Пн. Ноя 25th, 2024

Сарапшы ел Президентінің Қауіпсіздік кеңесінің шұғыл отырысын өткізуінің мәнін айтты.

Inbusiness.kz 23 наурызда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанның Қауіпсіздік кеңесінің мүшелерін шұғыл жинағанын жазды. 

Ақорда ол отырыста талқыға салынған мәселелер мен қабылданған шешімдердің егжей-тегжейіне тоқталмай, қысқаша хабарламамен шектелді.

«Жиын барысында құқық қорғау құрылымдары мен жергілікті атқарушы органдардың жұмыс жоспары, сондай-ақ экстремалды жағдайлардағы олардың қызметін үйлестіру мәселелері қарастырылды. Президент ел азаматтарының қауіпсіздігін және терроризмге қарсы күрес мақсатында Қазақстанның басқа мемлекеттермен және халықаралық ұйымдармен ықпалдастығын қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар тапсырма берді», – деп мәлімдеді Ақорда.

Президент жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының (ҚСЗИ) директоры Еркін Тұқымов бұл отырысқа қатысты пікір білдіріп, көңіл бөлуге тұрарлық үш жайтқа назар аудартты.  

«Біріншіден, ресейліктермен ынтымақтастық және көңіл айту – жай дипломатиялық ілтипат емес. Біздің шекараларымыз ашық жатыр, тек Қазақстан мен РФ-тың ғана халқы емес, жалпы барлық азаматтар еркін қозғалады. Сондықтан Ресейдегі қауіпсіздік бізге де тікелей қатысты. Террористік топтар әдетте трансұлттық сипатқа ие. Солтүстік Кавказдағы радикалдардың біздің батыс облыстарға қандай теріс ықпалы болғаны есімізде. Бұл жерде ешқандай иллюзия болмауға тиіс», – деді сарапшы Facebook парақшасында.

Екіншіден, Президенттің Біріккен ұлттар ұйымын «бейбіт азаматтарға қарсы зорлық-зомбылықтың қабылданбайтыны» туралы нық мәлімдеуге шақыруы бекер емес.

«Меніңше, осы арқылы Президент бүгінде БҰҰ мүшелерінің терроризммен күрес проблемасын екінші орынға сырғытуы жаңсақ болғанын және тәсілдемелерді қайта қарап, өзектілендіру қажеттілігін ескертті. Бәлкім, БҰҰ тарапынан жаңа тәсілдер және жаңаша, пәрменді тетіктер керек шығар. Бәлкім, оларды БҰҰ Бас ассамблеясында және Орталық Азияның алаңдарында да жариялаған жөн болар. Шынында, өңір елдері үшін Ауғанстан басты проблема емес. Қазақстанда, өзге елдерде Талибанның неодеобандизм идеяларын ешкім де ерекше қолдап отырған жоқ», – деген пікір білдірді Президент жанындағы ҚСЗИ директоры.

Мәселенің үшінші қыры да бар.

«Терроризм мен радикалды ағындар проблемасы Қазақстан үшін де көкейкесті. Радикалды ұйымдардың жақтаушылары тек тіл мен ойдың жиһадына берік деп ойлап, аңқау болмайық. Зорлықшыл «жиһадты» ешкім де жоққа шығармайды, ендеше біздегі ұйқыдағы ұяшықтары ерте ме, кеш пе, оянуы мүмкін. Сол себепті, менің ойымша, Қазақстан мен Орталық Еуразиядағы терроризм түйткілдерін қайтадан салмақты зерттеуіміз қажет. Бұған қоса, зайырлылық идеологиясын, шетелдік ықпалсыз мемлекеттік діни білімді ілгерілету жайын, қауіпсіздік пен қоғамдық мінез-құлық қағидаларын пысықтау керек», – деді Еркін Тұқымов.

Өз кезегінде британдық The Guardian сарапшылары егер Мәскеудегі алапат терактінің артында шынымен «ИГИЛ-Даиш» лаңкестері тұрса, онда бұл бүкіл Орталық Азияға да қауіп төндіруі мүмкін екенін қаперге салды. Осыған қатысты алғашқы деректер белгілі болысымен, Қазақстан лидерінің Қауіпсіздік кеңесін шұғыл жиюына осы ықпал етсе керек.

