Бұған дейін бір топ депутат АЭС-ті Курчатов қаласына салуды ұсынған еді.
Бүгін Премьер-министр Олжас Бектенов ұсынысқа жауап беріп, атом электр стансасы құрылысы үшін таңдалған орынды атады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Қараша айында Абай облысының Курчатов қаласында Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің радиациялық және сейсмикалық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі көшпелі отырысы өткен болатын.
Жиында стратегиялық маңызы бар объектілердің қорғанысы талқыланып, кейіннен сенатор Андрей Лукин депутаттық сауалында Ядролық ғылым орталығы саналатын Курчатов қаласының артықшылығын айтқан-ды.
– Курчатов қаласына ғылыми қалашық мәртебесін беру мәселесі көптеген жыл бойы көтеріліп келеді. 2012 жылы Премьер-министрдің өкімімен ғылым қалашығы туралы заңнаманы әзірлеу бойынша ұсыныс дайындау мақсатында жұмыс тобы құрылған болатын. Сонымен қатар, «Курчатов ғылыми қалашығы» кластерінің тұжырымдамасы және «Ғылымды қажет ететін аумақтар туралы» заң жобасы да әзірленді. Шын мәнінде, Курчатовтың ғылыми қалаға айналуына барлық негіз бар, бірақ мәселе бүгінгі күнге дейін шешілген жоқ. «Ғылым туралы» арнайы заңның қабылдануы Курчатов қаласының өзін де, онда орналасқан ғылыми орталықтарды да дамытуға қуатты серпін береді деп сенеміз. Осылайша, еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айтылған «моноқалаларға дем беру» және «өңірлерді белсенді дамыту» туралы тапсырмасын орындауға мүмкіндік береді, – деген еді сенатор А.Лукин.
Бүгін Премьер-министр Олжас Бектенов Сенат депутаттарының Атом электр стансасын Курчатов қаласында салу туралы ұсынысына жауап беріп, комиссия шешімін жария етті.
– Атом саласын дамыту мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның шешіміне сәйкес, Атом электр стансасы құрылысы үшін орынды Алматы облысының Жамбыл ауданына қарасты Үлкен ауылына тақау аудан белгіленді, – деді Үкімет басшысы.
Дереккөз: inbusiness.kz