Чт. Дек 12th, 2024

Фестивальге 3 мыңнан астам қатысушы жиналып, отандық IT-саланың алдағы әлеуетін айқындатты.

6-7 желтоқсан күндері Алматыда жыл сайынғы «IT Fest-2024» фестивалі өтті. Ауқымды іс-шарада 3 мыңнан астам қатысушы бас қосты. Атап айтқанда, оқушылар, студенттер, жас мамандар және ақпараттық технологиялар саласындағы сарапшылар қатысты. Биылғы IT Fest фестивалін тамашалауға 700-ден астам адам келген. Бұл туралы inbusiness.kz тілшісі хабарлады.

Идеялар мен ұтымды шешімдерге арналған алаң

«IT Fest-2024» фестивалінің бас ұйымдастырушысы «NNEF» қоғамдық қоры. Айта кетейік, Динара Құлыбаева негізін қалаған қоғамдық қор ірі ғылыми-білім беру кластері болып саналады. Қордың білім беру жобаларының жүзеге асырылуына Тимур Құлыбаев «Halyk» қайырымдылық қоры арқылы қолдау көрсетуде. Қазіргі уақытта «NNEF» қорының білім беру ұйымдарында 32 мыңнан астам студент білім алуда, ал  6 мыңнан астам оқытушы, профессорлар мен ғылыми қызметкер еңбек етуде.

Фестиваль білім беру және ғылыми ортаны интеграциялау мақсатында 2021 жылы құрылған University Alliance of Science and Technology жоғары оқу орындары альянсының бастамалары аясында өткізілуде. Альянстың құрамында Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті, Astana IT University, Алматы энергетика және байланыс университеті, Қазақстан-Британ техникалық университеті, Халықаралық бизнес университеті кіреді.

Ауқымды іс-шараның өтуіне Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, Ғылым және жоғары білім министрлігі, сонымен қатары Алматы әкімдігі және жетекші компаниялар мен мемлекеттік құрылымдар қолдау танытқан.

«IT Fest-2024» тек жарыстар мен тәжірибе алмасуға арналған орын ғана емес, сондай-ақ ол дарынды жастарды анықтап, оларды экономиканың нақты секторына одан әрі біріктіруге арналған кеңістікке айналды. Іс-шараны ұйымдастырушылардың бірі Astana IT University ректоры Асқар Хикметов атап өткендей, фестиваль үш негізгі мақсатты көздейді: жастар арасында IT саласын насихаттау, талантты жастарды іздеу және бизнеске қажетті қолданбалы міндеттерді шешу.

«Бірнеше жоғары оқу орындарының бірігуі жайлы айта кетсек, біз дәстүрлі білім беруді өзгертудің төртінші кезеңіне аяқ бастық. Гибридті оқыту жүйелері, қашықтықтан оқыту жүйелері, білім беру процесіне жасанды интеллектті қосқаннан кейінгі төртінші кезең – ол университеттердің альянстарға қосылуы. Бұл университеттер арасындағы өзара операциялар және жоғары оқу орындарының әр қатысушысының білімін күшейте алатын бірлескен жобалар құру. Бұл фестиваль жай ғана байқау емес. Бұл  IT саласында талантты жастардың өз орнын тауып, идеяларын жүзеге асыруға қолдау алатын мүмкіндігі бар алаң», — деді Astana IT University ректоры Асқар Хикметов.

Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің ректоры Асылбек Исаxовтың айтуынша, бастапқыда бұл іс-шарасы ХАТУ бастамасы болған, уақыт өте келе оған Альянстың құрамындағы барлық жоғары оқу орындары атсалысатын IT Fest фестиваліне дейін ұласып,  бірегей жобалар бастау алатын мүмкіндік алаңына айналған.

«Мысалы, осы IT Fest-те «Тазалық» деген жоба болған. Қазіргі таңда ол өте табысты жобаның бірі. Ондай мысалдар өте көп. Басында 2011 жылы бастағанда қатысушылар саны 400 болатын, қазір қатысушылар саны үш мыңға жетіп отыр», — дейді ХАТУ ректоры Асылбек Исаxов.

