Ср. Июн 4th, 2025

Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы Ресей Федерациясынан аса ірі мөлшерде есірткі заттарының заңсыз айналымы мен олардың контрабандасы үшін қылмыстық жауаптылыққа тарту мақсатында Қазақстан азаматын экстрадициялады

Ведомство мәліметінше, күдікті 2003 жылы Өзбекстаннан Қазақстан арқылы Ресейге героин мен опий жеткізумен айналысқан қылмыстық қауымдастықтың құрамына кірген деген күдікке ілінген.

«Күдікті есірткіні тасымалдау, сақтау және қылмыстық қауымдастықтың басқа мүшелеріне өткізу қызметтерін атқарған.

2003 жылы Қызылорда және Қарағанды облыстарында жүргізілген арнайы операциялар барысында қылмыскерлердің бірқатары ұсталып, олардан 35 кг героин мен 28 кг опий алынған.

Ұсталған адамдар кейін сотталған, ал күдікті құқық қорғау органдарынан қашып үлгеріп, халықаралық іздеуге жарияланған.

20 жыл бойы іздеуде жүрген ол өткен жылдың желтоқсанында Ресейдің Самара облысында ұсталып, Қазақстан Бас прокуратурасының сұрауы бойынша елге экстрадицияланды», — делінген хабарламада.

Қазіргі таңда ол тергеу изоляторына қамалды.

Қылмыстық кодекс бойынша аталған қылмысты жасағандардың мүлкі тәркіленіп, 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.


ДЕРЕККӨЗ: NUR.KZ