Ср. Май 21st, 2025

Талдықорғанда Шерзат Болаттың өліміне қатысты іс бойынша сот процесі жалғасып жатыр

Бүгінгі сотта басты айыпталушы Абзал Шынасылдан жауап алу басталды. Ол кінәні ішінара мойындайтынын мәлімдеді.

Абзал Шынасылдың айтуынша, сол күні достары Азамат Тоқтаубаев, Шыңғыс Белғожаев, Равиль Сакиев және кәмелетке толмаған Д.Ы.-мен кафеде демалған, кейін Нұрбол Тоқтаубаев қоңырау шалып, «Қамажай» дүкенінің маңында досы соққыға жығылғанын жеткізген.

Ол оқиға орнына келгенде төбелес болып жатқанын айтты. Ол Шерзаттың ағасы Нұрғанат Ғайыпбаев өзіне қарата оқ атқанын мәлімдеді.

«Содан кейін олар Шерзатпен бірге Шота Руставели көшесінің бойымен қашты. Кейін Шерзат құлады. Ол құлаған кезде оны ұрып, тепкіледім. Содан кейін Нұрғанатқа үш рет пышақ сұқтым. Мұны мойындаймын», — деді Абзал Шынасыл.

Абзал Шынасылдан неге пышақ алып жүргені сұралғанда, ол үш күн бұрын жанармай құю бекетінде белгісіз үш адам шабуыл жасағанын айтты.

Сотта Абзал Шынасыл айғақтарынан бас тартты. Оның айтуынша, Шерзатты ол өлтірмеген, жасөспірімді кім пышақтағанын білмейді.

«Полицияда «Шерзатты пышақтадым» деп айтуға мәжбүр етті. Кейін бізді Қонаевқа этаппен апара жатқан кезде Равиль, Шыңғыс және Азаматпен Шерзатты өз мойныма аламын деп келістік. Келісім бойынша Шыңғыс Нұрғанатты өз мойнына алды. Мойындасам, жазам жеңіл болады деп ойладым», — деді Шынасыл.


ДЕРЕККӨЗ: TENGRINEWS