Фестивальдің секциялары

Фестиваль киберспорт пен бағдарламалаудан бастап робототехника мен стартаптарға дейінгі сегіз тақырыптық секциядан тұрды. Қатысушылар инновациялық жобалар арқылы өздерінің білімі мен дағдыларын көрсетуге мүмкіндік алды. Мәселен, «Робототехника» секциясында оқушылар мен студенттер екінші күні футбол матчтарында жарысатын роботтар жасады.

Ал «Киберспорт» секциясында CS2, FIFA және Dota 2 әуесқойлары жүлделі орындар үшін бақ сынады, тиісінше Қазақстанда киберспорт қаншалықты танымал екенін көрсетті. «Startup BATTLE» секциясында қатысушылар мобильді қосымшалардан бастап бұлтты шешімдерге дейінгі өздерінің жобаларын ұсынды. Қазылар алқасы олардың жаңашылдығы мен өзектілігін саралап, баға берді.

«Дизайн және анимация» секциясында қатысушылар технология мен шығармашылықты үйлестіре отырып, анимацияланған веб-комикстер жасап, өз жұмыстарын Корей вебтун академиясының профессорларынан құралған қазылар алқасының бағалауына ұсынды. Вебтун – бұл салыстырмалы түрде жақында пайда болған технология екенін түсіндіре кеткен жөн. Көптеген корей анимелері осы стильге бағытталып жасалған.

UIB Халықаралық бизнес университетінің ректоры Анар Махметованың айтуынша, соңғы кездері бірнеше қазақ мультфильмдері де вебтун технологиясын қолдану арқылы жасалған.

«Қатысушылар вебтун технологиясын қолдана отырып, таңдалған тақырыптары бойынша қысқа анимациялар жасап, бұлттық технологияға арнайы берілген орынға лақтырды. Біздің серіктестеріміз — Вебтун академиясының профессорлары барлық жұмыстарды тексеріп, жүлдегерді анықтады«, – деді UIB ректоры Анар Махметова.

Айта кетейік, Академия профессорлары IT Fest фестивалі ашылғанға дейін байқауға тіркелген барлық қатысушыларға алдын ала сабақтар, тренинг-дәрістер және практикалық сабақтар ұйымдастырған.

Фестиваль аясында өткен «Робототехника» секциясы ерекше жобаларға толы болды. Қазақстан-Британ техникалық университетінің проректоры Әсел Жұмасейітованың айтуынша, бұл секцияның тек жас инженерлердің әлеуетін ашуға емес, жасанды интеллект пен заттар интернеті сияқты бағыттарды дамытуға тигізер септігі зор.

«Келешекте роботтар еңбек ресурстары ретінде қарастырылатыны айтылуда, алайда мұнда цифрландырудан, IT инновациялардан қорықпаған жөн. Оларды басқара білу қажет, ол үшін оны қалай жасау керегін білуіміз керек. Бүгінде оқушылар мен студенттердің өз идеяларын ұсынуға, оны жүзеге асыруға ерекше мүмкіндігі бар. Фестивальге ұсынылған жұмыстар студенттердің қолынан шыққан. Егер бұрын бұл дипломдық жұмыс болса, енді студенттің курстық жұмысының бөлігі ретінде жасанды интеллектпен «крестик-нолик» ойынын ойнауға болатынын көруге болады. Сіз ым-ишара арқылы тапсырмалар беретін машинамен жұмыс істей аласыз. Бұдан бөлек Boston Dinamics жасаған әйгілі робот-ит бар. Біздің студенттер оны қазақша айтылған тапсырмаларды түсінетіндей жасап шығарды, бұл оның басты артықшылығы», – деді ҚБТУ проректоры Әсел Жұмасейітова.

