Пт. Ноя 22nd, 2024

Мұнда 80-нен аса бала білім алады.

Бүгін Алматыда «Мирас» кешенінің мектепалды балабақшасының жаңа ғимараты ашылды, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.

«NNEF» қоғамдық қорының 25 жылдығы аясында өткізілген салтанатты іс-шараға Қор құрылтайшысы Динара Құлыбаева, мектеп ұжымы мен ата-аналар қатысты.

«Сіздерді «Мирас» кешенінің мектепалды балабақшасының жаңа ғимаратының ашылуымен құттықтаймын. Бұл нысан барлық қажетті құралдармен жабдықталған. Балалар мұнда білім алып қана қоймай, түрлі үйірмелерге қатыса алады. Мектепалды балабақша балалар игілігіне қызмет етеді деп сенемін», – деді Динара Құлыбаева.

Жаңа оқу ғимаратында 80-нен аса бала білім алады.

«Ғимарат мектепалды балабақшада білім алатын бүлдіршіндерімізге арналған. Мұнда 5-6 жастағы балалар мен балабақшаның жоғарғы тобында білім алатын балалар оқиды. Бұл ғимараттың ерекшелігі – мұнда балалар ұйықтай алады, кешкі 18:00-ге дейін, жазғы, қысқы демалыс кезінде қалып, түрлі үйірмелерге қатыса алады. Ата-аналардың да қалауы осы еді. Бұл арманымыз тура Жаңа жыл алдында орындалып отыр», – дейді Халықаралық «Мирас» мектебінің директоры Ирина Власянц.

Айта кетейік, Халықаралық «Мирас» мектебі — Қазақстандағы Халықаралық Бакалавриаттың үш бағдарламасы бойынша білім беретін бірден бір білім ошағы болып табылады.

Мұндағы мектепалды мекеме Қазақстанның Білім беру стандарттарының озық аспектілері мен Халықаралық Бакалавриат бағдарламаларының ұстанымдары қамтылған кіріктірілген оқыту бағдарламасын ұсынады. Балалар қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде қатар білім алып, түрлі шығармашылық үйірмелерге қатысады. Оқу ғимараты озық әрі қауіпсіз технологиялармен қамтылған.

«Менің қызым 4 жаста, 2-ші жыл қатарынан «Мирас» мектебі жанындағы балабақшаға барады. Ата-аналар атынан осы ғимараттың ашылуына қатысып жатқанымызға қуаныштымын. Бәрі ұнады. Барлығы кішкентай балаларға арналған. Бұрынғы ғимаратымыз да ерекше еді. Жаңа ғимарат кең, жарық, бәріне ыңғайлы жасалған. «Мирас» мектебінде әрбір балаға жеке көңіл бөлінеді. Үш тілде білім береді. Инфрақұрылымы да тамаша. Ұжымы ерекше талантты адамдардар жасақталған. Әрбір іске мұқият қарайды. Ерекше алғыс айтамыз», – дейді ата-аналардың бірі Карина Сычова.

Балабақшаның оқытушылар құрамы өте білікті педагогтардан жасақталған. Қауіпсіздік жағы да ойластырылған. Әр балаға ерекше көңіл бөліп, барлық жағдайларын жасауға ыңғайлы.

Еске сала кетсек, «Мирас» халықаралық мектебі  1999 жылы  6 қыркүйекте ашылған. Мектеп Халықаралық Бакалавриаттың (IB) барлық үш  бастауыш (РYР), негізгі (МYР) және жоғарғы (DP) мектеп сатыларының  бағдарламалары бойынша авторизацияланған. 

Білім ордасында мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру  стандарты мен  халықаралық білім беру бағдарламаларының  талаптарын ескеретін, мектепке дейінгі, бастауыш,  негізгі орта және жалпы орта білім берудің ерекше оқу бағдарламалары іске асырылады. Кіріктірілген оқу бағдарламалары Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің  Интеллектуалдық меншік құқығы бойынша комитетте тіркеуге алынаған.

Мектеп-кешенінің педагогикалық ұжымы шетелдік оқытушылардан, сондай-ақ жоғары білікті қазақстандық педагогтардан тұрады.


Дереккөз: Inbusiness.kz