Пт. Ноя 22nd, 2024

Қазақстанның ең үздік мамандандырылған оқу орындарының бірінен он екінші түлектері түлеп ұшты. 

Алматыда өткен салтанатты іс-шарада «Арыстан» мамандандырылған лицейінің курсанттары орта білім туралы аттестаттар алды, еліміздегі әскери бейіндегі беделді оқу ордасы осы жылдар ішінде қазақстандық әскер мен басқа да күштік ведомстволардың болашақ офицерлерін даярлау алаңына айналды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Биылғы жылы еліміздің әртүрлі аймақтарынан келген сексен жас ересек өмірге алғашқы қадамын жасады. Бүгінгі түлектердің алтауы лицейді ерекше үлгідегі аттестатпен аяқтады, оқу барысында жеті лицейші Президенттік және республикалық пәндік олимпиадалардың жүлдегерлері атанды.

Түлектер 28 гвардияшы-панфиловшылар атындағы саябақ алаңында лицейдің туы астында салтанатты түрде сап түзеді, бұл қазақ батырлары ұрпақтарының сабақтастығын білдіреді, себебі оқу ордасының туында лицейдің басты қағидаты – «БОРЫШ, АБЫРОЙ, ЕРЛІК!» кестеленген.

Дәстүр бойынша қазақстандық жауынгерлерге құрмет көрсете отырып, салтанатты іс-шара Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қоюдан басталды.

Түлектердің алдында сөз сөйлеген «Арыстан» лицейінің бастығы генерал-лейтенант Мұрат Майкеев оқу орнының педагогикалық құрамының ең жоғары деңгейін атап өтті. Оның ішінде үш ғылым кандидаты мен докторы, жеті магистр, төрт педагог-шебер, тоғыз педагог-зерттеуші және жоғары әскери білімі бар үш әскери маман оқушыларға білім беруде.

Он үш жылдық қызмет тарихында «Арыстан» мамандандырылған лицейі 900-ден астам түлекті қанаттандырды. Қазақстанда осындай әскери бағыттағы бірегей мектеп құрудың бастамашысы – педагогика ғылымдарының докторы Динара Құлыбаева, лицейдің қамқоршылық кеңесінің төрағасы – Тимур Құлыбаев. Лицейдегі дайындық деңгейін орташа баллы 98 балдан асатын ҰБТ нәтижелері ғана емес, сонымен қатар лицей оқушыларының пәндік олимпиадаларға және әр түрлі деңгейдегі ғылыми жобаларға тұрақты қатысуы, әрдайым жүлделі орындарға ие болуы олардың білімдері мен үздік дайындықтарын паш етеді.

Бүгінгі таңда «Арыстан» лицейі ең беделді қазақстандық оқу орындарының біріне айналды, онда тоғызыншыдан он бірінші сыныпқа дейін еліміздің әр өңірінен келген 240 оқушы білім алады.  Лицейге түсу үшін 1 орынға 10-12 оқушы бақ сынайды. Олардың ішінде білім мен денсаулық жағынан тапсырылатын көп сатылы сынақтардан сүрінбей өткендері ғана оқуға қабылданады. Айта кету керек, лицей оқушылары үшін оқу тегін, «NNEF» қоғамдық қорының қаражаты есебінен қаржыландырылады.

Лицей түлектері аттестаттардан бөлек, «Халық» қайырымдылық қорының бағалы сыйлықтарына ие болды. Қор басшысы Сағынбек Шүңкеев лицей оқушыларының мәдениет пен тарихты қолдауға бағытталған жобалардағы еңбегін атап өтті. Ол өз сөзінде лицейдегі дайындық деңгейі түлектердің өміріне көп септігін тигізетініне сенім білдірді.

«Арыстан» лицейінің оқытушысы Несіпгүл Сәлімова өз оқушылары туралы айта келе, лицейге кіретін ұлдардың басты арманы – өз елін қорғау екенін атап өтті.

«Олар үшін басты мақсат – өз өмірін елді қорғауға, қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпке негізделген күш құрылымдарында жұмыс істеуге арнау. Биыл да ұлттық тестілеуде үздік нәтиже көрсеткен оқушылар көп және оқытушылар берген білім олардың өміріндегі басты мақсаттарға жетуге көмектесетініне сенімдімін», — деп бөлісті Несіпгүл Сәлімова.

Құрылған сәттен бастап «Арыстан» мамандандырылған лицейі Қазақстандағы ең озық және инновациялық оқу орындарының біріне айналды. Іле Алатауының бөктерінде орналасқан мектеп базасында лицеистер қайырымдылықтың арқасында тегін тұрады және оқиды.

Лицей қызметінің маңызды бағыттарының бірі әрқашан аз қамтылған, көп балалы немесе толық емес отбасылардан шыққан жетім балалар мен жасөспірімдерді қолдау болды. Қазіргі уақытта лицейде көп балалы отбасылардан шыққан жүзге жуық бала оқуда, ал 50-ге жуық толық емес отбасылардан шыққан балалар мен жетімдер үшін лицей бірнеше жыл бойы екінші үйге айналды.

Мәселен, «Алматы қаласының SOS балалар ауылының» тәрбиеленушісі Рамазан Әжібеков те биыл оқуын сәтті аяқтады.


Дереккөз: inbusiness.kz