Вс. Ноя 24th, 2024

Көк түтінге тұншыққан Алматы экологиясы мамандарды алаңдатып отыр. Мәселені шешу үшін Мемлекет басшысы қоғамдық көліктерді 2025 жылға дейін жаппай газ бен тоққа көшіруді тапсырған болатын. Оған қоса қалаға күн сайын кіріп-шығатын 700 мың автомобиль тағы бар. Сондай-ақ кептелісті азайту үшін жол-көлік жүйесін жетілдіріп, метро желісін ұзарту күн тәртібіне қойылды, деп жазады qazaqstan.tv.

Алматылық Абай Оразұлы жарты ғасырдан аса уақыт экология тақырыбын зерттеп жүр. Ғалымның айтуынша, соңғы кезде қоршаған ортаға зиян тигізетін улы заттар көбейген. Әсіресе, ауаға көтерілген түтіннің тигізер залалы көп дейді маман.

«Медеудің өзіне барды бұл түтін деген. Жоғарыдан қарасаңыз Моловодный жағынан. Ол түтін Іле мен Шелекке жетті. Бұл деген өте қауіпті. Тек қана адамзатқа емес, түгел жәндіктердің бәріне. Малға да, бәріне әсер етеді. Соңғы 120 жылда бізде ылғалдылық 25-ке қысқарылды.»Абай Оразұлы, эколог

Жыл сайын ауаны ластайтын 125 мың тонна улы зат тарайды. Олардың басым бөлігі автокөліктерге тиесілі. Экологияны ластаушы негізгі факторларға қаладағы жылу электр орталықтары мен кәсіпорындар жатады. Сондай-ақ газдандырылмаған жеке тұрғын үйлердің де үлесі басым. Президент пәрменімен қалада бірқатар мәселе жолға қойылды. Алматыны айналып өтетін үлкен транзиттік дәліз іске қосылды. Бірнеше жолайрық салынды. Жыл соңына дейін көгілдір отынмен жүретін 600 автобус пен 100 троллейбус жеткізу жоспарланған. Жылу электр станциялары 2026 жылға дейін газға ауыстырылмақ. Осы уақытқа дейін жылу орталығынан шығарылған 20 млн тонна күлді де кәдеге жарату қолға алынды.

«Мұндай жобалар қазір мемлекет тарапынан жарияланған мақсатты, нысаналы бағдарлама бар. Осы айдың соңына дейін сол бойынша конкурстық құжаттарды қабылдайды. Осы әзірлемелер мемлекет тарапынан қолдау тауып, яғни, коммерцияға айналдыру, жаңа материалдар алу іске асатын болады.»Руслан Нұрлыбаев, ҚР Президенті жанындағы ұлттық ғылым академиясының департамент басшысы

Абай Оразұлының айтуынша, бұл улы заттардың үлесін азайтқанымен, мәселені шешпейді. Маманның пікірінше, мегаполис іші мен айналасында жасыл-желекті көбейту қажет. Сонда ғана табиғатты қорғап, экологияны сақтап қалуға болады.


Ақпарат көзі: kaz.zakon.kz