«ИГИЛ содырларының Мәскеу түбіндегі «Крокус» концерттік залына шабуылы терроршылардың енді өз күш-жігерін Ресейге шоғырландырып жатқанын куәландырады. Ауғанстаннан 2021 жылы америкалық әскерлер шығарылғалы, жергілікті экстремистер РФ пен Орталық Азия елдерін нысанаға алды және Иранда терактілер ұйымдастырды. «Крокус Сити Холға» шабуыл үшін жауапкершілікті «ИГИЛ» террористік ұйымының ауғанстандық өңірлік ұяшығы – «Қорасан Ислам мемлекеті провинциясының» мүшелері өз мойнына алғаны туралы хабар тарады. Бұл ұйым 2017 жылғы Санкт-Петербург метросындағы жарылыс сияқты Ресейдегі өзге де бірнеше ірі терактілерге жауапты болған. Сонда 15 адам қаза тауып, 45 адам жараланған», – деп жазды The Guardian шолушысы Эндрю Рот (Andrew Roth).

The Guardian америкалық күш құрылымдар, барлау органдары Ауғанстанда «ИГИЛ» мүшелерінің белсенділігінің артқаны, лаңкестер жаңа шабуылдарды әзірлеп жатқаны туралы биылғы наурыздың басында Мәскеуді құлағдар еткенін еске салды. Яғни, Ресейдің одақтасы саналатын Қазақстан мен Орталық Азия елдері қамсыз отырмағаны жөн.

Британдық басылымның сарапшылары 2015 жылы негізінен, Пәкістан және Өзбекстан азаматтарынан құралған содырлар тобының мүшелері Орталық Азия мен Ресей аумағында белсенді жұмыс істейді деген тұжырымға келді. Биылғы қаңтарда олар Иранда қосарланған жарылыстар ұйымдастырып, шамамен 100 адамның түбіне жетті.

«ИГИЛ-Даиш пен оның одақтастары Ауғанстанды паналауын жалғастырды. Онымен қоймай, олар ары қарай ел ішінде және оның сыртында төл желілерін дамытып жатыр. Олардың мақсаты мұнымен шектелмейді. Олар бүкіл әлемде өздерінің экстремистік идеологиясын қолдамай, қарсы шығатындардың бәріне шабуыл жасауға үндеді. Тәліптер өзіне балама бұл топты басып-жаншуға тырысты, бірақ күші жетпеді», – деді АҚШ Орталық қолбасшылығының қолбасшысы генерал Майкл Курилла (Michael Erik Kurilla).

Оның пікірінше, Иранға шабуыл «бұл лаңкестік топтың шетелде салмақты операциялар жүргізуге қауқары жететінін және соған құштарлығы барын паш етті».

Таяуда Ресейдің федералдық қауіпсіздік қызметі 7 наурызда осы топ мүшелерінің Мәскеумен шектесетін Калуга облысындағы синагогаға қарулы шабуылының алдын ала алғанын мәлімдеген болатын.

Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитеті де мәлімдеме таратты: «БАҚ-та Ресейдің күштік құрылымдарының РФ-та террорлық акті ұйымдастыруға әрекеті кезінде Қазақстанның екі азаматының көзі жойылғаны туралы ақпарат жарияланды. Бұл адамдардың Қазақстан азаматтары екені және Ресейге кеткені расталады». Бүгінде аталған факті бойынша ҰҚК сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізуде екен.

«2015 жылы Президент Башар Асадтың ИГИЛ-мен және оппозициямен тайталасына араласқан Ресей сириялық азаматтық соғыстың барысын өзгертіп жіберді. Содан кейінгі жылдары ИГИЛ күш-қуатын Ресейге қарсы шоғырландыра бастады. Соңғы екі жылда лаңкестер өз уағызында Мәскеуді аяусыз сынап жүр», – деді The Soufan Center сарапшысы Колин Кларк.

Осы орайда Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі өзін көрсетіп қалғанда жақсы болатын еді, алайда ол үнсіз. Оның орнына Мұсылман ғалымдарының дүниежүзілік одағы мәлімдеме жасап, Мәскеудегі терактіге Исламның еш қатысы жоқтығын жариялады. Бұл туралы түркиялық «Анадолу» агенттігі хабарлады.

«Ресей астанасындағы террористік операцияның Исламмен ортақ ештеңесі жоқ. Тіпті әлдекім лаңкестердің осы діннің өкілі екеніне сілтеме жасағанның өзінде бұл шынында жалған: олар Исламның емес, әлдебір өңірлік және халықаралық барлау құрылымдарының өкілі болуы мүмкін», – деген Мұсылман ғалымдарының дүниежүзілік одағының Бас хатшысы Әли әл-Карадаги бұл теракт халықаралық қоғамдастықтың назарын Газа мәселесінен аударып әкетуге бағытталуы ықтимал екенін жоққа шығармады.

Діннің асыл құндылықтарына берік адамдар әрдайым, әсіресе, қасиетті Ораза айында адам баласын өлтіруге бармас еді.


Дереккөз: inbusiness.kz