Жақында Астанаға жеткізілген LRT вагондары арнайы техника көмегімен рельстерге орнатылды. Мамандар көлік құрамын биыл күзге жоспарланған сынақ жұмыстарына дайындап жатыр
Қалалық көлік жүйесі өкілдерінің мәліметінше, №101 станцияда екі вагоннан тұратын жеңіл рельсті көлік (LRT) құрамын көтеру жұмыстары сәтті жүргізілді. Құрамды көтеру барлық техникалық және қауіпсіздік талаптарын сақтай келе штаттық режимде өткен.
Олардың айтуынша, құрамды көтеру – LRT жүйесін салу аясындағы жоспарлы шаралардың бір бөлігі. Вагондар станцияда 2025 жылғы қыркүйекке жоспарланған сынақтық іске қосу жұмыстарына дейін тұрады.
«LRT жобасын іске асыру – заманауи қалалық көлік инфрақұрылымын дамытуға, тұрғындардың мобильділігі мен жайлылығын арттыруға бағытталған. Алғашқы құрамды көтеру – жобаны жүзеге асырудағы маңызды кезең. Біз жұмыс кестесіне сай алға жылжып келеміз, алдағы күзде LRT жүйесінің сынақ жұмыстарын бастаймыз», — деді City Transportation Systems басқарма төрағасы Асылбек Дүйсебаев.
Еске сала кетейік, 9 маусымда елордаға LRT-ның алғашқы жылжымалы құрамы жеткізілді. Құрамдар арнайы жабдықталған автотралдармен әкелінді. Олардың әрқайсысы төрт вагоннан тұрады.
ДЕРЕККӨЗ: NUR.KZ