Чт. Июн 12th, 2025

Бүгін Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында бұрынғы дипломат Сәкен Мамаштың ісі бойынша сот отырысы басталды. Ол жұбайын соққыға жықты деген айыппен сотқа тартылған

2023 жылғы мамырда «НеМолчи.kz» қоры өз парақшасында БАӘ-дегі елшілік кеңесшісі Сәкен Мамаштың жұбайын жүйелі түрде ұрып-соғатыны туралы ақпарат жариялаған болатын. Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі бұл оқиғаға жауап беріп, дипломатты елге шұғыл қайтару туралы шешім қабылдағанын хабарлады.

Кейінірек, зорлық-зомбылық туралы мәлімдеген елшілік қызметкерінің жұбайы да БАӘ-ден елге қайтарылғаны белгілі болды. Алайда, әуежайда оны күйеуінің туыстары қарсы алған.

Астана полициясы аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалғанын және қажетті сараптамалар тағайындалғанын мәлімдеді.

2024 жылдың 28 маусымында Астананың мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты Сәкен Мамашқа қатысты денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру дерегі бойынша әкімшілік іс қарады. Сот қаулысымен ол кінәлі деп танылып, 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.

Биыл сәуірде экс-дипломат Сәкен Мамаш қылмыстық іс аясында қамауға алынғаны белгілі болды.


ДЕРЕККӨЗ: TENGRINEWS