Ср. Дек 18th, 2024

Астанада ет өнімдерін сататын екі заңсыз кәсіпорын анықталды.

Астана қаласы полиция департаменті баспасөз қызметінің NUR.KZ тілшісіне хабарлауынша, ет өнімдерін рұқсатсыз әрі антисанитарлық жағдайда өңдеген екі заңсыз кәсіпорын жұмысы тоқтатылды.

«Тексеру барысында кәсіпкердің қала маңында жер асты мал сою орнын жалға алып, оны заңсыз пайдаланғаны белгілі болды. Онда 6 адам күнделікті қолма-қол ақша алып, заңсыз жұмыс істеген. Дайын өнім жасауға құжатсыз сатып алынған ет пайдаланылған. Кейін оны Қазақстанның барлық аймақтарына таратқан. Тағы бір дерек қаладағы тұрғын үйлердің бірінде тіркелді. Жергілікті тұрғын өз ауласында құжаттары мен ветеринарлық мөрлері жоқ ет өнімдерін сатқан», — деп хабарлады ПД.

Тәркіленген еттің сапасы мен қауіпсіздігін анықтау үшін арнайы сараптама тағайындалды. Анықталған заңбұзушылықтар бойынша қылмыстық іс қозғалып, құқық бұзушыларға әкімшілік хаттамалар толтырылды.

«Ветеринариялық бақылаусыз дайындалған ет өнімдері адам денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін», — деп ескертеді полиция департаменті.


ДЕРЕККӨЗ: NUR.KZ