ҮАААЖ айырығына жақын жерде жаяу жүргіншіні автокөлік қағып кетті, — деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Оқиға 6 шілдеге қараған түні сағат 23:00 шамасында Талғар тас жолының бойында Талдыбұлақ ауылының маңында болған. Оқиғаның куәгері редакциямызға хабарласып, қайғылы оқиғаның мән-жайын айтып берді. 30 жастағы Валерий Пановтың айтуынша, соқтығыс болар уақытта Алматыдан Талғарға бара жатқан.
«Оқиға ҮАААЖ айырығынан бірнеше метр бұрын орналасқан жаяу жүргіншілер өткелінде болды. Lexus жүргізушісі сағатына 150 шақырым жылдамдықпен көлікті тізгіндеп келе жатқан. Ол Талғардан қалаға бет алған. Алдындағы автокөлікті басып озу үшін қарсы жолаққа шығып соның салдарынан жаяу жүргіншілер жолағындағы адамды қағып кетті.
Соққының қатты болғаны сонша, ер адам үшке бөлініп кетті. Аяғы, денесі және басы. Дене бөліктері соққы орнынан 300 метр жерге шашылып кеткен. Көлікте жігіт пен оның достары болған. Оқиға орнына дереу жедел жәрдем, полиция қызметкерлері мен кезекші прокурор келді», — деді Валерий Панов.
Валерийдің айтуынша, 10 шілдеде дәл сол жерде жаяу жүргіншіні қағып кеткен. Ол кезде қыз зардап шеккен еді. Расталмаған мәліметтер бойынша, ол ауруханада көз жұмған.
Осыған байланысты тілшіміз түсініктеме алу үшін полицияға жүгінді.
«6 шілде күні сағат 22:50 шамасында «Алматы-Талғар» тас жолымен батыс бағытта келе жатқан «Лексус» көлігінің 22 жастағы жүргізушісі 21-ші шақырымда жаяу жүргіншіні қағып кеткен. 68 жастағы жаяу жүргінші оқиға орнында көз жұмды.
Қылмыстық кодекстің 345-бабының 3-бөлігі бойынша ішкі істер органдарына тіркелді. Қазіргі уақытта жол-көлік оқиғасының мән-жайын жан-жақты, толық және объективті зерттеуге бағытталған сараптамалар тағайындалып, барлық қажетті тергеу шаралары жүргізіліп жатыр», — деді Алматы облысының полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Ақпарат көзі: Tengrinews.kz