Пт. Ноя 22nd, 2024

Қазақ даласында ашаршылық қашан басталды? 

Лениннің өтінішіне орай вагон-вагон балық аулаған Арал балықшыларының еңбегі ақталды ма?

Inbusiness.kz тілшісі 31 мамыр – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық күні қарсаңында қызылордалық өлкетанушы Сағат Жүсіппен әңгіме өрбітіп, бірқатар деректерге қол жеткізді. 

— Бұған дейін «Ашаршылық ақиқаты» деген кітап жазған едім. Онда құпия мұрағаттарда толық ашылмай, терең зерттелмей, тиісті саяси бағасы берілмей келе жатқан, нақты кейіпкерлері өмірден өтіп кеткен 1918-1922 және 1931-1933 жылдардағы қазақ ашаршылығы жайлы әртүрлі дереккөздерден алынған материалдар мен естеліктер жазылды. Жалпы, ашаршылыққа дейінгі қазақтың саны қанша болған? Дәл осы бір сұраққа ресми және басқа да деректер нақты жауап бере алмай келеді. Сол уақытта жүргізілген санақтарда қазақ халқының саны жайлы деректер бұрмаланғаны, көпе-көрнеу азайтылғаны да рас, — дейді ол.

Осы уақытқа дейін ашаршылық туралы шығармалар да жазылды, кинолар да түсірілді. Қалай болғанда да, зұлмат жылдар жазығы жоқ халықтарды қынадай қырып жіберді. Бұған сол уақыттағы құдаттар дәлел. 

— Біз көбіне ашаршылық әңгімесін айтқанда, оны 1931-1933 жылдармен, 20-жылдардың аяғында жүргізілген кәмпескелеу, зорлап отырықшылдандыру мен ұжымдастырумен байланыстырамыз. Шын мәнінде, ашаршылық қазақ даласына большевиктердің үкімет басына келген күндерінен басталды, — дейді Сағат Жүсіп. 

Яғни, билік басына келгендер тыныш жатқан қазақ даласына ойран салған, қазақты атқан, тонаған. Кеңес үкіметінің шынайы бейнесіне 1917-1919 жылдары Перовск уезін басқарған уездік совдептің төрағасы Иосиф Гержодтың басқаруымен жасалған қанды қырғын айқын бола алады.
Бір ғана 1918 жылы «Наша газета» басылымында Түркістан халқының 30 пайызының аштықтан қырылғаны туралы жазылған. Түркістан республикасындағы аштықпен күресу Орталық комиссиясының аштарға көмек көрсетумен айналысқан комисссияның нәтижесі жайлы 1919 жылдың 11 наурызындағы баяндамасында Перовск уезінде 47 мың, Қазалы уезінде 29 мың адамның аштықта екені жазылған. 

Өлкентанушы Сағат Жүсіп Сыр халқының өзі бала-шағасы аштықтан қырылса да, большевиктердің зорлығымен Ресейге балық жібергенін айтады. Әрине, тарихтан оқығанымыздай, Арал балықшылары Лениннің өтінішіне орай 14 вагон жібергені мақтанышпен жазылатын, айтылатын. 

— 1920 жылдың 20 желтоқсанында «пролетариат көсемі» В.И.Лениннің Арал балықшыларына жазған өтінішіне орай 1921 жылдың 5 сәуірінде аштықта қалған Поволжье халқына 14 вагон балық жіберген. Қалыптасқан пікір бойынша, Арал балықшылары бір рет ғана, онда да өтінішпен жіберген дейміз. Олай емес, большевиктер ең бірінші балық аулау саласын меншіктеп өз қолына алды да, аулаған балықты шашау шығармай Ресейге жөнелтіп тұрған. Бірақ, сол балық Ресей жағына жетіп тұрды ма? Оған күмән көп, жетіп тұрмаған сияқты, — деп сөзін жалғады өлкетанушы. 


Дереккөз: inbusiness.kz