ТМД елдерінің қайсысында демалыс ұзақ болады? Ресейліктер 11 күн тынықса, қырғызстандықтар 10 күн демалуы мүмкін. Ал, Қазақстан тұрғындарын қандай жұмыс кестесі күтіп тұр?
Жаңа жылды бұл аймақ бір күнде қарсы алады. Бірақ мерекеден кейін еңбеккерлердің қанша күн «еркін тыныстайтыны» әр елде әртүрлі. Бір мемлекетте жұрт екі аптаға жуық тынықса, екінші елде бірер күннен кейін-ақ жұмысқа шығуға тура келеді. Кейбір елде мерекелік демалыс ерекше жағдайларға тәуелді, деп жазды inbusiness.kz сайты.
Қазақстан: төрт күн демалыс
Қазақстанда 2027 жылдың алғашқы күндері демалысқа қолайлы: 1 қаңтар – жұмаға, 2 қаңтар – сенбіге келеді. Сенбіге түскен мерекелік демалыс 4 қаңтар, дүйсенбіге ауыстырылады.
Сондықтан 5 күндік жұмыс аптасымен еңбек ететін қазақстандықтар 1–4 қаңтар аралығында қатарынан төрт күн демалады. Алайда одан кейін қайтадан жұмысқа шығу керек. Өйткені 5 және 6 қаңтар, яғни сейсенбі мен сәрсенбі – жұмыс күндері.
7 қаңтар, бейсенбіде православиелік Рождество аталып өтеді. Бұл күні жұрт тағы да демалады. Бірақ 8 қаңтар, жұма күні жұмысқа шығу міндет. Одан кейін сенбі мен жексенбі – әдеттегі демалыс күндері.
Қысқасы, қазақстандықтар үздіксіз емес, «үзіп-жұлып» демалады: төрт күн демалыс, екі күн жұмыс, бір күн мереке, тағы бір күн жұмыс. Содан кейін қайтадан демалыс басталады.
Жалпы, 2027 жылғы қаңтарда бес күндік жұмыс аптасымен істейтіндерді жалпы саны 18 жұмыс күні және 13 демалыс күні күтіп тұр.
Ресей: 11 күн демалыс, еңбек демалысын қосса – 16 күн
Жаңажылдық демалыс бойынша Ресей тұрғындары игілікке кенелді: олар 2027 жылдың қаңтарында қатарынан 11 күн тынығады. РФ-та ересектерге арналған «жаңажылдық каникул» 2026 жылғы 31 желтоқсаннан 2027 жылғы 10 қаңтарға дейін жалғасады. Жұрт жұмысқа тек 11 қаңтар, дүйсенбі күні шығады.
Мұндай ұзақ демалыс жұмыс күндерін ауыстырудың арқасында мүмкін болып отыр. Бірақ ол ауыстырудың схемасы қызық, шытырман, тіпті түсініксіз: РФ Үкіметінің қаулысына сәйкес, 2 қаңтар, сенбі күнгі демалыс жыл соңына – 2027 жылғы 5 қараша, жұмаға көшірілді. 3 қаңтар, жексенбінің орнына 2026 жылғы 31 желтоқсан демалыс болып белгіленген.
Бұдан да ұзақ демалуға мүмкіндік бар. Егер ресейліктер 28–30 желтоқсан аралығына еңбек демалысын алса, тынығу мерзімін 16 күнге дейін ұзарта алады. Көбісі солай жасайды. Мұндай жағдайда демалыс 26 желтоқсан, сенбіден басталып, 10 қаңтарға дейін жалғасады.
2027 жылы Ресей тұрғындарын барлығы 118 демалыс күні күтіп тұр. Жыл ішіндегі өзге де ұзақ демалыс күндері аз емес: 21–23 ақпан; 6–8 наурыз; 1–3 мамыр; 8–10 мамыр; 12–14 маусым; 4–7 қараша – демалыс күндері болып бекітілді.
Осылайша, Ресей тұрғындарында жыл бойы «отпускін» алдын ала жоспарлауға мүмкіндік мол. Ең бастысы, осы каникулдарда шетелге саяхатқа тайып тұрғысы келген әріптестердің алдын орап, дер кезінде еңбек демалысына өтінішті өткізіп алу маңызды. РФ заңнамасына сәйкес, көрші елде жыл сайынғы демалыста тек сенбі мен жексенбі ғана есептелмейді, мейрам күндеріне ақы төленеді.
