Пт. Май 30th, 2025

Қарасай ауданына қарасты Жібек жолы ауылындағы ұн өнімдерін өндіретін цех аумағында болған жарылыс кезінде зардап шеккен адамдар ауруханада көз жұмды.

Еске салайық, төтенше жағдай 23 мамырда болған. Сол кезде бір адамның қаза тауып, төртеуі ауыр жараланғаны хабарланған еді. Олардың денесінің 80-90 пайызы күйіп, жансақтау бөліміне жеткізілген болатын.

28 мамырда зардап шеккендердің барлығы алған жарақаттарынан қайтыс болды.

«23 мамырда болған қайғылы оқиға салдарынан әріптестеріміздің қаза тапқаны туралы ауыр күйзеліспен, қайғыра отырып хабарлаймыз», — делінген хабарламада.

Компания марқұмдардың отбасыларына көңіл айтып, орны толмас қазаның ауыртпалығын бірге көтеретінін мәлім етті.

«Корпоративтік бағдарламалар аясындағы сақтандыру төлемдерімен бірге, компания тарапынан қосымша материалдық көмек көрсетіледі. Жерлеу рәсімдерін ұйымдастыруға байланысты барлық шығындарды компания өз мойнына алады. Сондай-ақ марқұм болған әріптестеріміздің артында қарыздық міндеттемелері болса, толық өтелетін болады. Әр отбасыға психологиялық және заңгерлік көмек көрсетіліп, қажет болған жағдайда жеке қолдау ұйымдастырылады».

«АзияАгроФуд» АҚ басқармасы қазіргі уақытта оқиғаның себептерін анықтау бойынша тергеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын хабарлады.


ДЕРЕККӨЗ: TENGRINEWS