Пт. Янв 31st, 2025

АҚШ Иммиграция және кеден қызметі елде заңсыз жүрген және депортацияланатын азаматтары бар елдердің тізімін жариялады.

Құжатта 2024 жылдың 24 қарашасындағы жағдай бойынша ICE (АҚШ иммиграция және кеден қызметі) тізімінде 1,5 млн-ға жуық адам тұрғаны айтылған. Құзырлы органдар оларды депортациялау үшін әлі ұстамаған.

Құжатта қазір АҚШ-та заңсыз тұрып жатқан 369 Қазақстан азаматы бар екені және олар депортациялануы мүмкін екені көрсетілген.

Құжатта қазақстандықтардан бөлек АҚШ-та заңсыз жүрген Қырғызстанның 319 азаматы, Ресейдің 3,5 мыңнан астам азаматы, 975 Өзбекстан азаматы және 40 түрікменстандық бар. Бір қызығы тізімде 337 «КСРО азаматы» депортацияланатыны да көрсетілген. АҚШ-қа заңсыз жүргендер ішінде Гондурастан (262 мың), Гватемаладан (253 мың), Мексикадан (252 мың) және Сальвадордан (203 мың) келгендер көп.

Еске сала кетейік, АҚШ мигранттарға қатысты саясатын қатаңдатты. Соған байланысты өткенде Қазақстан елшілігі сол елде жүрген қазақстандықтарға үндеу жасады.

АҚШ-та заңсыз жүрген мигранттарға қатысты ел билігі қамауға алу және елден шығару сынды мәжбүрлеу шараларымен қатар АҚШ-қа қайта кіруге шектеулер енгізбек, сондай-ақ әлеуметтік көмек, жұмыс істеуге рұқсат беретін құжаттар мен басқа да әлеуметтік жеңілдіктерді жою қарастырылады.

АҚШ билігі заңсыз негізде жүрген шетелдіктерге (құжаты жоқ, жарамсыз виза мен тұрақты тұруға рұқсаты (Грин Карта) және басқа құжаттар болмауы) елден өз еркімен кетуге мүмкіндік беріп отыр.


ДЕРЕККӨЗ: NUR.KZ