Ср. Июн 17th, 2026

Жоба Атырау облысы Денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен және «Теңізшевройл» компаниясының Әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы аясында AYALA қайырымдылық қоры тарапынан жүзеге асырылуда.

Атырауда дәрігерлердің біліктілігін арттыруға арналған ауқымды «AYALA Академиясы» бағдарламасы аясында Италиядан келген профессор Тулио Гидің қатысуымен ультрадыбыстық диагностика мамандарына арналған сараптамалық пренаталдық диагностика бойынша бес күндік оқу курсы өткізілуде, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Тулио Ги – Халықаралық акушерлік және гинекологиядағы ультрадыбыс қоғамының (ISUOG) ғылыми комитетінің және Италияның акушерлік және гинекологиядағы ультрадыбыс қоғамының мүшесі. Оның еңбегі пренаталдық диагностика мен феталдық медицина саласындағы жетістіктері үшін көптеген халықаралық ғылыми ұйымдардың марапаттарына ие болған. Ол Қасиетті Жүрек Католик университетінің акушерия және гинекология профессоры, сондай-ақ Рим қаласындағы Gemelli IRCCS ауруханасының Әйелдер мен балалар денсаулығы ғылымдары департаментінің акушерия және акушерлік патология бөлімінің директоры болып табылады.

Жоба Атырау облысы Денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен және «Теңізшевройл» компаниясының Әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы аясында AYALA қайырымдылық қоры тарапынан жүзеге асырылуда.

«Пренаталдық диагностика қызметін дамыту Атырау облысындағы ана мен бала денсаулығын қорғау жүйесінің маңызды бағыттарының бірі болып табылады. Бүгінде біздің алдымызда нәресте өлімін төмендету көрсеткіштерін жақсартумен қатар, жүктілік кезеңінде туа біткен патологиялар мен қауіп факторларын ерте анықтаудың тиімділігін арттыру міндеті тұр. Осы тұрғыда ультрадыбыстық диагностика мамандарының әлемдік деңгейдегі сарапшыдан білім алуы өңір үшін үлкен практикалық маңызға ие. Алынған білім дәрігерлерге жүктіліктің күрделі жағдайларын диагностикалауды жетілдіруге және ана мен баланың денсаулығы мүддесі үшін анағұрлым дәл клиникалық шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді», – деп атап өтті Атырау облысы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қайсар Абдалиев.

Сараптамалық пренаталдық диагностика бойынша мастер-класс 15 маусымда Облыстық перинаталдық орталықта басталып, 19 маусымға дейін жалғасады. Оқытуға Атырау облысының барлық аудандық ауруханаларынан, Облыстық перинаталдық орталықтан, Атырау қалалық перзентханасынан және қалалық 7 емханадан келген 29 ультрадыбыстық диагностика дәрігері қатысуда.

«Ана мен нәресте өлімін одан әрі төмендету Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесін дамытудың маңызды басымдықтарының бірі болып қала береді, өйткені бұл өңірлердің әлеуметтік әл-ауқаты мен халыққа көрсетілетін медициналық көмектің сапасын тікелей көрсетеді. Осыған байланысты Әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы аясында Атырау облысында жүзеге асырылып жатқан «AYALA Академиясы» жобасының маңызы ерекше. Ол мемлекеттік медициналық ұйымдардың дәрігерлеріне заманауи халықаралық тәжірибеге қол жеткізуге және өңірден шықпай-ақ біліктілігін арттыруға мүмкіндік береді. Осындай білім беру бастамалары өңір тұрғындарына көрсетілетін медициналық көмектің сапасын одан әрі арттыруға ықпал етеді деп сенеміз», – деді «Теңізшевройл» ЖШС Үкіметпен және қоғаммен байланыс жөніндегі бас менеджері Нұрмұхамед Қаратабаев.

Мастер-класс барысында Атырау облысының дәрігерлері өңір үшін маңызды бірқатар бағыттар бойынша заманауи диагностикалық әдістерді теориялық және практикалық тұрғыдан меңгереді. Олардың қатарында жүктіліктің I-III триместрлеріндегі кеңейтілген ұрықтың ультрадыбыстық зерттеуі, нейросонография және асқазан-ішек жолдарының құрсақішілік патологияларын диагностикалау бар.

Бағдарламада пренаталдық диагностиканың инвазивті әдістеріне, кеңейтілген генетикалық зерттеулерге, сондай-ақ ұрықтың құрсақішілік өсуінің тежелуі мен плацента аномалияларын қоса алғанда, негізгі акушериялық синдромдарға ерекше назар аударылады.

«Қорымыздың басты мақсаты – мемлекетке туа біткен мүгедектікті азайтуға көмектесу. Сондықтан Италиядан келген сарапшының мастер-класына Атырау облысының барлық аудандық ауруханаларынан УДЗ дәрігерлерінің қатысып отырғаны ерекше маңызды. Біз қазақстандық дәрігерлер арасында практикалық білім мен халықаралық сараптамаға деген жоғары сұранысты көріп отырмыз. Сол себепті соңғы 15 жыл бойы медицина мен диагностикадағы заманауи тәсілдерді қалыптастыратын жетекші халықаралық практиктерді шақырып келеміз. Дәрігерлердің алған озық білімі кейін балалардың сақталған өміріне және олардың өмір сапасының артуына айналады», – деп атап өтті AYALA қайырымдылық қорының негізін қалаушысы әрі президенті Айдан Сүлейменова.

AYALA қайырымдылық қоры – Қазақстандағы неонатология саласына маманданған жалғыз қайырымдылық қор. Қор 19 жыл ішінде перинаталдық орталықтардың, балалар ауруханалары мен ғылыми орталықтардың 67 реанимация бөлімін заманауи медициналық жабдықтармен қамтамасыз ету үшін 3,2 млрд теңгеден астам қаражат тартып, бағыттады. Сондай-ақ білім беру бағдарламалары арқылы 2700-ден астам неонатологты, реаниматологты, ультрадыбыстық диагностика дәрігерлерін, акушер-гинекологтарды және неонаталдық мейіргерлерді қамтыды.


Дереккөз: inbusiness.kz

Бөлісу