Пн. Окт 7th, 2024

Алматы облысының Үлкен ауылында күні кеше атом электр станциясының орнын белгілеу бойынша жария тыңдау болып өтті. Бір жарым сағатқа созылған тыңдаудың «тыңдау» деген аты болмаса, заты айқай-шуға айналып, ауылға келген белсенділер мен Үлкен ауылының тұрғындары бір-бірімен түсінісе алмай тарқасты. 

Жалпы жария тыңдау өтетіні жөнінде Энергетика министрлігі біраз уақыт бұрын хабарлаған. Тыңдаудың өзі бірнеше мәрте шегерілген еді. Сол тұстың өзінде бүкіл Қазақстан үшін тағдыр шешті мәселенің бір ауылда ғана шешілетіні экобелсенділердің наразылығын туғызған еді. Жер-жерден белсенділер 22 тамызда Үлкен ауылына жиналды. Жария тыңдау өтетін ауылдағы мектепте жиын сағат 11.00-де басталды.

Тыңдауды Жамбыл ауданының әкімі Нұрлан Ертас ашты. Әкіммен бірге ортаға жайғасқан Бағдәулет Үстенов пен Ескелді Қасымов тыңдауды аша сала залдағылар айғай-шуға басты. Оның алдында мектепке кірмес бұрын белсенділер «Біз АЭС-ке қарсымыз» деген плакат ұстап бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне сұхбат берген еді. «Біз жай ғана белсендіміз, ешқандай ұйымда емеспіз» деген олар атом қаупі жөнінде пайым-пікірін ортаға салды.

Фото: inbusiness.kz

Энергетика министрлігінің атом энергетикасы және өнеркәсіп департаменті директорының орынбасары Гүлмира Мурсалованың айтуынша, қазіргі уақытта министрлік АЭС салуда әлеуетті деген 4 елдің технологиясын сараптап жатыр.

Фото: inbusiness.kz

АЭС қай елдің технологиясымен салынатыны былтыр жыл соңында айтылуы керек-тін. Алайда Қазақстан атом энергетикасы компаниясының да, Энергетика министрлігінің өкілдері де әлі күнге дейін нақты шешім жоқтығын алға тартты.

Жиынға келген белсенділер министрлік атом энергетикасының зияны жөнінде нақты сараптама жүргізбеді деп есептейді. Олар бұл күмәнін тыңдау барысында бірнеше рет айтты. Жиынға арнайы Павлодардан келген эколог Светлана Могилюк атом энергетикасы расында да қауіпті екенін, балалар арасында лейкимия ауруын үдететінін айтып салды. Оның бұл сөзін алайда үлкендіктер тыңдағысы келген жоқ. Олардың арасында біреуі «бізге АЭС керек, біз 40 жыл бойы күттік» деп айтып қалды.

Жиынға Алматыдан оппозиционер Рысбек Сәрсенбай мен белсенді Санжар Боқаев келді. Ортаға шығып сөз сөйлеген Рысбек Сәрсенбай: «Министрлік өкілдерінің «айтып жатқаны дұрыс, бірақ біз олардың сөзін қабылдай алмаймыз», – деді.

«Олар А әрпін айтады, Б әрпін айтпай жасырып қалады. Пайдасын, өзектілігін сөз етеді. Ар жағын айтқан жоқ. Бәріміздің алаңдататыны – оның Фукусима немесе Чернобыль сияқты жарылысқа апаруы, апатты жағдайы. Онысын айтып отырған жоқ», – деді Рысбек Сәрсенбай.

Жиында тараптар бір-біріне қарсы аргументтерін айтып бақты. Ядролық физика институтының директоры Саябек Қуанышбекұлы атом электр станциясының қоршаған ортаға зияны жоқ деп мәлімдеді.

«Біз қазір Қазақстанда «су энергетикалық реакторын» таңдап отырмыз ғой. Бұл соның нағыз прототипі. Халықаралық МАГАТЭ ұйымының талаптарын осы уақытқа дейін Қазақстан қанағаттандырып келе жатыр», – дейді ол.

Самұрық-Қазынаға қарайтын Қазақстан атом электр станциялары компаниясының басшысы Тимур Жантикин жиынға үлкендіктердің пікірін білу үшін келгенін, станция салынса, ауылға инвестиция келіп, жаңа жұмыс орындары ашылатынын жеткізді.

«Бәрі сұрақ қойып жатыр. Ең бірінші кезекте, су жағынан қауіпсіз бе деп сұрайды. Балқаш көлінде 18 млрд шарты метр су бар. Ал АЭС үшін соның бар-жоғы 3 млн шаршы метр мөлшері керек. Яғни бүкіл АЭС-ке көлдің 3 пайызы ғана қажет болады», – дейді Тимур Жантикин.

Жария тыңдауға келген Мэлс Елеусізов онсыз да деңгейі төмендеп бара жатқан Балқаш көлі суы тартылып қалуы мүмкін екенін ескертті. Оның айтуынша, «атом электр станциясын салса, Балқаш «өледі».

Фото: inbusiness.kz

«Балқашты аман алып қалуды көбірек ойлауымыз керек. Бұл ертегі емес», – дейді Елеусізов.

Бір жарым сағатқа созылған тыңдауда соңғы болып сөз алған Азаматтық альянс президенті Бану Нұрғазиева алда қосымша талқылау болатынын хабарлады. Ал жиынға келген әр адам өз ойымен тарқасты. Ортақ мәміле байқалмады. Тек түс ауа Энергетика министрлігі «талқылау кезінде жергілікті халық өңірде атом энергетикасын дамытуды қолдады, тұрғындар өз аумақтарының әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін маңызы зор екенін айтты» деген ақпарат таратты. Десе де экобелсенділер үлкен жоба Үлкен ауылының аясында шешілмеуі керек деп есептейді.


Ақпарат көзі: inbusiness.kz