Пт. Ноя 22nd, 2024

Айбыны асқақ, тәртіпке берік әскери қызметті өміріне жалау еткен дарынды жастардың арманына қанат бітірген «Арыстан» мамандандырылған лицейі 2011 жылы ашылған болатын. Осынау әскери білім беру мекемесінде қазіргі кезде еліміздің әр өңірінен келген 240 оқушы білім алады. Алайда мұнда үздіктердің үздігі ғана оқуға қабылданады, өйткені бір орынға 10-12 адам сайысқа түседі. Ойы озық, жігерлі жастарды іріктейтін оқу ордасынан биыл 80 курсант үлкен өмірге қадам басып, қолдарына құзырлы құжат алды.

Әскери форма киген сырықтай жігіттер сап түзеп, лицейдің туын көтеріп шығып, мерекелік іс-шараға ерекше сән-салтанат берді. Лицейдің негізгі мақсаты жасөспірімдерді жоғары деңгейлі біліммен қамтамасыз ету, олардың бойында ерлік, қажыр-қайрат, төзімділік, жоғары мәдениет, азаматтық борыш пен жаңа қазақстандық патриотизмді қалыптастыру десе, осы көріністің өзі көңілге қуаныш ұялатады.

«Арыстан» лицейі курсанттарды керек-жарақтың барлығымен толық қамтамасыз етеді. Бұл — оның әлеуметтік мақсаты. Сондықтан оқуға қабылдау кезінде аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан балаларды қабылдауға басымдық береді. Мәселен, бүгінде лицейде көпбалалы отбасыдан шыққан 82 жасөспірім және толық емес отбасыдан шыққан 45 жасөспірім білім алып жатыр. Солардың бірі — бүгін түлек атанған Райымбек Қайыров, Батыс Қазақстан облысы Орал қаласының тумасы. Ол оқуға түсу үшін 6-сыныптан  дайындалған екен.

«Өзім әскери отбасыдан шыққанмын. Енді өзім де әскери білім алып, осы киелі шаңырақтың түлегі болғанымды мақтан тұрамын. Себебі мұнда ең үздіктер қабылданады. Мен оқуға түсу үшін 3 жыл дайындалдым. Бұл лицей туралы ағам айтқан болатын. Екі ағам ел тыныштығы үшін еңбек етіп жүр. Бір ағам қызметтік міндетін атқарып жүріп, «Қаңтар оқиғасы» кезінде қаза тапты», – дейді жас түлек.

Райымбек лицейде өткен әр күнін мақтанышпен еске алды. Болашақта ол әскери барлаушы болуды армандайды. Ал анасы Жұмағаным Қайырова жас курсанттың Отанына адал қызмет ету, мемлекет мүдделерін қорғау, керек болса жанқиярлық танытуға дайын болуы керек екенін айтады. 

«Алты баламның ішінде төрт ұлым әскери мамандықты таңдады. Бұл темірдей тәртіп пен асқан жауапкершілікті қажет ететін сала. Бүгін, міне, кенже ұлым әскери лицейді аяқтап, үлкен өмірге қадам басып отыр. Бұл оқу орнына үш жыл бұрын түрлі арнайы сынақтан өтіп, қабылданған болатын. Еліміздегі беделі жоғары бұл лицейде терең білімді болумен бірге, спорттық көрсеткіші де жоғары болуы керек. Кенжеміз өз таңдауын жасап, осындай әскери темірдей тәртіп мамандығын меңгерді. Әскерилер Бейбіт өмір, тыныштық пен тұрақтылықтың кепілі әскер десек, осынау игілікті іске аталмыш лицейдің қосып жатқан үлесі зор«, – деген пікірін қосты көп балалы ана.

Бүгінде «Арыстан» лицейі беделді білім ордасы ретінде шын мәнінде жоғары халықаралық талаптарға сай. Мұнда жыл сайын 1 орынға 5-8 оқушы келіп оқуға тусуге бәсекеге түседі. Әрине, олардың ішінде оза шапқан озаттар ғана осынау зор мүмкіндікке ие болады. Өйткені біліммен қоса, спорттық көрсеткіш жағынан тапсырылатын көп сатылы сынақтардың талабы өте жоғары.

«Халық» қайырымдылық қорының басқарушы директоры Нариман Әбілшайықов лицей құрылғаннан бергі 10 жыл ішінде осынау білім шағырағынан 796 түлек түлеп ұшқанын тілге тиек етті. Биылдың өзінде лицейдің 80 курсанты әскери мамандар қатарын толықтырып отыр.

«Халық» қайырымдылық қорының басты мақсаты – әлеуметтік жағдайы төмен, көп балалы отбасылардан шыққан білімді балаларды іріктеп, олардың сапалы білім алуына жағдай жасау. Лицейде оқитын курсанттар арнайы интернатта жатып тегін білім алады және барлық керек-жарақпен қамтамасыз етіледі. Лицейді бітірген түлектердің басым бөлігі беделді жоғары оқу орындарында оқуын жалғастырып жатады. Мұның өзі лицей беретін білімнің сапалық көрсеткішін білдірсе керек. Бүгінде лицей түлектердің бірқатары Ішкі істер министрлігінде, Ұлттық ұлан сапында, Ұлттық қауіпсіздік комитеті құрамында, Шекара қызметінде, Төтенше жағдайлар министрлігі мен Мемлекеттік күзет қызметі сияқты әртүрлі күш құрылымдарда қызмет етуде», – дейді Нариман Әбілшайықов.

Оқу орнындағы салтанатты жиын барысында лицей бастығы – генерал-лейтенант Мұрат Жәлелұлы Майкеев жыл нәтижелерін қорытындылай келе, жас түлектерге аттестатпен қоса аранайы төсбелгілер мен сыйлықтар табыс етті.

«Біздің лицей еліміздің әр өңірінен келген оқушыларға жақсы білім берумен қатар, спорттық дағдыларын шыңдады. Сонымен қатар біздің оқушыларымыз ғылыми сайыстарға да белсене қатысып, олардың 30% халықаралық бәсекеде жүлдегер атанды. ҰБТ-да қол жеткізген көрсеткіштері де жоғары, түлектердің 48%-ы 100-ден жоғары ұпай жинады», – деп атап өтті  лицей бастығы.

2023 жылы «Халық» қайырымдылық қоры «Нұрсұлтан Назарбаевтың білім беру қоры» қоғамдық қорына қолдау көрсеткендігін және аталмыш қаржылық көмек «Арыстан» мамандандырылған лицейіне бағытталғандығын да  айта кеткен абзал.

Еске сала кетсек, аталмыш оқу орнын құру идеясы 2008 жылы «Нұрсұлтан Назарбаевтың білім беру қоры» қоғамдық қорында педагогика ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА академигі Динара Нұрсұлтанқызы Құлыбаеваның жетекшілігімен және жобаның бас құрылтайшыларының бірі, лицейдің Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Тимур Асқарұлы Құлыбаевтың атсалысумен жүзеге асқан болатын.