Алматыда полиция банктен ақша ұрламақ болды деген күдіктіні ұстады
Медиа-порталдың хабарлауынша, полиция қызметкерлері екінші деңгейлі банк бөлімшесінен қолма-қол ақша ұрлау әрекетінің бетін ашты. Оқиға түнде болған.
«Белгісіз ер адам ғимаратқа терезе арқылы кіріп, одан кейін кассаға өтпек болғанымен брондалған шыныдан өте алмаған. Бұл әрекеттің бекер екенін түсінген күдікті оқиға орнынан кетіп қалған», — деді, Жетісу аудандық полиция басқармасының бастығы Жәнібек Шынасылов.
Криминалдық полиция басқармасы Жетісу аудандық полициясымен бірлесіп жүргізген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде қысқа мерзімде 32 жастағы күдікті анықталып, ұсталған.
«Аудандық жедел қызметкерлер мен біздің бөлімшенің қызметкерлерінің келісілген жұмысының арқасында ұрлық жасау әрекеті ізі суымай ашылды. Бұл – профилактикалық бейнебақылаудың тиімділігінің және қызметкерлеріміздің жедел әрекет етуінің жарқын мысалы. Біз жаңа технологиялар мен цифрлық мүмкіндіктерді белсенді түрде қолданамыз. Күдікті өз кінәсін мойындады. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды», — деді Алматы қалалық ПД криминалдық полиция басқармасының бастығы Талант Исаев.
ДЕРЕККӨЗ: NUR.KZ