Көліктегі полиция департаменті 14 ақпанға қараған түні Астанадағы ескі вокзал аймағында болған күшті жарылыс туралы мәліметтерді берді
14 ақпанға қараған түні Астанадағы ескі вокзал ауданында қатты жарылыс болды. Әлеуметтік желідегі куәгерлердің айтуынша, жарылыс толқынын көрші аудандардың тұрғындары да сезген. Кейбір жерлерде терезелер сынған.
Ведомство мәліметінше, сағат 00:25-те Астана станциясының сұрыптау паркінің 12-жолында пойызбен келген контейнер жарылған. Қаза тапқандар жоқ. Бір адам қолынан жеңіл жарақат алған. Жолаушылар мен жақын маңдағы тұрғындарға қауіп жоқ.
«Бұл факт бойынша көлік полициясы департаменті «Теміржол көлігі қозғалысы немесе пайдалану қауіпсіздігі ережелерін бұзу» бабы бойынша қылмыстық іс қозғады. Оқиға орнына дереу департамент басшылығы барды. Арнайы жедел топ құрылып, оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға кірісті», – делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта тергеу жүргізіліп, оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.
ДЕРЕККӨЗ: TENGRINEWS