Пт. Фев 23rd, 2024

38 жастағы тұрғынның миы шайқалып, жамбасы зақымданған. 

38 жастағы Екатерина Новикова екінші қабаттан түсіп келе жатып, ағаш баспалдақпен бірге гүрс етіп бірінші қабатқа құлаған. Сатының ілініп-салынып әзер тұрғанын тиісті мекемелерге талай рет айтып, көмек сұрағанбыз дейді.

«Түскі сағат бірлердің шамасы болатын. Қызымды мектептен әкелдім де, дүкенге бару үшін қайта шықтым. Екінші қабаттан түсе бергенім сол еді, ағаштар сықырлап, баспалдақпен бірге гүрс еттім Бір қарасам, бірінші қабатта еденде жатырмын. Жедел жәрдем келіп, ауруханаға апарды. Бас-миым шайқалып, етім ауырып, жамбас сүйегіме зақым келген. Дәрігерлер ауруханаға жатып, емделу керек деді, әрі қарай емді жалғастырамын. Бұл баспалдақтың мәселесін осы үйде 30-40 жылдан бері тұратын адамдар талай рет көтерді. Үйіміз 80 пайызға ескірген деген құжаттары да болуы керек. Бізге көмектеспесе, жағдайымыз қиын», — деді Екатерина Новикова.

Екі қабаттан тұратын үй 1960 жылы салынған. Жаңбыр жауса шатырынан су сорғалап, тұрғындарды әбден мезі еткен. Жылу жүйесінде де ақау болып, биыл жөндеп алыпты. Айналдырған сегіз пәтерден тұратын үйде не мүлік иелері бірлестігі, иә болмаса, кондоминиум да  жоқ. Пәтердің қожайындарының дені зейнеткерлер, әлеуметтік жағынан аз қамтылғандар болған соң, үйдің «жыртығын» там-тұмдап жинаған қаражатқа жөндеп келіпті. Жергілікті әкімдіктен көмек сұрап бірнеше рет өтініш айтқан.

«Менің бұл үйде тұрғаныма он сегіз жыл болады. Содан бері жағдайы мәз емес. Баспалдақтың ағашы шіріп тұрды. Жоғарыға шығуға қорқатынбыз. Әліміз келгенше ағашын жаңалаған болдық. Бірақ, әбден ескірген ғой. Терможаңғырту деген бағдарламамен жөндеп берсін деп құжаттарымызды әкімдікке тапсырғанбыз. Олар тіркеп алды, биыл жылдың басында жұмысты бастау керек еді, бірақ ешкімді көрген жоқпыз», — дейді Света Қапанқызы.

Ақтөбе қаласы Астана ауданының әкімдігі бұл үй апатты санатына жатпайтынын айтты. Тұрғындардың өтінішінен кейін демеуші іздеп тауып, қазір бүлінген баспалдақты темірден жасалғанымен ауыстырмақшы.

«Тұрғын үй қатынастары» туралы заңға  сәйкес,  бұл — тұрғындардың ортақ  меншігі  болып табылады,  өздері күтіп ұстауға міндетті. Бұл үйге сараптама жүргізілген. Қорытындысына сәйкес, үй авариялық деп танылмаған. Егер апатты деп танылса, мемлекет тарапынан қолдау көрсетіледі.  Модернизация бойынша құжаттарын  тұрғын үй инспекциясына тапсырған. Қазір құжаттарын қарап жатыр. Қазір демеушілік тарапынан жұмыс жүргізіп жатырмыз. Жақын арада баспалдақты жаңалап  бітіреміз», — деді Ақтөбе қаласы Астана ауданы әкімінің орынбасары Жақсат Төлегенов.

2022 жылдың басында  Ақтөбе қаласында 34 апатты үй болса, жүргізілген жұмыстың нәтижесінде 8 үйдің мәселесі толығымен шешілген. Тағы жеті үйдің проблемасын жою үшін инвесторлармен келіссөздер жүргізіп жатыр.

Қалалық әкімдіктегілердің айтуынша, қалған 19 апатты үй бойынша (135 пәтер немесе 442 адам) шешу жолдары күрделі болып отыр. Үйлердің басым көпшілігі қаланың шет аумақтарында  орналасқандықтан олар бойынша ұсынылған жобаларға қатысу үшін жеке инвесторлардың қызығушылығы төмен болып отыр.


Дереккөз: inbusiness.kz