Ср. Май 14th, 2025

Қазақстанда әйгілі испандық «Атлетико Мадрид» футбол клубының академиясына балаларды іріктеу және қарау басталды. Аталған академия 2025 жылдың жазында Алматы облысында өз жұмысын бастайды.

Өткен демалыс күндері Астанадағы «Футбол үйі» манежінде 2012 және 2013 жылы туған 800-ден астам жас футболшы өздерінің шеберліктерін «Атлетико Мадрид» клубынан арнайы келген мамандардың алдында көрсету мүмкіндігіне ие болды, деп хабарлайды insports.kz.

Іс-шара балалар, олардың ата-аналары және жалпы футбол жанкүйерлері арасында үлкен қызығушылық тудырды.

Іріктеуге қатысу толықтай тегін ұйымдастырылды. Балаларға арнайы осы шараға арналып жасалған футбол формасы таратылды.

Алдағы екі ай ішінде дәл осындай іріктеу кезеңдері Қазақстан мен Орталық Азияның басқа да ірі қалаларында өтеді. Қорытындысы бойынша 100-ден астам бала академияда оқуға шақырту алады. Академия интернат ретінде жұмыс істейді: қатысушыларға тұру, тамақтану, жалпы білім беру мектебі және, әрине, испандық әдістеме бойынша футбол жаттығулары қарастырылған.

Аталған әлеуметтік жоба елімізде балалар мен жасөспірімдер футболын дамытуға ғана емес, сонымен қатар саналы әрі салауатты ұрпақ тәрбиелеуге бағытталған.


Дереккөз: insports.kz