Пн. Окт 7th, 2024

Су басу аймақтарынан 119 мыңнан астам адам эвакуацияланған.

Қазіргі уақытта еліміздегі су тасқыны жағдайы жалпы тұрақталып келеді. Бұл туралы Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.  

«Осы аптада Атырау облысында су тасқынының қауіпті кезеңі күтілуде. Қазір Жайық өзеніндегі су деңгейі Индербор және Махамбет аудандарында су бекеттерінде қалыпты белгілерден асып түсіп отыр. Өңірде тиісті бөгеттерді күшейту жұмыстары жалғасып жатыр. Осы өңірде барлығы 500 шақырымнан астам бөгет салынған болатын. Еліміздің 8 өңірінде жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай режимі сақталуда. Ақтөбе облысындағы 2 елдімекен әлі де көлік қатынасынсыз. Олар азық-түлікпен және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілген. Үш өңірде 10 күйдіргі көмілген жерлерді су басқан болатын. Қазір тиісті қызметтер жергілікті жерлерде жедел дезинфекциялық іс-шаралар жүргізіп жатыр», — деді Премьер-Министрдің орынбасары.

Оның дерегінше, су тасқынына қарсы іс-шараларды жүргізу үшін 7 мыңнан астам адам, 1901 бірлік техника, оның ішінде 6 әуе кемесі жұмылдырылды. 

«Су басу аймақтарынан 119 мыңнан астам адам эвакуацияланды. Оның 44 мыңы балалар. Бүгінгі таңда 55600 адам өз үйлеріне оралды. Елімізде 12 908 тұрғын үй су астында қалды. Оның ішінде үш өңірде 264 үй әлі де су астында қалып отыр. 25 921 саяжай учаскесі су астында қалды», — деді Қанат Бозымбаев.


Дереккөз: inbusiness.kz