Беларусь: Жаңа жылға үш күн, Рождествоға бір күн
Беларусьте де жаңа жылдық демалыс ұзақ болмайды. Бес күндік жұмыс аптасында 1, 2 және 3 қаңтар демалыс күндері болып белгіленген.
Жаңа жылдан кейін 4, 5 және 6 қаңтарда жұмысқа шығу керек. 7 қаңтарда православиелік Рождество тойланады. Бірақ келесі күні, 8 қаңтарда, қайтадан жұмыс басталады.
Беларусь Министрлер кеңесінің 2026 жылғы 3 қазандағы №499 қаулысына сәйкес, қаңтарда жұмыс күндерін ауыстыру қарастырылмаған. Сондықтан 2027 жылғы қаңтарда Беларусьте жұмыс 19 күнге немесе 151 сағатқа созылады. Салыстырғанда, желтоқсанда бұл көрсеткіш 174 сағатқа жетеді. Демек, бұл одақтастың тұрғындары бір жеңіл тыныстап, арқасын кеңге салғалы тұр.
Әзербайжан: төрт күн қатарынан демалыс
Әзербайжанда Жаңа жыл мерекесі 1 және 2 қаңтарда атап өтіледі. Бұл елде көктемде тойланатын Новруз мейрамының орны ерекше. Ол ежелден жаңа жылдың бастауы және табиғаттың жаңаруын білдіреді.
Ал, қаңтардағы ресми Жаңа жыл мерекесі (Yeni il) екі күнге созылады. Демалыс күндерін ауыстырудың арқасында әзербайжандықтар төрт күн қатарынан тыныға алады. Бұған 1 және 2 қаңтардағы мерекелердің демалыс күндеріне түсуі себеп болып отыр.
Қырғызстан: он күн демалуға мүмкіндік
Қырғызстандықтарға биыл билік жақсы тарту дайындап жатыр. Елдің еңбек заңнамасына сәйкес, жаңажылдық демалыс онсыз да 1–6 қаңтар аралығында жалғасады. Бұған қоса, 7 қаңтарда православиелік Рождество мерекесі бар.
Осылайша, тек заң бойынша жұрт 1–7 қаңтар аралығында қатарынан жеті күн демалады. Бірақ демалыс мұнымен аяқталмайтынға ұқсайды. Қырғызстан Министрлер кабинеті 8 қаңтарды да қосымша демалыс күні деп жариялауды жоспарлап отыр.
Егер бұл шешім қабылданса, қырғызстандықтар 1–10 қаңтар аралығында қатарынан он күн қыдыра алады.
Тағы бір маңызды жаңалық бар. 2027 жылғы 27 қаңтарда Қырғызстанда Президент сайлауы өтеді. Еңбек заңнамасындағы өзгерістерге сәйкес, сайлау күні де демалыс болып саналады.
Өзбекстан: Президенттен қосымша «сыйлық» күтілуде
Өзбекстанда алдын ала жасалған өндірістік күнтізбе бойынша жаңажылдық демалыс үш күнге созылады. 1 қаңтар жұмаға түседі. Одан кейін сенбі мен жексенбі келеді.
Алайда Өзбекстанда тұрғындар жыл сайын Президенттің қосымша демалыс жариялауынан үміттенеді. Өйткені Мемлекет басшысының қосымша демалыс күндерін белгілеуге және жұмыс күндерін ауыстыруға құқығы бар.
Өткен жылдары осындай шешімдердің арқасында қаңтардағы үш күндік демалыс бір аптаға жуық уақытқа созылған еді. Сондықтан биыл да демалыстың нақты қанша күн болатыны Президенттің тиісті жарлығына байланысты.
Тәжікстан: үш күндік сыпайы демалыс
Тәжікстанда да Жаңа жыл жұма күні басталады. Сондықтан тұрғындар үш күн қатарынан демалады. Үкімет қаңтар айына қосымша демалыс күндерін қарастырмады.
