Чт. Дек 26th, 2024

Астана қаласындағы «Мирас» халықаралық мектебі өзінің 25 жылдығын атап өтуде, бұл Қазақстанның халықаралық білім беру тарихындағы маңызды кезең болып табылады. 1999 жылы «NNEF» қоғамдық қорының бастамасымен ашылған мектеп Қазақстандағы Халықаралық Бакалавриат (IB) бағдарламаларын енгізген алғашқы мектептердің бірі болды және елдегі білім беру мекемелері арасында көшбасшы болып келеді.    

«Мирас мектебі – Қазақстандағы жетекші білім беру мекемелерінің бірі. Біздің мектептің әкімшілігі мен мұғалімдеріне жоғары кәсібилігі мен тамаша еңбегі үшін алғысымды білдіремін. Әрине, ата-аналарымызға тұрақты қолдау көрсеткені үшін, ал оқушыларға білімге деген құштарлығы мен мақсаттарына қол жеткізгені үшін үлкен рахмет», – деп құттықтады «NNEF» Қоғамдық қорының құрылтайшысы Динара Құлыбаева.

Тарихы мен жетістіктері

Мектеп директорының орынбасары Елена Мишутинаның айтуынша, «Мирас» алғашқы жылдарынан бастап қазақстандық халықаралық мектептің инновациялық моделін әзірлеп, енгізетін алаңға айналды. 2004 жылы мектеп елімізде бірінші болып Халықаралық мектептер кеңесінің (CIS) және Жаңа Англия мектептері мен колледждері қауымдастығының (NEASC) халықаралық аккредитациясын алды, бұл Қазақстанда халықаралық білім беруді дамытудағы маңызды қадам болды.

«Білім берудегі сапа мен инновация дәстүрін жалғастыра отырып, «Мирас» халықаралық мектебі бірегей авторлық интеграцияланған білім беру бағдарламаларын енгізіп, сәтті жүзеге асыруда. Бұл бағдарламалар Қазақстан Республикасы мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттары мен Халықаралық Бакалавриаттың халықаралық стандарттарын үйлесімді түрде біріктіріп, бастауыш және негізгі мектептің барлық пәндерін қамтиды», – деп, еске алады мектеп директоры Елена Хамитова.

Мектептің басты жетістіктерінің бірі IB-дің үш бағдарламасын: Бастауыш мектеп бағдарламасын (PYP), Негізгі мектеп бағдарламасын (MYP) және Дипломдық бағдарламаны (DP) табысты енгізуі болды, бұны халықаралық сарапшылардың осы жылдардағы бағалау сапарлары растайды.

Мультимәдениеттілік және инновациялар

Мектептің бірегей аспектілерінің бірі – оның мультимәдениеттілікке негізделген тәсілі. 2011 жылы мектеп өз мүмкіндіктерін кеңейтіп, «Шарль де Голль-Мирас» француз мектебін ашты, бұл оның білім беру үдерісінде көптілділік пен мәдени әртүрлілікке ұмтылысын айқындады. Францияның Қазақстандағы елшілігінің мәдениет жөніндегі кеңесшісі Алекс Бортоланның айтуынша, әлемде 600-ден астам «Шарль де Голль» мектептері бар, онда 400 мыңнан астам оқушы білім алады.

«Бұл – Қазақстандағы жалғыз осындай мектеп. Және ол халықаралық «Мирас» мектебінің жанынан ашылды. Біз бұл ынтымақтастыққа өте қуаныштымыз. Мұнда Франция елшілігінің қызметкерлерінің, дипломаттардың және ҚР Сыртқы істер министрлігінің балалары оқиды», – деп бөлісті Бортолан мырза.

Оқушылар мен мұғалімдердің жетістіктері

«Мирас» мектебінің оқушылары жиі халықаралық байқаулардың, олимпиадалардың және ғылыми жобалардың жеңімпаздары атанып, Қазақстанды әлемдік аренада танытып келеді. 2024 жылы International Science and Engineering Fair халықаралық байқауында Саяжан Жақсығалиева бірінші орын алып, алтын медальді иеленгенін атап айтуға болады.

Оқушылардың айтуынша, олар үшін «Мирас» – бұл тек білім алатын орын ғана емес. Бұл – екінші үйлері, екінші отбасы.

«Мен «Мирасқа» бесінші сыныпта, алты жыл бұрын ауыстым. Мен мемлекеттік және жеке мектептерде оқыдым. «Мирас» – менің екінші үйім, үлкен отбасым, бұл жерді қатты жақсы көремін. Мен осында әрқашан қуанышпен келемін! Басқа мектептермен салыстырғанда, мұндағы білім беру тәсілі өте ерекше. Мұғалімдер бізге ата-анамыз сияқты. Менің сынып жетекшім – мен үшін екінші анам. Мен оған әрдайым осылай деймін. Оны өте жақсы көремін және бағалаймын», – деп, бөлісті 11-сынып оқушысы Әнел Жақсылық.

Статистикаға келер болсақ, 25 жыл ішінде мектеп 450-ден астам түлекті қанаттандырған, олардың көпшілігі әлемнің беделді университеттерінде, соның ішінде King’s College London, МГИМО, Назарбаев Университеті және басқа да оқу орындарында білімдерін жалғастыруда.

Мұғалімдердің рөлі және ынтымақтастық

Мектеп ұжымы халықаралық білім беру саласында танылған сарапшылар болып табылатын білікті педагогтардан тұрады. Олардың көпшілігі білім беру стандарттарын әзірлеуге қатысып, семинарлар өткізеді және халықаралық әрі қазақстандық жоғары оқу орындарымен белсенді ынтымақтастықта жұмыс істейді. 

«Біз университеттермен бірлесе отырып, олардың профессорлық-оқытушылық құрамын және сол университеттерде құрылған технопарктерді мектеп оқушыларын бүгінгі таңда сұранысқа ие бағыттарға дайындауға тартуды көздейміз. Сонымен қатар, мұғалімдерге білім беру үдерісінде жасанды интеллектті пайдалану дағдыларын кеңейту мүмкіндігі беріледі. Бұл балаларға техникалық немесе IT жоғары оқу орындарына түсу жоспары болмаған жағдайда да, заманауи пәндерді меңгеруге және әр баланың инженерлік ойлау қабілетін дамытуға мүмкіндік береді», – деді «NNEF» қорының Білім беру бөлімінің жетекшісі Мария Ковжасарова.

Болашаққа көзқарас

Оқушылар мен мұғалімдердің айтуынша, «Мирас» мектебі тек ширек ғасырдағы жетістіктерімен мақтанып қана қоймай, болашаққа үлкен мақсаттар қойып отыр. Мұнда олар білім беру бағдарламаларын одан әрі дамытуда, халықаралық білім беру жобаларына белсенді қатысуда және балаларды жаһандық әлемде табысты оқу мен жұмысқа дайындауда көшбасшы болуды көздейді.


Дереккөз: Inbusiness.kz