей, қобалжып тұр. Фотоаппараттар шырт-шырт етеді, микрофондар созылып жатыр, ал журналистер жарыса сұрақ қойып, чемпионнан жауапты бірінші болып алуға тырысуда.

Ал чемпиондардың өзі – барынша сенімді көрінгісі келгенімен, кенеттен тап болған осынша назар мен қошеметтен сәл абдырап қалған. Олардың орнында кім толқымас? Кеше ғана ауылдың шағын спорт залында жаттығып жүрген бала, бүгін – телекамералар мен микрофондардың ортасында, жүздеген тамсанған адамның назарында.

Спортшылар мен жаттықтырушылар

Залда ерекше бір мақтаныш сезімі байқалды — бұл сезім балалардың жетістігіне, оларға жол ашқан адамдарға және осындай өмірді өзгертетін оқиғалардың шынымен мүмкін екеніне деген сенімнен туған еді.

АУЫЛДАН ӘЛЕМДІК ЖАРЫСҚА ДЕЙІН

Бұл – Halyk қоры жүзеге асырып отырған Auyl Sport жобасының қатысушылары. Бұл – жай ғана жарыс емес, спорт арқылы ауыл балаларын қолдауға бағытталған кең ауқымды бағдарлама. 2024 жылы жобаға 200 ауылдан 12 мыңнан астам жасөспірім қатысқан, соның ішінде 1300-і финалға, ал 22-сі Сербияда өткен «ISF U-15 Гимназиадасына» жолдама алған.

Жарыс 4–14 сәуір аралығында Златиборда өтті. Оған 55 елден 2500-ден астам оқушы қатысты. Қазақстан құрамасы 22 спортшымен қатысып, 11 медаль (оның ішінде 6 алтын) жеңіп алды.

Жеңімпаз Шыңғыс Макаров

– Auyl Sport — ауыл балаларына үлкен спортқа жол ашатын әлеуметтік лифт. Бұл тек спорттық бастама емес, жүйелі жұмыстың жемісі. Бүгінгі жетістік – соның дәлелі, – деді Halyk қорының атқарушы директоры Ғалымбек Жақсылықов.

Жеңімпаз Айбек Садық пен жаттықтырушылары

Бокстан өткен жарысқа 19 елден 160 спортшы қатысып, Шыңғыс Макаров, Айбек Садық және Нұртас Әлімбай алтын медаль жеңіп алды.

— Гимназиададағы алтын медаль — ауылдан шыққан бала үшін баға жетпес жетістік. Бұл — ата-анам мен туған ауылымның сенімін ақтағанымның белгісі. Auyl Sport жобасы мен Halyk қорына алғыс айтамын — бұл жеңісті мені қолдаған барлық адамға арнаймын, — деді Шыңғыс Макаров әсерімен бөлісіп.

Шахмат та тартысты өтті. 17 елден келген 100-ден астам қатысушы арасында Жанат Нұрым мен Олтинай Алғаппарова арнайы жүлделерге ие болды. Ал жарыстағы ең жас шахматшы — сегіз жастағы бала — сұхбат беруден бас тартты. Бәлкім, ол үшін бастысы — шахмат фигуралары шығар, ал микрофон мен камера аса маңызды емес.

Жанат Нұрым —  Гимназиаданың ең кішкентай қатысушысы

Делегация басшысы Ақан Зейнұлла балалардың өз-өзіне сенімсіздігін қалай жеңгені жайлы әңгімелеп берді.

— Бастапқыда балалар өздерін жат ортада жүргендей сезінді. Бірақ үш күн өткен соң қарасақ — бұрыннан бірге жүргендей, үйренісіп кетіпті. Бразилиялықтармен, мексикалықтармен араласып, күлісіп, бірдеңелерді талқылап жүр. Өзара тіл табысып алған. Бұл — нағыз бейімделу деген осы, – деді ол.

Ақан Зейнұлла ағылшын тілінің маңыздылығына да ерекше тоқталды.

