Чт. Дек 26th, 2024

Алматыда қаза тапқан 20 жастағы жігіт муайтайдан әлем чемпионы екені расталды.

Оны таныстары пышақтап кеткен. Қазақстан муайтай федерациясының Instagram желісіндегі ресми парақшасына сілтеме жасап хабарлайды.

Кеше, 24 желтоқсанда Елордалық полиция департаментінің баспасөз қызметі Алматыда 20 жастағы жігіт жанжал кезінде қаза тапқанын хабарлады. Аталмыш іске қатысты деген күдікті ұсталып, қылмыстық іс қозғалды.

Марқұмның 20 жастағы спортшы, муайтайдан әлем чемпионы Серік Әли екені расталды.

«Алматы қаласынан қаралы хабар келді. Муайтайдан ересектер арасында әлем чемпионы Серік Али бұзақылар қолынан қаза тапты. Чемпионымыздың отбасына,туған-туыстарына қайғыра көңіл айтымыз. Бекем болыңыз», — деп жазды Қазақстан муайтай федерациясының баспасөз қызметі.

Полицияның мәліметінше, таныстар арасында жанжал туындап, оның салдарынан біреуі пышақ қолданған. Қылмыс құралы тәркіленді.

«20 жастағы азаматтың өліміне байланысты Наурызбай ауданы полиция басқармасы қылмыстық іс қозғады», — деп мәлімдеді Алматы қаласы ПД баспасөз қызметі.

Айта кетейік, Әли Серік – жеңіл салмақта (58 кг) өнер көрсеткен 20 жастағы кикбоксшы, халықаралық турнирлерде ел намысын қорғаған спортшы. Кикбоксингтен бөлек, Әли Серік бразилиялық джиу-джитсумен де айналысқан. 2023 жылғы 27 мамырда Астанада өткен AJP Tour Astana International Jiu-Jitsu Championship 2023 турниріне қатысқан.


ДЕРЕККӨЗ: NUR.KZ