Сб. Ноя 23rd, 2024

II топтағы мүгедек тұрғын үй комиссиясының жалдау шартын тоқтату туралы шешімін заңсыз деп тануды және күшін жоюды сұрады. Сондай-ақ, жалдау мерзімін ұзартуды талап еткен. 

Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотында шаһар тұрғынының Ақтау ТКШ бөліміне шағымы бойынша іс қаралды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Белгілі болғандай, 2020 жылдың соңында тұрғын үй комиссиясының шешімімен мүгедек жан мен оның 6 адамнан тұратын отбасы мүшелеріне Ақтау қаласының 19 шағын ауданынан екі бөлмелі пәтер беріледі.

Сөйтіп 2021 жылдың қаңтарында талапкер мен жауапкер арасында 3 жылға тұрғын үйді жалдау шарты жасалады. Кейін талапкер әкімдікке жалдау мерзімін ұзарту туралы өтініш береді. Бірақ тұрғын үй комиссиясы ер адамның өтінішінен бас тартты. Оған жұбайының атына тіркелген жылжымайтын мүліктің анықталғаны себеп.
Істі зерделеген сот талапкердің пайдасына шешім шығарады. Өйткені «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңның нормаларына сәйкес,  тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үй бір адамға кемінде он бес шаршы метрден бастап он сегіз шаршы метрден аспайтын пайдалы алаң мөлшерінде болуы шарт. 

«Талапкердің мемлекеттік тұрғын үй қорынан жалға алған тұрғын үйінің көлемі  екі бөлмеден тұратын 79,7 шаршы метр. Ал талапкердің жұбайы сатып алған пәтер 50,9 шаршы метр. Яғни үйдің жалпы ауданы «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңның 75-бабында көзделген тұрғын үй беру нормаларына сәйкес келмейді. Тұрғын үй комиссиясы жалдау мерзімін ұзартудан бас тарта отырып, «Тұрғын үй қатынастары туралы» ҚР Заңының 107-бабының 8-тармағын заңсыз басшылыққа алды. Ол Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2020 жылғы 21 қаңтардағы Нормативтік қаулысымен конституциялық емес деп танылды. Сот жауапкерден анықталған бұзушылықтар бойынша жеке ұйғарым шығарды», — делінген хабарламада.                                                                                                                                                         


Дереккөз: inbusiness.kz