— Мен ағылшын тілін үйреніңдер деп үнемі айтамын. Ол — басқа елдің спортшыларымен, ұйымдастырушылармен, төрешілермен тілдесу үшін өте қажет. Әсіресе дау туындай қалса, сол кезде керек болады. Бірақ мен біздің балалардың бәрі алғыр екеніне сенемін. Үйге оралған соң міндетті түрде үйренеді. Бұған сенімдімін, – деді ол.

Сөз соңында ол Спорт және туризм академиясы мен Halyk қорын құттықтап, балаларға қолдау көрсеткен әрбір жанның үлесін ерекше атап өтті.

— 22 спортшы барып, 11 медальмен қайту — бұл балалар бар күш-жігерін салды деген сөз. Оның алтауы — алтын. Балалар өте тәртіпті болды, ешкімге ұят келтірмеді, жанжал шығармады, Қазақстанды лайықты таныта білді. Оларға алғысымыз шексіз.

БАЛАЛАР НЕ ДЕЙДІ

— Бізге сенім артқан ұйымдастырушыларға үлкен рақмет. Бұл сапарда мен бір маңызды нәрсені түсіндім: ағылшын тілі барлық жерде керек екен. Үйге барған соң, оны мықтап оқимын деп өзіме уәде бердім, — деді Айбек Садық.

Сондай-ақ, бізге жас боксшы Аруен Есуеновпен де тілдесудің сәті түсті. Ол сұрақтан тосылып қалмады. «Ауылдағы өзің сияқты балаларға қандай кеңес берер едің?» деген сұраққа:

— Өзіңізді аямай, жаттығуды қалдырмаңыз. Ұнаған іспен айналысыңыз, жаңа нәрседен қорықпаңыз, — деп қысқа да нұсқа жауап берді.



Аруент Есуенов – боксшы

— Біздің ауылда ринг те, боксқа арналған арнайы құрал-жабдық та жоқ еді. Соған қарамастан, балалар жоғары нәтиже көрсетті. Енді ауылдардағы спорт одан әрі дамыса екен дейміз, — деді бокс бапкері.

Тимур Құлыбаевтың Halyk қоры бұл сапарды толық қаржыландырды: спортшылардың жолақысы, тұратын орны, тамағы мен киім-жабдығы түгел қамтылған.
Жеңімпаздарға ақшалай сыйлықтар табысталды: алтын медаль үшін – 1 миллион теңге, қола медаль үшін – 300 мың теңге, шахматшыларға – 200 мың теңгеден.

Сонымен қатар жаттықтырушыларға да алғыс пен арнайы сыйақы беріліп, олардың еңбегі лайықты түрде бағаланды.

ШАРА ЖАЙЛЫ АЗ-КЕМ

Медальдар, марапаттар, естелік фотолар, балалардың күлкісі мен қуаныштан тамған көз жасы… Бірі – бәрін видеоға түсіріп жүр, бірі – алғыс сөзін іштей қайталап тұр, енді бірі – бұрышта үнсіз тұрып, қолындағы медальге қарап, әлі де сенбей тұрғандай.

Бұл – жай ғана марапаттау рәсімі емес еді. Бұл – елдің әрбір ауылында талант бар екенін еске салғандай болды. Ең бастысы – сол талантты өшіріп алмау.

Менің анам да ауылда өскен. Мектепте озат оқушы болған, спортпен де айналысқан, белсенді пионер, комсомол қатарында болған. Оның бойында бәрі бар еді: күш те, ақыл да, мінез де. Бірақ сол кезде Auyl Sport секілді жоба болмады. Демеушілер болмады. Сапарлар да болмады. Ең бастысы – «Сенің қолыңнан келеді» деп айтатын адам болмады. Ол бұл туралы жиі мұңая еске алады. Мүмкін, егер сондай мүмкіндік болса, спортшы болар ма еді? Медаль алар ма еді? Әлде тек біреу оның еңбегі бекер кетпегенін сездірсе екен дей ме еді…


Дереккөз: ulysmedia.kz