№201 мектептің 10-сынып оқушысы Асқар Серікбай өзі оқитын білім ордасында өткен жарыстың бірінші кезеңінен сәтті өтіп, енді IT Fest аясында болып жатқан  жарыстың екінші турына қатысқан.

«Біздің міндетіміз – роботтарды 4-5 сағат ішінде жинап, код жазу және оны ойында сынақтан өткізу. Біз келесі күні оларды іске қосып, басқа топтармен жарыстық. Біздің жұмыс істеуімізге қажетті арнайы бөлшектер жиынтығы мен сынақ алаңдары ұсынылды», – деді Асқар Серікбай.

Робототехникамен 8-сыныптан бастап айналысатын Асқар бұл кәсіпті өзінің хоббиіне айналдырған. Екі жыл ішінде түрлі жарыстарға қатысқан Асқардың алған марапаты да, жеткен жетістігі де көп.

Жүзден жүйрік атанған дарынды жастар

Фестивальдің жүлде қоры шамамен 5 млн теңге. Жеңімпаздар гранттар, ақшалай сыйлықтар алып, университеттер мен бизнеспен ынтымақтасып, өз идеяларын одан әрі дамытуға мүмкіндік алады. Дарынды жастардың басын қосқан IT Fest фестивалінің қатысушылары арасынан келесі жастар жүзден жүйрік атанып, өздері қатысқан секцияларда 1-орын иеленді:

«Дизайн және анимация» секциясы – Ясмин Сейфуллина «Let’s start Over» жобасы.

STARTUP BATTLE секциясы  «Soile.ai» стартапы, Омарова Үкілі, Қосанова Далия, Имаш Жасұлан

Ақпараттық технологиялар «Цифрлық университет» – «Spark studio» командасы – Махматов Руслан, Тимирбаев Гайдар, Жұмабаев Ерлан

Ақпараттық технологиялар «Цифрлы мектеп»  «SS» командасы, Imangali Tleuzhanov, Sailanbay Akylzhan, Tumash Adil (Халықаралық ақпараттық технологиялар университетіне грант алды)

Робототехника  LFR командасы – Zachupeiko Matvey, Omar Amina, Assatryan Artyom (Қазақстан-Британ техникалық университетіне грант алды)

CyberSecurity – Иван Савельев (ҰЗУ МЭИ)

Кино және бейне – «Kemenger» командасы – Айдархан Жүрсін, Нұрсұлтан Құрмашев, Аружан Бақберген.

«CyberSport» секциясының жеңімпаздары:

  • Counter Strike 2: 4422 (ХАТУ) 400 000 теңге
  • Dota: Катарсис (ХАТУ) 250 000 теңге
  • FIFA: Alish_back (AITU) 100 000 теңге
  • IT FEST OPEN: Қамзабек Нархан (ҚБТУ)

«IT Fest — 2024 фестивалі – бұл тек IT саласындағы жастарға өз таланттарын көрсету мүмкіндігін берумен шектелмейді. Бұл – еліміздің технологиялық әлеуетін дамытудағы маңызды қадам. Жас ұрпақтың шығармашылық және интеллектуалдық әлеуетін ашуға көмектесетін бастамаларды қолдай алғанымызды біз мақтан тұтамыз. Бүгінгі фестивалдің қатысушылары – ертеңгі Қазақстанның цифрлық трансформациясының көшбасшылары», – деп атап өтті «NNEF» қоғамдық қорының цифрлық трансформация бойынша жетекшісі Лаура Саламат.

Айта кетейік, «NNEF» қоры балабақша жасындағы сәбилерден бастап оқытушыларға дейін қолжетімді үздіксіз білім берудің бірегей экожүйесін құрды. Қордың қарамағында үш «Мирас» балабақшасы (Астана, Алматы және Атырауда), Астана мен Алматыдағы «Мирас» халықаралық мектептері, Алматы қаласының халықаралық мектебі, «Арыстан» мамандандырылған лицейі және Жоғары оқу орындарының альянсына біріккен жетекші бес университет бар.


Дереккөз: inbusiness.kz