Ауған тарапы Қазақстанмен сауда байланысын дамытып, қазақстандық инвесторларды тартуға мүдделі, деп жазады Inbusiness.kz.
«Екі ел арасындағы тауар айналымы $1 млрд құрайды, келешекте осы қарқынды сақтаймыз деп үміттенемін. Өздеріңіз білетіндей Ауғанстан АҚШ, Малазия, Азия елдері мен Үндістанға тауар экспортын жүргізеді. Ал бүгінгі біздің мақсат — Қазақстан инвесторларын тарту, өйткені біздің ел — мүмкіндіктер алаңы. Сонымен қатар, арамыздағы тауар айналымы мен бизнес қарым-қатынастарын дамытқымыз келеді. Әсіресе, бағалы тастар, қазбалы байлықтар бағытында серіктестік орнатқымыз келеді. Сол үшін бүгін бар жақсымызды көрмеге әкеліп отырмыз», — Ауғанстан қалалық сауда палатасы төрағасының орынбасары Мұхаммед Латиф.
Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы тауар айналымы 2022 жылы іс жүзінде $1 млрд белгісіне жетті. Тауар айналымының 90% қазақстандық экспортқа, негізінен өңделген өнімге тиесілі.
«Қазақстан Ауғанстанға азық-түлік, мұнай-химия, химия, металлургия, жеңіл, машина жасау салаларының тауарлары бойынша $500 млн сомасына жеткізудің экспорттық әлеуетіне ие. Елдер арасындағы инвестициялық ынтымақтастық та дамуда. 2005 жылдан бастап Ауғанстаннан Қазақстан экономикасына инвестициялар ағынының жалпы көлемі шамамен $11,7 млн құрады», — деді Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин.
Қазақстан-ауған бизнес-форумының қорытындысы бойынша Астанада $105,8 млн сомасына келісімшарттар жасасу жоспарлануда.
«Осы күндері жүргізілген жұмыстың қорытындысы бойынша бүгін форум алаңында 106 млн АҚШ доллар сомасына коммерциялық құжаттарға қол қою жоспарлануда. Диалог алаңы жаңа жобаларға, одан әрі сауда-экономикалық ынтымақтастық бағыттарына негіз болды және жақын арада елдеріміз арасындағы өзара тауар айналымын 3 миллиард долларға дейін арттыруға мүмкіндік береді», — деді С. Жұманғарин.
Ақпарат көзі: inbusiness.kz