Алматы — Өскемен автожолында 18 көлік соқтығысып қалды. Жол-көлік оқиғасы 15 қаңтар таңғы 7:30-да болды.
2025 жылы 15 қаңтар сағат 07:30 шамасында «Алматы-Өскемен» автожолының 28 шақырымында («Алматы-Қонаев» бағытында) 18 автокөліктің қатысуымен жол-көлік оқиғасы тіркелді. Авария қалың тұман кезінде болды.
Алдын ала мәліметтер бойынша оқиға жүргізушілер шектеулі көрініс кезінде жылдамдық режимі мен қауіпсіз арақашықтықты сақтамауы салдарынан болған.
Оқиға орнындағы жол учаскесі ІА техникалық санатқа жатады, алты жолақты. Жолдың жүру бөлігі құрғақ, ақаусыз және бөгде заттар болмаған. Жол-көлік оқиғасы нәтижесінде зардап шеккендер мен қаза тапқандар жоқ. Қосымша мәліметтер анықталып жатыр.
Кейін ҚазАвтоЖол өкілдері жол-көлік оқиғасынан зақым келген 18 автокөліктің 16-сы жолдан алынғанын хабарлады. Тағы екі көлік жолдың бөлу жолағында эвакуатордың көмегін күтіп тұр. Сағат 9:45-те Алматы-Өскемен автожолының учаскесінде қозғалыс ашылды. Жол-көлік оқиғасынан кейін жол қызметі жолдың бойын тазалап өтті.
ДЕРЕККӨЗ: NUR.KZ