Пт. Дек 27th, 2024

Мемлекет басшысы Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевке көңіл айтты

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ильхам Әлиевке Маңғыстау облысында Әзербайжанның әуе жолдары ұшағы апатқа ұшырап, экипаж мүшелері мен жолаушылардың қаза тапқаны туралы суыт хабарды терең күйзеліспен қабылдағанын жеткізді.

«Орны толмас ауыр қайғыға ортақтаса отырып, Сізге, қаза тапқан азаматтардың туған-туыстарына және барша Әзербайжан халқына көңіл айтамын. Менің тапсырмаммен Қазақстан Үкіметі мемлекеттік комиссия құрды. Комиссия құтқару операциясы аясында тиісті шаралар қабылдап, Әзербайжан тарапына қажетті көмек көрсетеді», – делінген жеделхатта.

Айта кетейік, алғашқы хабарлар 11:20-да келіп түскен, сол кезде Бакуден Грозныйға бағыт алған ұшақ Ақтауға жедел қону үшін сұраныс жасағаны туралы айтылды.

Грозный әуежайының баспасөз қызметі мәліметіне сәйкес, ұшақтың бағытын өзгертуге қалың тұман себеп болған. Ұшақ алдымен Махачкалаға, содан кейін Ақтауға қайта бағытталған.

Еске салайық, 25 желтоқсанда Ақтау маңында ұшақ апатқа ұшырады. Ұшақ Бакуден Грозныйға ұшып бара жатқан. Бұл ұшақ Azerbaijan Airlines әуекомпаниясына тиесілі.

Кейінірек Төтенше жағдайлар департаменті оқиға орнына барды. Құтқарушылар жеткен кезде ұшақ өртеніп жатқаны анықталды. ТЖМ тірі қалғандар бар екені туралы айтты.


ДЕРЕККӨЗ: TENGRINEWS