2026 жылғы 1 қазанда қабылданған №646 қаулыда 2027 жылғы кейбір демалыс күндерін ауыстыру белгіленген. Бірақ бұл қаңтарға қатысты емес. Құжат бойынша, 20 наурыздағы демалыс 26 наурызға, ал 4 қыркүйектегі демалыс 10 қыркүйекке ауыстырылады.
Украина: соғыс жағдайында демалуға мүмкіндік жоқ
Украинада қан-қасап қырғын басталғалы, Жаңа жыл мерекесіне қатысты бұрынғы бейбіт демалыс тәртібі өзгерген. 1 қаңтар күнтізбеде мемлекеттік мереке болып қала береді. Бірақ бұл күні тұрғындарға міндетті демалыс енді берілмейді. Бұл елдің қорғанысқа тас-түйін жұмылуымен байланысты.
Бұл шектеу соғыс жағдайы кезінде еңбек қатынастарын реттейтін №2136-IX заңмен енгізілген. Аталған заңға сәйкес, соғыс жағдайы кезінде Еңбек туралы заңдар кодексінің 73-бабындағы мерекелік және жұмыс істемейтін күндерге қатысты талаптар қолданылмайды.
Молдова: Жаңа жылда 3 күн, Рождествода 4 күн демалыс
Молдовада Рождество мерекесі екі рет атап өтіледі. Сондықтан қаңтардағы демалыс күндері де екі кезеңге бөлінген.
1 қаңтар, жұма – ресми демалыс күні. Оған сенбі мен жексенбі қосылып, тұрғындар үш күн тынығады.
Ал, 7 және 8 қаңтарда елде Рождество ескі күнтізбе бойынша тойланады. Бұл күндер бейсенбі мен жұмаға түсіп тұр. Одан кейін сенбі мен жексенбі жалғасады. Нәтижесінде, молдовалықтар 1–3 қаңтарда үш күн, 7–10 қаңтар аралығында төрт күн қатарынан демалады.
Армения: мерекелердің арасында жұмысқа «үзіліс»
Арменияда жаңажылдық демалыс кестесі өзгеше. Мерекелік кезең 31 желтоқсаннан 6 қаңтарға дейін жалғасады. Бірақ бұл күндердің барлығы демалыс емес.
31 желтоқсан, 1 және 2 қаңтар – демалыс күндері. Ал, 6 қаңтарда Рождество мен «Құдайдың аян беру» мерекесі аталып өтеді. 7 қаңтар да ерекше күн саналады. Бұл – «Қайтыс болғандарды еске алу күні». Ол да ресми демалыс болып белгіленген.
Алайда армянстандықтар жеті күн қатарынан демала алмайды. 31 желтоқсаннан 3 қаңтарға дейін тыныққан тұрғындар 4 және 5 қаңтарда жұмысқа шығуға тиіс. Одан кейін 6 және 7 қаңтарда қайтадан демалады. Яғни, Жаңа жыл мен Рождество ортасында екі жұмыс күні бар.
Жаңа жылды мерекелеуде қай ел алда?
2027 жылғы қаңтарда ТМД елдерінің тұрғындары әртүрлі жағдайда демалады. Біреулер ұзақ каникулға шықса, енді біреулер үш-төрт күндік демалыспен шектеледі.
Ең ұзақ демалысты дәстүрлі түрде Ресей еншіледі. Мұнда тұрғындар қатарынан 11 күн тынығады. Қырғызстан да Ресейге таяу көрсеткішке қол жеткізуі мүмкін: егер 8 қаңтар қосымша демалыс болып жарияланса, тұрғындар он күн қатарынан демалады.
Қазақстандықтар Жаңа жылда төрт күн, Рождествода тағы бір күн тынығады. Молдовалықтарға Рождество мерекесінде төрт күндік демалыс беріледі. Өзге елдердің тұрғындары үшін демалыс мерзімі салыстырмалы түрде қысқа болады.
Бір елде жұртшылық жағаны жайлауға жіберіп, Жаңа жылды асықпай атап өтсе, енді бірінде еңбеккерлерге мерекелік дастарқаннан кейін жұмысқа жүрігуге тура келеді. Көрші елдердегі демалыс кестесі осылайша әртүрлі қалыптасқалы тұр.
Дереккөз: inbusiness.kz