Ақтауда зорлық-зомбылық пен адам өліміне әкелген қылмыстық іс бойынша апелляциялық сот үкімі шықты. Бұған дейін 29 жастағы фитнес-жаттықтырушы Алина Серікованы ұрлап, зорлаған бес ер адамға қатысты алғашқы сот үкіміне наразы болған марқұмның туыстары апелляцияға жүгінген еді
Бүгін, 31 қаңтарда сот басты фигурант Нұргелді Сейітқалиевті өмір бойына бас бостандығынан айырды.
Қалған сотталушыларға ұзақ мерзімді жаза тағайындалды:
Еркебұлан Аманқос – 16 жыл
Аралбай Мерей – 13 жыл
Дархан Құлбас – 13 жыл
Қуаныш Үсенғали – 13 жыл
Марқұмның отбасына моральдық және материалдық шығын ретінде 30 миллион теңге төленеді.
Алина Серікованың ісі қоғамда үлкен резонанс тудырды. Оның туыстары сот шешімі әділ болуын талап етіп, басты айыпталушыға ең қатаң жаза берілуін сұраған еді. Бұл жағдай Қазақстандағы гендерлік зорлық-зомбылықпен күрес мәселесін қайта күн тәртібіне шығарды.
Еске салайық, бұған дейін nemolchikz_official әлеуметтік желіде 2024 жылдың мамыр айында Ақтауда болған жантүршігерлік оқиғаны жариялаған еді.
14 мамыр күні түнде Ақтауда бір топ ер адам спортпен айналысып, фитнес-жаттықтырушы болып жұмыс істеген қызды көлікке күштеп отырғызып, мефедрон беріп зорлаған. Таңға дейін қызды қинап, қала берді телефоны арқылы 2 млн теңге көлемінде несие рәсімдеген. Қыздың туыстары сот шешіміне қарсы шағым түсіріп, істің әділ қаралуын сұрады.
Прокурор бас зорлаушыға өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын сұраған, ал қалған төртеуіне 15-16 жылға дейін жаза тағайындалуы тиіс болатын. Прокуратура оларды зорлау, жыныстық зорлық-зомбылық, өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу, есірткі заттарын қолдануға көндіру, заңсыз бас бостандығынан айыру және адам ұрлау, бопсалау бойынша айыптаған. Алайда судья қыздың өлімін зорлықпен байланыстырмаған. Осылайша қылмыскерлердің жазасын жеңілдеткен. Марқұмның отбасы бұл шешімге апелляциялық шағым түсірді.
ДЕРЕККӨЗ: DALANEWS