Пт. Май 9th, 2025

Астананың Сарыарқа ауданында орналасқан базардан өрт шықты. Оқиға орнында өрт сөндірушілер жұмыс істеп, қызыл жалынды оқшаулады

Желіде «Шапағат» базарының түтінге оранған сәтінде түсірілген видео жарияланды.

ТЖМ құтқарушылары базардағы адамдарды эвакуациялап жатқаны хабарланды.

«Оқиға орнында күштер мен құралдар жоғары дәрежеде жұмыс істеп жатыр. Зардап шеккендер бойынша ақпарат түскен жоқ», — делінген хабарламада.

Өрт сағат 11:28-де оқшауланды.

ТЖМ таратқан алдын ала мәлімет бойынша, шамамен 400 шаршы метр аумақты алып жатқан 10-ға жуық бутикті от шарпыған.

«Жедел штаб құрылып, 3 жауынгерлік учаске ұйымдастырылды. Газ-түтіннен қорғау қызметінің (ГТҚҚ) 5 буыны жұмылдырылды, іште адамдардың бар-жоғы әлі тексеріліп жатыр.

Өрт орнына суды беруді үздіксіз қамтамасыз ету үшін өртке қарсы гидранттарға қосылған 3 автоцистерна орнатылды», — деп хабарлады ТЖМ Telegram-дағы арнасында.

Оқиға орнында ТЖД жеке құрамынан 71 адам және 20 техника жұмыс істеді.

Сағат 12:16 шамасында ТЖМ баспасөз қызметі өрт толығымен сөндірілгенін мәлім етті.

«Өрт сөндірушілердің үйлесімді іс-қимылының арқасында өрт толығымен сөндіріліп, одан әрі таралуына жол берілмеді. Зардап шеккендер жоқ», — деді Астана қаласы ТЖД бастығының орынбасары Мадияр Мырзагелдиев.


ДЕРЕККӨЗ: NUR.KZ