2025 жылғы 24 мамырда Алматы қаласында елдегі ең ірі киберспорттық оқиғалардың бірі — ACG Media & Cup 2025 турнирінің финалы өтеді. Үшінші рет өткізіліп отырған бұл турнир Қазақстанның Орталық Азиядағы цифрлық спорт орталығы ретіндегі мәртебесін нығайта түсуде.
Жалпы жүлде қоры — 7 миллион теңге.
ACG CUP негізгі турнирі CS2, Dota 2 және FC25 тәрізді танымал дисциплиналар бойынша өтеді. Қатысу — тегін және баршаға ашық. Турнирдің жүлде қоры — 4 миллион теңге. Жеңімпаздар ақшалай сыйлықтарға ие болып қана қоймай, халықаралық кезеңге — ACG International 2025 турниріне жолдама алады.
Биылғы жылы ерекше назар Counter-Strike 2 бойынша медиа-турнирге аударылған. Бұл шоу-форматтағы жарыста блогерлер, стримерлер мен танымал тұлғалар бақ сынайды. Жүлде қоры — 2 миллион теңге.
Финалдық ойындар 2025 жылғы 24 мамырда Алматы қаласындағы Event Space (FORUM СОО) алаңында офлайн форматта өтеді. Қатысушылар мен қонақтарды мазмұнды әрі қызықты бағдарлама күтіп тұр:
- Жүлде қоры 1 миллион теңге болатын шағын турнирлер;
- Интерактивті аймақтар мен ойын-сауық белсенділіктері;
- Турнир серіктестері ұйымдастыратын ұтыс ойындары мен сыйлықтар.
Турнирдің бас серіктесі — Тимур Құлыбаев басқаратын Halyk қайырымдылық қоры. Қордың қолдауының арқасында турнир жаңа деңгейге көтерілмек.
ACG Media & Cup 2025 ұйымдастырушылары — iPlay Esports компаниясы мен Ұлттық студенттік киберспорт қауымдастығы (NESA). Іс-шара Алматы қаласы әкімдігінің Цифрландыру басқармасының қолдауымен өтеді.
Турнир серіктестері — әлемдік ойын индустриясының көшбасшылары Logitech G және Samsung.
Іс-шараға білім беру қолдауын көрсетіп отырған — University Alliance of Science and Technology альянсы (NNEF қоры), оның құрамына МУИТ, Astana IT University, KBTU, UIB және Energo University кіреді.
Дереккөз: iplayesports.kz