Көлік министрлігі 25 желтоқсанда Ақтау маңында апатқа ұшыраған Azerbaijan Airlines (AZAL) ұшағының апатқа ұшырауын тергеудің алдын ала нәтижелері туралы есеп жариялады
Баяндама 53 беттен тұрады. Құжатта есеп шеңберінде жүргізілген тергеу «біреудің кінәсі немесе жауапкершілігінің үлесін белгілеуді көздемейтіні» көрсетілген.
Алдын ала есепте әзірге авиациялық оқиғаны тергеу жөніндегі комиссияға келіп түскен қолда бар мағлұмат жазылған. Ұсынылған ақпарат алдын ала жазылғандықтан, барлық материал зерттеу нәтижелері бойынша нақтылануы және толықтырылуы мүмкін. Жұмыс аяқталғаннан кейін авиациялық оқиғаны тергеу нәтижелері бойынша түпкілікті есеп дайындалады.
Осылайша, құжатта атап өтілгендей, 2024 жылдың 25 желтоқсанында жергілікті уақыт бойынша сағат 11:28-де (06:28 UTC) Ақтау әуе айлағының 11-ұшу-қону жолағына қону кезінде «Әзербайжан Хава Йоллары» — Azerbaijan Airlines ЖАҚ иелік ететін Embraer 190-100 IGW2 4K-AZ65 ұшағы авиациялық апатқа ұшырады. Әуе кемесі Баку (UBBB)-Грозный (URMG) бағыты бойынша тұрақты J2– 8243 жолаушылар рейсін орындаған. Грозный аэродромына екі рет қона алмағандықтан экипаж Бакуге оралуды ұйғарған.
Әрі қарай, 05:13:31-де CVR-ден алынған жазбаларда дыбыстық соққы тіркелген, автопилотты (AUTO PILOT) және автоматты тартуды (RI Throttle) өшіру туралы дыбыстық дабыл іске қосылған. Қайту процесінде сағат 05:13:32-де ұшақтың негізгі басқару жүйелері жоғалған.
05:13:34 – 3-гидрожүйедегі қысым 0 PSI-ге дейін төмендеген. 3-гидрожүйедегі сұйықтық деңгейі 0%-ға дейін төмендеген. Басқару рульдері нөлдік күйде бекітіледі және ұшу аяқталғанша осы қалыпта қалған.
05:13: 36 –тангаж бойынша әуе кемесін триммерлеу жүйесінің істен шығуы тіркелген.
05:13: 39 – FDR мәліметтері бойынша, кабинаның разгерметизациясы басталғаны (саңылаудың пайда болуы) тіркелген.
05:13:47 – HYD 2 LOW PRESS дабылы іске қосылған. 1-гидрожүйедегі қысым 0 PSI-ге дейін, сұйықтық деңгейі 0%-ға дейін төмендеген.
05:14: 58 — CVR мәліметтері бойынша, ішкі байланыс командирі жағдайды нақтылау үшін кабина экипажына хабарласқан: «Алло, не боп қалды?». Бортсерік: «2 орындық жарылды, мен… келе алмаймын, өйткені жолаушылар орнынан тұрып кетті, соларды отырғызып жатырмын», — деген.
Сағат 05:42-де экипаж апатты түрде қону үшін Ақтау қосалқы әуе айлағына бару шешімін қабылдаған.
Ұшақ бортында 5 экипаж мүшесі мен 62 жолаушы болған. Авиациялық оқиға салдарынан әуе кемесінің командирі, екінші ұшқыш, аға бортсерік және 35 жолаушы (барлығы 38) қаза тапты, 2 бортсерік және 27 жолаушы түрлі дәрежеде дене жарақатын алды. Жерге соқтығысу кезінде ұшақ қирап, ішінара өртенген.
Тексеру жұмыстарына ұшақты жасаған ұйымның (Embraer S.A., Empresa Brasileira de Aeronautica S.A.) және «Әзербайжан Хава Йоллары» ЖАҚ (Azerbaijan Airlines) әуе компаниясының өкілдері қатысуда.
Айта кетейік, 25 желтоқсанда Ақтау маңында Бакуден Грозныйға бағыт алған AZAL жолаушылар ұшағы апатқа ұшыраған болатын. Бортта 67 адам, оның ішінде бес экипаж мүшесі болған. Апат салдарынан 38 жолаушы қаза тауып, 29 адам аман қалған еді.
Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев интернетте тараған нұсқа мен «қара жәшіктегі» мәлімет арасында үлкен айырмашылық бар екенін айтқан еді. Сондай-ақ ұшақ апатына байланысты Ресейде, Қазақстанда және Әзербайжанда қылмыстық іс қозғалған еді.
Бұған дейін Бразилия Әскери-әуе күштерінің Әуе апаттарын зерттеу орталығының (Cenipa) мамандары AZAL әуе компаниясының апатқа ұшыраған Embraer 190 ұшағының қара жәшігін талдауға кіріскенін хабарлаған болатын.
Қазақстан Республикасы көлік вице-министрі Талғат Ластаев ҚазАқпарат тілшісіне әуе апатын тергеудің алдын ала қорытындысы қашан белгілі болатынын айтты. 30 желтоқсанда Халықаралық әуе көлігі қауымдастығы (IATA) оқиғаны жан-жақты және бейтарап тергеуге шақырды. Жақында Көлік министрлігі Ақтау маңындағы ұшақ апатына қатысты мәлімдеме жасаған еді.
ДЕРЕККӨЗ: TENGRINEWS