Пт. Май 9th, 2025

Қазақстандағы үздік білім ордасының бірі — «Арыстан» лицейінің ашылғанына биыл 14 жыл.

Жаңа оқу әдістемелері мен заманауи технологияларды қолдану, лицей студенттерін әскери дайындықта шыңдау — «Арыстан» арнайы лицейіндегі оқу жүйесінің негізі, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Бұл күндері арнайы білім беретін бірегей оқу орны айтулы датаны атап өтуде.Осы уақыт ішінде “Арыстан” лицейі еліміздегі ең үздік білім ордасының біріне айналып, Қазақстан армиясы, құқық қорғау органдары мен мемлекеттік құрылымдарға қажетті болашақ офицерлерді оқытып шығаруда.

«Арыстан» лицейінің айтулы датасына орай ұйымдастырылған салтанатты жиынды лицей басшысы, генерал-лейтенант Мұрат Майкеев ашты. Ол өз сөзінде оқу орнында қолданылып отырған озық білім беру әдістемесінің арқасында лицей түлектері сапалы білім алып,  қажетті дағдыларды игеруге мүмкіндік жасалғанын баса айтты. Бұл лицей түлектерінің еліміздегі әрі шетелдегі жетекші оқу орындарында білімін жалғастыруға септігін тигізуде. Лицей басшысы мұндай жетістіктерге жету ең алдымен лицей ұстаздарының кәсіби біліктілігі мен NNEF қоғамдық қорының ұдайы қолдауының нәтижесі екенін атап өтті.

Лицей оқушылары, олардың ата-аналары және ұстаздар алдында сөз сөйлеген NNEF қоры білім беру бөлімінің жетекшісі Мария Көпжасарова  оқу орнын құрудағы басты мақсат — елге білімді әрі қажетті маман дайындау болғанын атап, —

“ Арыстан» лицейінің әр түлегі елді дамытуға өз үлесін қосуға дайын,  білімі жетік жас маман”, — деді NNEF қорының өкілі.

“Біздің түлектер кез келген алда болатын жаһандық  өзгерістер мен үдерістерге бейімделе білуі керек. Айта кетейік, «Арыстан» лицейі уақыт талабына сай дамып келе жатқан оқу орны.   Қазірдің өзінде лицейдің білім беру бағдарламаларында оқытудың озық әдістемелері мен жаңа технологиялар қолданылады. Мұның барлығы жас көшбасшылар буынын дайындаумен қатар, еліміздің  стратегиялық мақсаттарын, айталық  цифрлық даму, инновация мен креатив бағыттарын іске асыруға өз үлесін қосатын мамандарды дайындауға бағытталған”, — деді Мария Көпжасарова.