Астана тұрғындары жедел жәрдем бригадасының қозғалысын онлайн бақылай алады. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Астанада шақырылған жедел жәрдем бригадасының қозғалысын нақты уақыт режимінде қадағалауға мүмкіндік беретін жаңа цифрлық сервисті енгізу бойынша пилоттық жоба іске қосылды.
«Жеделдіктің бірінші санаты бойынша шақырту түссе, жүйе өтініш берушіге автоматты түрде интерактивті картаға сілтемесі бар SMS-хабарлама жібереді. Картаны браузер арқылы ашқан пайдаланушы жедел жәрдем көлігінің бағытын нақты уақытта бақылай алады.
Бұл шешім шұғыл қызметтердің жұмысын ашық етуге, азаматтардың алаңдаушылығын азайтуға, сондай-ақ диспетчерлерге түсетін жүктемені төмендетуге бағытталған», — дейді министрлік өкілдері.
Астана қаласы жедел жәрдем қызметінің мәліметінше, операторлар күн сайын 6000-ға дейін қоңырау қабылдайды, олардың 40 пайызға жуығы жедел жәрдемнің келу уақытын нақтылауға байланысты қайталама қоңыраулар.
«Автоматтандырылған хабарландыру жүйесін енгізу осындай қоңыраулардың санын айтарлықтай азайтып, ресурстарды жаңа шұғыл шақыртуларды өңдеуге жұмылдыруға мүмкіндік береді», — дейді ведомстводағылар.
Алғашқы кезеңде Астана қаласында жеделдіктің бірінші санаты бойынша кейбір шақыртуды онлайн бақылауға мүмкіндік туады. Алдағы уақытта бұл жобаны Қазақстан аумағындағы барлық шұғыл шақыртуларға кеңейту жоспарланып отыр.
«Жедел жәрдем бригадасының қозғалысын көру мүмкіндігі — технологиялар арқылы ашықтықты қамтамасыз ету, шақырған адамдардың алаңдаушылығын азайту және диспетчерлерге түсетін жүктемені азайтудың бір мысалы. Сонымен қатар цифрлық хабарлама беру мысалы, ауладағы шлагбаумды ашу немесе пациенттің құжаттарын дайындау секілді бригаданың келуіне дайындалуға көмектеседі», — деді Денсаулық сақтау вице-министрі Ербол Оспанов.
Функция API Яндекс Картаның JavaScript API шешімі арқылы жүзеге асырылған.
ДЕРЕККӨЗ: NUR.KZ